366.86 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Туризм саласы 20 млн доллар жоғалтты

  • 659
  • UPD: 12:05, 24.09.2018

Туризм саласындағы аздаған өсімге сарапшылар ЭКСПО көрмесінің өтуі әсер етті деп болжайды.

Соңғы жылдары туризм саласының жағдайы көңіл көншітпейді. Бұған бірнеше себеп бар. Ол жайында алдағы уақытта толығырақ айтамын. Басты ақпараттық арнадан алыстамаңыздар.

Еліміздің туристік саласы жарты жылда 20 миллион доллар жоғалтты. Қазақстандықтар 6 айда қыруар қаржыны өзге елдің қазынасына құйған. Қазір еліміз туризм саласындағы көрсеткіш бойынша 81-орында тұр. Посткеңестік елдер ішінде Эстония ғана 136 елдің ішінде 37-орынға тұрақтаған. Негізінен тізім 14 критерий негізінде жасалады. Оның ішінде баға деңгейі, туристік қызмет көрсетудің сапасы, табиғат ресурстары, қылмыстық деңгейдің төмен болуы ерекше рөл атқарады. Kazakh Tourism компаниясы еліміздің тұмса табиғаты ғана талапқа сәйкес келетінін ашық айтты. Ал қалған көрсеткіштер бойынша сұранысқа сай емес. Оған қоса әуе билеттерінің қымбаттауы да туристердің келуіне кедергі болып отыр. Осы орайда кәсіпкерлер саланы дамытуда мемлекет тарапынан қолдау керектігін жеткізді. 

Сарапшылардың айтуынша, ішкі туризмнің дамуына әсер ететін бірнеше фактор бар. Соның бірі – шығындардың артуы. Есеп комитетінің мәліметінше, биыл қазақстандықтардың шығыны өткен жылмен салыстырғанда 11,5 пайызға артқан. Жыл басында әрбір тұрғын шамамен 148 мың 334 теңге жұмсаған. Көрсеткіш былтырға қарағанда 15 мыңға көбейген. Ал кей өңірдің тұрғындары қаржысының 1 пайыздан астамын демалуға жұмсайды екен.

ЕАЭО елдерімен салыстырғанда Қазақстанда ең төменгі зейнетақы жоғары

Бұл ретте сарапшылар шығындардың артуына жалақы мен зейнетақы көлемі әсер етуі мүмкін деп болжайды. Себебі, биыл еңбекақы – 8,7 процентке, ынтымақты зейнетақы – 8 процентке, базалық зейнетақы 6 процентке көбейген болатын. Осы ретте қызықты дерекке назар аударыңыз. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасында Қазақстандағы ең төменгі зейнетақы көрсеткіші өзге елдермен салыстырғанда жоғары екен. Тізімді Ресей Федерациясы түйіндейді. Бүгінде еліміздегі ең төменгі зейнетақы 49 мыңға жуықтайды. Ал солтүстіктегі көршімізде 4 мың 983 рубль немесе 75 доллар. Беларусь Республикасында 100 доллар.

Айта кетейік, Қазақстандағы орташа зейнетақы 226 доллар болса, Ресейде – 200, ал Беларусьте шамамен 181 доллар зейнетақы алады.

Қазақстандықтар етті аз тұтына бастады

«Тұрғындардың шығыны көбейгенімен, соңғы уақытта қала тұрғындары ет өнімдерін аз тұтынады», – дейді экономистер. Статисистикаға сүйенсек, биыл қалалық жерде етке деген сұраныс 2 процентке төмендеген. Оған бағаның қымбаттауы себеп болуы мүмкін. Мәселен, жылқы еті бір айдың өзінде – 2 процентке, жыл басынан бері 9 пайызға өскен. Сондай-ақ өзге де өңірлердегі еттің бөлшек сату бағасында да өзгеріс бар. Сиыр, қой және шошқа етінің бағасы шамамен 0,3% қымбаттаған. Жалпы, маусым айынан бастап есептесек, ет өнімдерін тұтыну 4,1% төмендеген.

Рубльге сұраныс азайды

Көрші елмен ірі жобаларды жүзеге асырып жатқанымызға қарамастан елімізде рубльге деген сұраныс азайды. Бір айдың ішінде Ресей ақшасының сатылуы бірден 10 пайызға төмендеп кетті. Сарапшылардың айтуынша, үш айдан бері ақша айырбастау бекеттерінде сұраныс анағұрлым азайған. Сондай-ақ Қызылорда мен Түркістан облыстарында Ресей ақшасын сатып алушылар саны күрт төмендеген. Дегенмен көрші елмен шекаралас жатқан өңірлерде жағдай тұрақты. Қазір ақша айырбастау бекеттерінде бір рубль 5 теңге 36 теңгеге саудалынып жатыр.

«Тұлпар-Тальго» зауытын ресейлік компания сатып алды

Елорданың вагон зауытын ресейлік алпауыт қанжығалады. Орталық Азиядағы ең ірі вагон шығаратын «Тұлпар-Тальго» ресейлік компанияға сатылды. Ұзақ уақыттан бері жүргізілген келіссөздердің түйіні Германияда тарқады. Берлинде өткен халықаралық көрмеде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы мен «Транс машхолдинг» акционерлік қоғамының бас директоры келісімшартқа қол қойды. Енді Астанадағы арнайы экономикалық аймақта орналасқан кәсіпорын ресейлік ірі теміржол холдингінің меншігіне көшеді. Сондай-ақ екі компания 2026 жылға дейін 1200 вагон жеткізу туралы келісімге де қол қойды. Сарапшылардың айтуынша, бұл вагондар ары қарай да қазақстандық өнім саналады. Бірақ сатудан түсетін табыс солтүстік көршіміздің қазынасына түседі. Бұдан былай елорда маңындағы зауытта испандық вагондардан бөлек ресейлік компанияның вагон үлгілері де шығарыла бастамақ.

Бірнеше күннен бері төл теңгеміз жақсы бой түзеп келеді. Қазір Астанадағы ақша айырбастау пункттерінде Америка валютасы шамамен 358 теңгеге сатылса, Алматыдағы көрсеткіш 359 теңгеге дейін төмендеген.

Авторы: Әсел Тұмашқызы

Хабар 24 телеарнасы