366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жолдау міндеттерін толық орындауға қанша қаражат керек?

  • 603
  • UPD: 11:37, 11.10.2018

Шағын және орта бизнестің 122 млрд теңге салығына амнистия беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елбасы Жолдауында бірқатар бағытқа жіті көңіл бөлінген. 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын және орта бизнес өкілдерінің айыппұлы мен өсімақысына кешірім беріледі. Жалпы сомасы – 122 млрд теңге. Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, жаңа жылға дейін ШОБ субъектілерінің салық қарызы 257,2 млрд теңгені құрайды. Соның ішінде өсім 102,7 млрд теңге, айыппұл көлемі – 19,8 млрд теңге. Ал ағымдағы уақытқа дейін салық қарызы 327,3 млрд теңгеге дейін жетсе, соның ішінде 125,1 млрд теңге өсім, ал 17,3 млрд теңге айыппұл саналады.

 

Компаниялар 37,5 млрд теңге қайтарылуы тиіс

Елімізде 20-ға жуық жеке компания Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры алдындағы берешегін өтемей жүр. Серіктестіктердің қорға 40 миллиард теңгеге жуық қарызы бар. Бүгінде олар 15 компаниямен соттасып жатыр. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2014 жылдан бері осындай әдіспен 17 миллиард теңгені өндіріп алған. Яғни бұл қор портфеліндегі барлық қаражаттың 0.5 пайызына тең.

Мамандардың сөзіне сенсек, салымшылар үшін ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Жалпы бүгінде қорда 9 триллион теңгеге жуық қаражат бар.

 

Сақтандыру қоры келісім сомасының 70 % төледі

Еліміздегі медициналық сақтандыру қоры емдеу мекемелеріне 5 жарым млрд теңге төледі. Жалпы қор 1400-ге жуық медициналық мекемемен мемлекеттік тапсырыс бойынша келісімшарт жасасқан. Бекітілген келісімнің жалпы сомасы – 785,8 млрд теңге. Бүгінде оның 70 пайызы тиісті емдеу мекемелеріне жіберілді. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ атқарушы директорының міндетін атқарушы Ботагөз Жақселекованың айтуынша, жұмыстың кестеге сай жүріп жатқанын, ал бөлінген қаржы медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті.

Келісім жасасқан 1379 ұйымның жартысы, яғни 627-сі – жекеменшік. Айтпақшы биыл елімізде жеке клиникалар саны едәуір артқан. Олармен бекітілген келісімшарт сомасы да 2 есе артып, 120,2 млрд теңгені құрады.

 

Жолдау міндеттерін толық орындауға қанша қаражат керек?

Жолдау міндеттерін толық орындауға – 1,2 трлн теңге қаражат керек. Елбасы Жолдауындағы пәрмендерді орындау үшін бюджеттен осынша қаражат бөлінуі тиіс. «Naryk kz» редакциясы осындай қорытынды жасаған. Әр бастамаға жеке-жеке мән берген сайт ұжымы басымдық берілген бағыттарды жіктеп шығыпты. Еліміздегі шағын және орта бизнесті дамыту үшін Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге ұзақ мерзімге 600 млрд теңге береді. Өңдеуші өнеркәсіпті жетілдіруге шетелдік инвесторлармен бірлескен қаржыландыру жұмыстарына 500 млрд теңгені тартылады. Ал «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін созу үшін қазынадан 30 млрд теңге бөлінеді. «Дегенмен жергілікті жолдарды жөндеу, дене шынықтыру нысандарын салу, тағы басқа бағыттар қандай қаражатқа орындалатыны әлі де нақтыланбаған», – дейді автор.

Хабар 24 телеарнасы