IRENA «ЭКСПО-2017» көрмеcіне қатысу туралы келісімшартқа қол қойды

Энергияның жаңғыртылатын көздері жөніндегі халықаралық агенттік «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатынын растады.

Бұл туралы шартқа ұйымның бас директоры Аднан Амин және EXPO-2017 комиссары Рәпіл Жошыбаев қол қойды.

Жаңғыртылатын энергияның күн өткен сайын өзектілігі артып барады. Мемлекет басшылары мен сарапшылардың айтуынша, баламалы қуат көздерін EXPO-2017 көрмесінің басты тақырыбы етіп алу дер кезінде қабылданған көреген шешім болды. Ал Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың келер жыл басында «Болашақ энергиясы» Дүниежүзілік саммитіне қатысуы елімізді уақытқа сай алға басқан держава екенін көрсетеді екен.

Анка Вестлей, Abu Dhabi Sustainability Week & Special projects директоры:

- Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақ энергиясы» Дүниежүзілік саммитіне қатысуға келісім беруі біз үшін өте маңызды. Себебі бұл іс-шара барысында қарастырылатын басты мәселе сіздің Президентіңіз «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі үшін басты етіп жариялаған тақырыппен байланысты.

Сондай-ақ Рәпіл Жошыбаевтың сапары кезінде Энергияның жаңғыртылатын көздері жөнінен халықаралық агенттіктің «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатыны туралы шартқа қол қойылды.

Айта кеткен жөн, бұл ұйым осы көрме тақырыбына аса жоғары қызығушылық танытып отыр.

Аднан Амин, «IRENA энергияның жаңғыртылатын көздері жөнінен халықаралық агенттігі» бас директоры:

- Президент Нұрсұлтан Назарбаевты Абу-Дабиде, соның ішінде IRENA штаб-пәтерінде көру мен үшін зор ғанибет. Қазақстанда болған кезде сіздің елдің және Президентіңіздің баламалы қуат көздеріне зор үлес қосуға деген талпынысына таң қалдым. Біздің Агенттік EXPO-2017 көрмесіне белсенді қатысып, Қазақстанмен бірлесіп, болашақ энергиясын дамыту жөнінен халықаралық қауымдастыққа ықпал ететін болады.

Рәпіл Жошыбаев, EXPO-2017 халықаралық көрмесінің комиссары

- Меніңше, IRENA өзімен бірге көптеген қызық нәрсе алып келеді, ол біздің көрмеге зор үлес қосып, жаңғыртылатын қуат көздерінің саласындағы мамандарымызды тәжірибеден өткізуге дайын. Олар еріктілер ретінде жұмыс жасап, еліміздің жасыл экономикаға көшуі жөнінен жол картасы бойынша жұмыс атқарады.

Біріккен Араб Әмірліктері өз ұлттық павильонын безендіру үшін әлемдегі ең ірі көрме және музей әзірлеушісі Ralph Appelbaum Associates компаниясын шақыртыпты. Осы орайда дайын жобаны EXPO-2017 көрмесіндегі БАӘ ұлттық павильон комиссары Салем аль-Амири ұсынды.

Салем Аль-Амири, «Астана EXPO-2017» көрмесіндегі БАӘ ұлттық павильон комиссары:

- Біздің павильон көрмедегі ең үлкен павильондардың бірі болады, біз дайынбыз. Ұйымдастыру жағынан да сақадай саймыз. Павильонды қаңтар айынан бастап безендіруді көздеп отырмыз.

Жалпы Біріккен Араб Әмірліктері EXPO-2017 көрмесіне қатысатынын ресми түрде растаған алғашқы Таяу Шығыс елі. Ал EXPO-2017 халықаралық көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаевтың айтуынша, көрме аясында Астанада 112 ел және 18 халықаралық ұйым өз павильонының есігін айқара ашады.

Авторлары: Әйгерім Ақсақалова, Асан Төлеу

Аударған: Г.Абилова