Су тасқыны. Атыраудағы ахуал
Атырау өңірінде Жайық өзенінің су деңгейі қауіпті межеден асты. Индер ауданында 884 сантиметр болса, Махамбет ауданында 860.
Дегенмен қауіп жоқ. Өйткені алдын ала тұрғызылған бөгеттер суды ұстап тұр. Өңірдегі ахуалды қазір әріптесім Асланбек Шығыр тікелей эфирде баяндайды.
Асланбек Шығыр, тілші:
Атырау облысындағы екі ауданда су деңгейі қауіпті межеден асып кетті.
Ал Атырау қаласында қауіпті деңгейге дейін жарты метрдей бар. Қазір гидробекеттегі деңгей 496 сантиметр болып тұр.
Махамбет ауданында су тасқыны қаупіне байланысты жедел штабтың шешімімен бүгіннен бастап балабақшалардың жұмысы тоқтады. Қазір Махамбет ауданында 22 эвакуациялық пункт дайын тұр. 30 тонна гуманитарлық көмек жинақталған. Елді мекендерді су басқан жағдайда 24 жолашылар көлігі тұрғындарды көшіруге әзір.
Көне Сарайшық қалашығы осы Махамбет ауданында орналасқанын айта кетейік. Бүгінде археологиялық қазба орындарын су тасқынынан қорғау үшін бөгеттер салынып, жаға бекіту жұмыстары толық аяқталған. Қазір аудандарда әр қауіпті аймақта тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, жағдай толық бақылауға алынған.
Индер ауданында бір тәулікте Жайық өзенінің деңгейі 32 сантиметрге көтерілді. 1500 мал қауіпсіз аймаққа көшірілді. Сонымен қатар Индер ауданында 20 тонна азық-түлік қоры дайын тұр. Ауданға қарасты Құрылыс және Жарсуат ауылдары қауіпті аймаққа жатады. Сондықтан ондағы бөгеттер үнемі бақыланып отыр. Қазір Тараз қаласынан келген 52 сарбаз, төтенше жағдайлар департаментінің 21 қызметкері мен арнайы техникалар дайын тұр.
Еске сала кетелік, Жарсуат ауылында 2200, Құрылыс ауылында 700 адам тұрады. Бұл ауылдың тұрғындары үшін эвакуациялық пункт ретінде Индербор кенті белгіленді.
Тасқыннан зардап шеккен Құлсары қаласы бойынша да ақпарат беріп өтейін:
Қазір Құлсары қаласының 75 проценті судан тазартылды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Мүлікті бағалауға 2 мердігер мекеме жұмылдырылған. 200-ге жуық кәсіпкерлік нысанның бүлінгені белгілі болды. Қазір арнайы комиссия шығын көлемін есептеп жатыр.