«Қазақмыс» Балқаштың экожүйесін сақтау үшін $5 млн бөледі

«Қазақмыс» корпорациясы Балқаш көлінің экожүйесін сақтауға 5 миллион доллар бөледі. Компанияның бастамасы Сауд Арабиясындағы су жөніндегі жаһандық One Water саммитінде жария етілді. Әлемдегі ірі су айдындарының бірі Балқаш көлін сақтау мен қалыпқа келтірудің халықаралық маңызы зор.

Балқаш тағдыры миллиондаған адамның өмірімен байланысты. Сондықтан көлдің экожүйесін жақсартып, оның биоалуандылығын сақтау ел болашағы үшін үлкен маңызға ие. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары көлдегі су деңгейі төмендей бастаған.

Жаһандық One Water саммитінде су айдынын сақтауға бағытталған жобалар жарияланды. Бастаманы «Қазақмыс» корпорациясы қолға алған. 

Зүлфия Сүлейменова, ҚР Президентінің кеңесшісі – Халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі:

- Назар аударуды қажет ететін ішкі су айдындары бар. Соның бірі – Балқаш көлінің жай-күйі. Оның ерекшелігі жарты бөлігі тұзды да, ал келесі жартысы тұщы су болуында. Сондай-ақ көлдің оңтүстік тұсында халықаралық маңызы бар және Рамсар Конвенциясына енгізілген сулы-батпақты жерлер бар. Оны қорғап, сақтаудың маңызы зор. Қазақстандағы жетекші компания «Қазақмыс» корпорациясы көлдің осы экожүйесін сақтауға 5 миллион доллар көлемінде қаржы бөлетінін жариялағым келеді.

Көлдің тағдырына алаңдаушылық білдіріп, оған өзіндік үндеуін қосқан «Қазақмыс» бастамасы әлем қауымдастығының назарын аудартты. Бұл отандық бизнестің экологиялық жауапкершілігінің айқын көрінісі.

Зүлфия Сүлейменова, ҚР Президентінің кеңесшісі – Халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі:

- Жеке сектордағы компаниялардың мұндай ауқымды бастамаларды қолға алып, су экожүйесін қорғау мен сақтауға өз үлесін қосуға әзірлігін зор қуанышпен қабылдаймыз.

Алдағы 5-10 жылда жүзеге асырылатын бастамалар Балқаш экожүйесінің жағдайын жақсартуға, көлдің табиғи ресурстарын қалыпқа келтіруге мүмкіндік береді. Бұл шаралар көлді болашақ ұрпақ үшін өмірлік маңызы бар табиғи әрі экономикалық ресурс ретінде сақтап қалуға көмектеседі.

Авторы: Қуандық Танабас.