Дж.Крол «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі АҚШ павильонының комиссары атанды

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джордж Крол «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі америкалық павильонның комиссары болып жарияланды.

Мұндай шешім Вашингтонда өткен IV Қазақстан-АҚШ Конвенциясының аясында қабылданды.

Марджери Краус, Америкалық павильонның ұйымдастырушы-компания басшысы:

- Көрме жұмысына қатысуға қызығушылық танытқан көптеген америкалық компаниядан өтінімдер алдық. Қазір біз олардың санын арттыруға күш салып жатырмыз. Америкалық павильон инновациялық жаңашылдыққа құрылады. Осы арқылы Қазақстандағы инновациялық технологиялар саласына инвестиция құйылып, жаңа жұмыс орындары ашылады деп сенеміз. Бұдан басқа энергияны тиімді пайдалануға қатысты тың идеялармен бөлісетін боламыз.

Джордж Крол, АҚШ-тың ҚР-дағы елшісі, «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі америкалық павильон комиссары:

- «Болашақ энергиясы» тақырыбы Қазақстан мен Америка арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал етеді. 25 жыл бұрын АҚШ-тың ірі компаниялары Қазақстанның энергетика саласына қаржы құйып, іргелі өзгерістің тікелей куәсі болды. Қазіргі бағытымыз – «Болашақ энергиясы». Америкалық павильонның дизайнына ерекше мән беріп отырмыз. Осы көрме арқылы бүкіл әлемнің жаңа технологиялардың қажеттілігіне ерекше назар ауатыны даусыз.