Алматының ботаникалық бағындағы құстар мен тиіндерге азық жағынан көмек керек
Алматының ботаникалық бағы тұрғындарды құстарға жем-азықпен көмектесуді үндеп отыр.
Себебі ондағы қанаттылар мен тиіндер қыста азық таба алмай қиналады екен. Былтыр баққа 110 жем-салғыш орнатылған. Енді солар бос қалмаса, дейді қызметкерлер. Олардың барлығын толтыруға 20 келі астық кетеді. Бұл құстарға бір аптаға жетеді. Наурыз айының соңына дейін кем дегенде 200 келі жем қажет. Құстарға тұздалмаған, қуырылмаған пісте, дайын жем-азық, шағылған жаңғақ пен тұздалмаған, май ғана жарайды. Бұдан өзгесін беруге болмайды. Орнитологтардың айтуынша, ботаникалық бақта құстардың 350-ге жуық түрі кездеседі. Кейбірі қыстап кетуге ғана келеді. Ал шымшық, саңырау құр, қырғауыл, қараторғай, таулы шекілдек сияқты қанаттылар, бұрыннан тұрақтап қалған.
«Құстар бақтың сәні ғана емес. Сонымен қатар өсімдіктерді зиянкестерден қорғайды. Оларға қамқорлық жасағымыз келді»,- дейді бақ қызметкерлері.
Мәдина Измайлова, ботаника және фитоинтродукция институтының ғылыми қызметкері:
- Ұя басқан кезде бір шымшықтың өзі балапанын тамақтандыру үшін 300 рет ұшып шығады. Екі-үш балапан болса, қанша рет жем таситынын есептей беріңіз. Ол жоқ дегенде 2 гектар жердегі жасыл желекке зиян келтіретін құрт-құмырсқаны тазалайды. Соның нәтижесінде біз химиялық өнімдерді пайдаланбаймыз.