Алматылық балалар қалдықтан мыңнан астам бұйым жасады

Тазалық балалықтан басталады. Алматыдағы балабақшалардың бірінде ерекше экологиялық жоба бар, деп хабарлайды 24KZ

Бүлдіршіндер ұстаздар көмегімен қалдық заттар мен бос құтылардан жиһаз, ойыншық және оқуға қажетті көрнекі құрал жасайды.

Ерекше жоба 5 жыл бұрын басталды. Содан бері балалар ұстаздардың және ата-аналардың көмегімен мыңнан астам бұйым жасапты. Олардың арасында логопедтік сабақтарға арналған «Қақпақтар қалашығы» жобасы бар. Ол қақпақтардан жасалған кілемдерге ұқсайды. Тың әдіс баланың ой-өрісін, қарым-қабілетінің дамуына көмектеседі. «Қақпақтар қалашығы» әдісін лицензиялап, патент алыпты.

Айнұр Әлімбекова, балабақша меңгерушісі:

- Біз таза қала үшін жұмыс жасаймыз. Біздің балабақшаның бүлдіршіндері қонаққа барса да, ішілген бос бөтелкелерді, бос қақпақшаларды біздің балабақшаға алып келеді. Бұл жақта балаларды үнемділікке, ысырапшылдыққа жол бермеуге үйретеміз. Сонымен қатар «Таза қала» акциясы бізде өтілді, соған да көп атсалыстық.

Әр топтағы бүлдіршін ойыншықты бүлдірмейді. Керісінше, қолда бар заттан жаңа бұйым жасауға үйренеді. Бұл бір жағы таза ауада атқарылатын әдістемелік ойын іспетті. Мысалы, бірінші топтағы балалар тәтті балмұздақ жасаса, келесі топтағылар жүгері қуырды. Одан кейін сурет салады. Бүгін №37 балабақша ұжымы өзге әріптестерімен тәжірибелерін бөлісті.

Қарлығаш Ақмырзаева, Алатау аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Балаға барлық жағдай жасалып отыр. Себебі бірінші кезекте бізде баланың ойын, оны еңбекке баулу, сонымен қоса баланың моторикасын дамыту, баланың еңбекке қабілеттілігін арттыру. Міне, осының барлығын біз осы семинарда көрсете отырып, басқа да балабақшалар іс-тәжірибе ретінде шеберлік сабақтарынан үйреніп алып, өз балабақшаларында көрсетуді мақсат етіп отырмыз.

Мұндағы балалар әр заттың құнын біліп, тазалық тәрбиесін меңгереді. Пилоттық жобаның мақсаты – бүлдіршіндерді экологиялық сауаттылыққа үйрету, табиғатқа жанашырлық танытуды бала күнінен бойына сіңіру.

 Авторлары: А. Садуақас, В. Лобанов.