Маңғыстау облысында улы көл маңындағы қауіпті алқапқа сексеуіл егіледі
Маңғыстау облысындағы «Қошқар ата» қалдық қоймасының айналасына сексеуіл егіліп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Бұл уран қалдықтары көмілген улы көлден ұшатын топырақ көшкінін тоқтатуға мүмкіндік береді. Ал, шөлге төзімді өсімдік отырғызу жұмыстарына эксперименталды ботаникалық бағының мамандары жұмылдырылды.
«Қошқар ата» улы көлінің радиациясынан қорғану үшін сексеуіл егу жобасы 2021 жылы басталған болатын. Қазір ұзындығы 4 шақырым, ені 100 метр 40 гектар алқапта 150 мыңдай сексеуіл өсіп тұр. Алғашында шөлге төзімді өсімдіктердің биіктігі небәрі 25 сантиметр болса, қазір 2 метрден асады.
Әкімжан Лұқманов, Маңғыстау эксперименталды ботаникалық бағының аға инженері:
- Бұл жобамыз сәтті болды. Осы алқап улы заттардан және зиянды зиянкестерден халықты және елді мекендерді қорғап тұр.
Шамамен жарты ғасыр бұрын өңірдегі үш өнеркәсіптік зауыттың радиоактивті қалдықтары осы қоймада сақталған. Қазір жасанды көл құрғап, улы шаң көтерілетін аймаққа айналды. Мамандар түрлі сынама алып, мәселенің мән-жайын анықтап жатыр.
Әсел Балманова, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы:
- Сынама қорытындысы бойынша радиациялық қор болатын болса, әрі қарай қалай жұмыс жасау керектігі туралы алгортим құрылады. Бұл туралы нақты тапсырма бар. Осы нақты тапсырмаға сәйкес кешенді жоспар қабылданады.
Ақжүніс Иманбаева, Маңғыстау эксперименталды ботаникалық бағының бас директоры:
- Жыл сайын бізде 30 мың толықтыру жүргізілу керек. Егер де нәтижесі төмен болса. Бірақ біздің жобада 80%-тен астам жақсы нәтиже алдық. Негізінде жоба бойынша 60% нәтиже алатын болсақ, онда жоба сәтті орындалған деп есептеледі.
Жалпы улы көлдің айналасына сексеуіл егу жобасы 3 кезеңнен тұрады. Мамандар алдағы жылдары тағы 80 гектарға осы өсімдік отырғызуды жоспарлап отыр. Нәтижесінде «Қошқар ата» радиациялық қоймасының 160 гектар аумағы қамтылмақ.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Тамара Степанова, Саламат Бекбаев