Депутат: Балық шабақтарын банкте ақша санайтынға ұқсас құрылғымен санауға болады
Акваөсіру туралы заң жобасы елдегі балық шаруашылығын ширата түседі.
Осы ретте шаруашылықты дамытудың екі жолы барын ескерген жөн. Шаян, асшаян, буынаяқтылар мен балықтың түр-түрін арнайы шаруашылықта өсіру бөлек те, ал оларды өзен-сулардан аулау өз алдына жеке мәселе. Осылай деген мәжіліс депутаты Сергей Пономарев саладағы өзекті мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі су қоймалары сарқылған. Жаңа жоба шабақ өсіріп, оны табиғи ортаға жіберуді көздейді. Бірақ, балықты заңсыз аулауға қарсы күресті қоса күшейту керек дейді, депутат. Бұл ретте су инспекторларының тапшылығы қолбайлау боп тұр. Бұрын 700 инспектор болса, қазір оның саны 300-ге дейін қысқарған. Мәселен, Балқашта 7 инспектор жүрсе, Қапшағайдағы бақылауды үшеуі ғана жүргізеді. Браконьерлерге қарсы тұру үшін оларды заманауи техникамен, қайықтармен жабдықтау қажет.
Сергей Пономарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Тағы бір мәселе. Банкке барғанда ақшаны арнайы құралда санайтынын көреміз ғой? Майшабақты да дәл солай санауға болады. Ол үшін арнайы жабдық керек. Екі министрге кезінде осыларды алдыру туралы айтқанмын. Бірақ министрліктер де, кәсіпкерлер де алғысы келмеді. Ойлап қарасақ, бір шелекте 100 не 500 шабақ болуы мүмкін. Әрқайсысының бағасы 65 теңге. Ал енді санаңыздар: кейбіреуі 100 мыңын суға жібердік дейді. Ал шын мәнінде 11 мыңын ғана жіберуі мүмкін. Енді міне балық шаруашылығының комитеті арнайы санау жабдықтарын алып береді. Олар 4 бассейн инспекциясына қойылмақ.
Акваөсіру туралы заң: жаңа жобада қандай жеңілдік бар?
Акваөсіру туралы заң жобасында инвесторларға тиімді ұсыныстар қамтылған. 500 млн теңге құятын кәсіпкерлерге Каспийдегі су аумақтарын ешбір байқаусыз бөліп беру ұсынылып отыр. Сондай-ақ балық шабақтары мен жеміне субсидия қарастырылған. Шаруашылыққа қажет су бағасын төмендету үшін де арнайы жеңілдік берілмек. Бұдан бөлек су қоймаларын жалға беру мерзімі ұзартылуы мүмкін. Бұған дейін 5 жылдан 25 жылға дейін берілсе, енді 10-нан 49 жылға дейін ұзарту ұсынылып отыр.