366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ең көп салық төлейтін компаниялар тізімі анықталды

  • 894
  • UPD: 11:45, 27.09.2018

Мұнай-газ компаниялары – Ұлттық қордың негізгі доноры.

Статистикаға сүйенсек, өткен жылы қара алтын өндіретін 10 ірі компания төлеген салық жалпы көрсеткіштің 33 пайызын құрады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Шындығында өткен жылы мұнай бағасының сәл де болсын көтерілуі біраз табыс әкелгені рас. Өндіріс ошақтарының төлеген салығы ұлттық қордың қаражатын көбейітті. Қанша пайда түскенін алдағы уақытта айтамын.

«Талап» зерттеу орталығы елімізде ең көп салық төлейтін компаниялардың тізімін жасақтады. Зерттеу нәтижесінде еліміздегі 47 өндіріс ошағының төлеген қаржы салықтың 50 пайызын құрайтыны белгілі болды. Оның тең жартысы қара алтын өндіретін компаниялар. Өткен жылы бұл компаниялар қазынаға үш триллион теңгеден астам табыс түсірген. Көш басында Атырау облысында мұнай өндіретін «Теңізшевройл» тұр. Ол жылына қара алтын өндіру бойынша да алдыңғы орыннан көрінді. Ал салықтан көп пайда түсіретіндер тізімінде Ұлттық банк екінші орынға шықты. Қаржы ұйымы былтыр 262 млрд теңге пайда әкелген. Сарапшылар шикізатқа сұраныс төмендесе, мұнайшылар бірінші орыннан жылжиды деп болжап отыр. Мұндай жағдайда қаржы секторы, тау-кен өндірісі мен құрылыс саласы ғана алдыңғы қатарға шығуы мүмкін.

Айта кетейік, салық төлейтіндер тізімінде 200-ге жуық заңды тұлға тіркелген.

Инвестициялық даму бойынша көш бастайтын өңірлер

Инвестиция тарту бойынша мұнайлы өңірлер көш бастап тұр. Өткен жылы Атырау облысына 2 жарым триллион теңге қаржы құйылған. Көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 20 пайызға жоғары. Дегенмен инвестицияның 95,5 пайызы мұнайдан түскен пайда болса, 4,4 проценті ғана мемлекетке тиесілі. Түркістан облысы жалпы капиталға тартылған инвестицияның 30 пайызға артуы нәтижесінде екінші орынға көтерілді. Ал Ақтөбе өңірі үштікті түйіндейді. Мұнда негізгі инвестиция 17 процентке ұлғайды.

Ойын-сауық саласына құйылған инвестиция көлемі артты

Елімізде ойын-сауық орындардың дамуы қарқын алды. Осыдан екі жыл бұрын мәдениет пен өнер салаларына құйылған қаржы көлемі едәуір азайған болатын. Енді, міне, жыл басынан бері салаға 50 миллиард теңге салынды. Мәселен, өткен жылы небәрі 28 миллиард теңге бөлінген. Бұл тізімде 2 млрд теңге қаржы бөлінген Астана көш бастап тұр. Өткен жылы бас шаһарда өткен ЭКСПО көрмесін есепке алсақ, алдыңғы орынға шығуы заңды. Ізінен Шығыс Қазақстан облысы ерген. Мұнда 7 жарым млрд теңге қарастырылған. Ал Ақтөбе облысы үшінші орынға табан тіреді. Бұл өңірде салаға 6 млрд теңге бөлінген.

Айта кету керек, негізінен жергілікті бюджеттен ақша бөлініп отыр.

Шаруаларға несие теңгемен беріледі

«Цеснабанк» ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге несиені тек қана теңгемен береді. Осылайша қаржы ұйымы саладағы компаниялармен серіктестікті нығайтуға мүдделі.

Николай Мещеряков, «Цеснабанк» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі:

- Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсету шаралары әзірленді. Өз жұмысын табысты жүргізіп отырған компаниялар үшін несиелік жүктемені азайтамыз. Себебі, өзге валютамен берілген несиелер ауыл шаруашылығындағы компаниялардың жұмысына едәуір салмақ түсірді. Салдарынан олардың жұмысы қиындай түсті. Енді барлық несиені төмен мөлшерлемемен тек теңгемен береміз. Бұл ауылшаруашылық компанияларының табысты жұмыс істеп, дамуына мүмкіндік жасайды.

Қ.Бозымбаев: Дизель отынына қатысты проблема жоқ

Сондай-ақ биылғы егін жинау науқанында шаруалар дизель отынынан тарықпайды. Бұл туралы еліміздің Энергетика министрі мәлім етті. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, қазір жанар-жағармайға қатысты мәселе жоқ. Дегенмен министр отын бағасының өсуі фактілері Астана және Ресеймен шекаралас өңірлерде болуы мүмкіндігін айтып қалды.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- Еліміз бойынша орташа көтерме баға 188-189 теңге шамасында. Күн сайын таңертең ел аумағындағы жанар-жағармай құю стансаларынан жедел ақпаратты алып отырамыз. Қымбатырақ баға кездесіп жатады. Бірақ оның барлығы Ресейден импортталатын дизельдік отын. Жалпы, елімізде дизель отынымен қамтамасыз етілуге қатысты ешқандай проблема жоқ. Баға факторы тұрғысында нарық қарашада тұрақтанады деп ойлаймын.

Жаңалықтарымыздың соңында Қазақстан қор биржасындағы ақпаратқа назар аударсақ. Қазір еліміздегі ақша айырбастау бекеттерінде бір доллар 362-363 теңге көлемінде саудаланып жатыр.

Авторы: Әсел Тұмашқызы

Хабар 24 телеарнасы