Елордада «Таза Қазақстан» платформасында өтініш қабылдау белсенді жүріп жатыр
Елордада «Таза Қазақстан» онлайн-платформасы арқылы тұрғындардан өтінімдерді қабылдау белсенді жүріп жатыр.
Ұлттық акция асында қосылған чат-ботта әрбір азамат қаланы абаттандыруға байланысты мәселесімен бөлісе алады. Бүгінде жүйеде мыңнан астам өтініш тіркелді. Оның 870-і орындалды, 8-і іске асып жатыр, ал 148 өтінім түсіндіру жұмыстарынан кейін жойылды дейді жауаптылар.
Экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған чат-бот бірнеше проблеманы бірден шешеді. Көшеде жатқан қоқыстан бастап, жанып кеткен жарық шамға дейін ақпараттың бәрі осында түседі. Платформа іске қосылғалы азаматтардың белсенділігі жоғары.
Айнұр Әкімсал, «Таза Қазақстан» платформасының модераторы:
- Біз осы уақытқа дейін 1000-нан аса өтінімдерді қаралды. Оның ішінде Алматы райыоны бойынша 200-ге жуық өтініш қаралды. Есіл ауданы бойынша 300-ден аса өтініш қаралды. Нұра ауданы бойынша 222 өтініш қаралды, Сарыарқа, Байқоңыр аудандары бойынша 100-ден астам өтініштерді жаптық. Таза Қазақстан телеграмм чат-боты ыңғайлы тиімді және 24/7 жұмыс жасайды.
Тұрғындардан түсетін өтініштердің дені абаттандыру, жарықтандыру мәселелері, жолдарды жөндеу, көгалдандыру және рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жоюға қатысты. Чат-ботқа түскен өтініш пен шағымдардың басым бөлігі орындалған.
Айнұр Әкімсал, «Таза Қазақстан» платформасының модераторы:
- Азаматтар абаттандыруға байланысты, тұрмыстық қалдықтар және де әртүрлі өз аудандарындағы мәселелер бойынша өтінімдер жібере алады. Біз оларды қабылдаймыз. Азаматтар өздерінің орындаушы кім екенін және қай уақытта орындалатынын біліп отырады. Фото есеппен бірге жауабы келетін болады.
«Таза Қазақстан» чат-ботының рейтингі 4 балды құрайды. Қараша айында қалада платформаның рейтингі өскен. Бұл астаналықтардың платформа жұмысына риза екенін білдіреді.
Ғазиза Мұхамеджанова