«Самұрық-Қазына» қызметкерлері «Таза Қазақстан» акциясына қатысты
«Самұрық-Қазына» компаниялар тобы «Таза Қазақстан» акциясына белсенді түрде атсалысып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Қызметкерлер биыл жүз мыңнан астам көшет отырғызды. Соның ішінде бүгін 10 мыңнан астамын «ҚазМұнайГаз» ұжымы екті.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Суыққа қарамастан компания қызметкерлері демалыс күнін игі бастамаға арнап отыр. Олар жасыл белдеуді жаңа шырша көшеттерімен толықтырды. Бұл жұмыстар бір мезетте елдің өзге аймақтарында да жүргізілген.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:
- Биыл біз 4 млн-нан астам сексеуіл ағаштарын Арал жанында отырғыздық. Одан басқа осындай сенбіліктер «Самұрық-Қазынаның» еншілес компаниялармен біз жүздеген тонна қоқысты жинадық. Бұл жұмыс біз үшін маңызды болып табылады.
Акция аясында компаниялар тобы сенбілікті жиі ұйымдастырады. Еңбек ұжымы биылдың өзінде 434 сенбілікке қатысып, 500 тоннадан астам қоқыс жинаған. Сонымен қатар қалдықтарды сұрыптау үшін өндіріс орындары мен кеңселерге арнайы жәшіктер қойылған.
Елдос Өмірзақ, «Самұрық-Қазына» АҚ Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығының бас директоры:
- Жылдың басында 30 мыңнан астам ағаш егілген болса, жылдың соңына дейін бүгіннен бастап 70 мыңнан астам ағаш егіледі. Барлығы белсенді түрде осы шараны қолдап, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, барлығы осы жерде. Жұмысшыларды біріктірудің, ортақ жұмыстың бар екенін көрсетуге үлкен іс-шара деп ойлаймын.
Экологиялық акцияға белсене атсалысқан қызметкерлер марапатталып отырады. Сондай-ақ экологтардың қатысуымен семинарлар өткізіліп жатыр. Осындай шаралар арқылы еңбек ұжымының қоршаған ортаны қорғау мәдениетін дамытуға басымдық берілген.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Арман Ақшабаев