Каспий жағалауындағы итбалық өлексесінің саны екі мыңға жуықтады

Каспий жағалауындағы итбалық өлекселерінің саны екі мыңға жуықтады.

Теңіз сүтқоректілерінің ұшалары Түпқараған және Қарақия ауданында табылған. 18 қараша күні балық инспекциясының мамандары шекара қызметімен бірлесіп, Құлалы, Теңіз, Подгорный аралдары, Қаражанбас және Қаламқас жеріне барлау жүргізді. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде жағажайда 834 итбалықтың өлексесі табылған. Әзірге ғалымдардың теңіз суынан және итбалықтан алған сынама қорытындысы шыққан жоқ.  

Дәурен Гарабаев, облыстық Балық инспекциясы басқармасының бас маманы:

- Қазіргі таңда қорытындысын күтудеміз. Гидробиология және экология ғылыми ұйымының болжамы бойынша теңіздің ластануынан болуы мүмкін деген болжам бар. Балық шаруашылығы комитетінің болжамы бойынша теңіздің жерасты сілкінуінен, сондай табиғи құбылыстардан болуы мүмкін. Мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жүргізіле береді.