360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жаңа мектептер салуға 50 млрд теңге бөлінеді

  • 735
  • UPD: 11:02, 06.10.2018

Мемлекеттік қазынадан 1 трлн 681 млрд теңге бөлінеді. Күні кеше Елбасы жариялаған жолдаудағы тапсырмаларды орындауға осынша қаржы қажет. Қыруар қаражат қайда жұмсалады?

Елбасының жыл сайынғы халыққа жолдауында қалыс қалмайтын – білім саласы. Әсіресе өскелең ұрпақтың заманға сай білім алуы назардан тыс қалған емес. Биыл да Мемлекет басшысы осы саладағы олқылықты саусақпен санап берді. Жыл сайын есігін айқара ашатын білім ордаларының санын көбейтуді тапсырды.

Қазынадан 50 млрд теңге бөлінеді. Қыруар қаржы мектептердің құрылысына жұмсалмақ. Нәтижесінеде апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымды білім ордаларының мәселесі шешіледі. Ерлан Сағадиев басқаратын министрлік 500 орындық мектеп салу үшін шамамен 1,5 миллиард теңге қажет деп отыр. Бұған дейін, яғни 2015-19 жылдары 52 мектептің құрылысына ұлттық қордан 280 млрд теңге бөлінді. Соған қарамастан әлі де 16 апатты жағдайдағы білім ордасының мәселесі басы ашық күйінде қалса, мыңдаған оқушы 3 ауысымды мектепте оқуға мәжбүр. «Ал олқылықтың орнын толтыру үшін елімізде жыл сайын 100-ге жуық мектеп салынуы керек», – дейді жауапты министрлік.

Бибігүл Асылова, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:

- 2015-2017 жылдары Ұлттық білім беру деректер базасында 204 үш ауысымды және 105 апатты жағдайда білім беру мекемесі бары белгілі болды. Біз үш жылда 109 мектептің құрылысын аяқтадық. Қазір 41 жаңа нысанның құрылысы жүріп жатыр. Осы мақсатта ұлттық қордан, республикалық және жергілікті бюджеттен 280 млрд теңге бөлінді.

Өңдеу секторында өсім бар 

Жолдау кәсіпкерлер үшін де жағымды жаңалыққа толы болды. Дәл осы іскер азаматтарды қолдау мәселесін Елбасы әрдайым басты назарда ұстайды. Қолайлы жағдай жасау керектігін үнемі айтады. Яғни ақсап тұрған қайта өңдеу саласын дамыту – алдағы міндет. Осы мақсатта өңдеу секторына жыл сайын 500 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Жалпы жарты жылдың ішінде бұл сала 7,9 триллион теңгенің өнімін өндірді. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға артық. Әсіресе тау-кен өндірісінің жұмысы алға ілгерілегенін байқауға болады. Мұндағы көрсеткіштер 2 жарым триллион теңгеге жуықтаған. Тізімді өңдеу өнеркәсібі жалғастырады. Үштікті транспорт саласы қорытындылайды. Ал енді өңірлер бойынша бұл салада Атырау облысы көш бастайды. Астана мен Алматы қалалары да үздіктер қатарында. Кәсіпорындар салық есебінен қазынаға 2 жарым триллион теңге қаржы құйылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 49,6 пайызға артық.

Президент жүктеп отырған басты міндет – ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп, экспортты арттыру. Мемлекет басшысы бұл ордайда Ұлттық банкке тапсырма жұктеді. Қаржы ұйымы кәсіпкерлердің ісін дөңгелетуге қолдау көрсетуі тиіс.

ЕАЭО елдерімен сауда айналымы 10 пайызға өсті

Еліміз Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдемен сауда байланысын нығайтты. Сандарға сүйенсек, алыс-беріс көлемі 10 пайызға өскен. Жарты жыл ішінде одақ елдерімен сауда-саттық көлемі шамамен 11 миллион долларға жетті. Оның ішінде экспорт 3 миллион асты, ал импорт 7 миллионға жуықтайды. Әсіресе Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығы нығая түскенін байқауға болды.

Көрші Ресеймен тығыз экономикалық байланыс төл теңгемізге әсер етті. Қазір елімізге ақша айырбастау бекеттерінде АҚШ валютасы 372 теңгеге саудаланып жатыр. Сарапшылардың пікірінше, доллардың қымбаттауына рубльдің әлсіреуі әсер еткен.

Авторы: Әсел Тұмашқызы

Хабар 24 телеарнасы