360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қаражыра көмірі шетелде сұранысқа ие

  • 654
  • UPD: 11:37, 12.10.2018

Биылғы жылдың басында Қазақстан құны 72,3 млн доллар болатын 5,1 млн тонна тас көмірді экспорттады.

Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін қара алтынымыз несімен қызықтырады?

Оңтүстік-Шығыс Азия мен Еуропа елдерінде Қазақстанның қара алтынына сұраныс көп. Себебі, көмірдің бағасы арзан, бастысы сапалы. Мамандар негізгі тұтынушы Ресей Федерациясы екенін айтады. Мұнда жыл басында 4,1 млн тонна көмір жіберілген. Қазір елімізде 400-ден аса тас және көмір кен орындары бар. Бір ғана Қаражыра кен орнында 5,2 млн тонна көмір игерілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 905 мың тоннаға артық. Биыл теміржол арқылы 8 млн тонна көмір тасымалдау жоспары қойылыпты. Жоспар уақытынан бұрын орындалуы керек. Себебі, вагондармен қамтамасыз ету 100 пайыз деңгейінде. Әсіресе экспортқа бағытталған көмір үлесі екі есе артқан. Бұл туралы арнамызға «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның «Семей жүк тасымалы бөлімшесі» филиалының директоры Марлен Көкірекбаев телефон арқылы хабарлады.

Мамандар биыл көмір тапшылығы байқалмайтынын алға тартып отыр. Әсіресе қарапайым халыққа арналған әлеуметтік көмір көптеп бөлінген.  Ал қара алтынды өндіретін кәсіпорындардың қоймаларындағы қорды есептегенде жыл басынан бері 79,2 млн тонна көмір тиеліп жөнелтілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 965 мың тоннаға артық. Бүгінгі таңда көмір тасымалдауға 29 мың вагон жұмылдырылып отыр.

БЖЗҚ қаражаты кәдеге жарайды

Ал екінші деңгейлі банктерді қолдауға бағытталған 600 млрд теңгенің жартысы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, қалғаны Ұлттық банктен бөлінеді. Ауқымды қаражат экономикадағы басымдығы зор жобаларға жұмсалатын болады. «Әлемнің бүкіл елінде осындай жүйе бар. Қаражат экономикаға нарықтық мөлшерлеме бойынша құйылады. Соның нәтижесінде жинақ мөлшері артады», – деді Қаржы министрі Әлихан Смайылов. Еске салайын, Елбасы жолдауында көрсетілген бағыттар бойынша бұдан бөлек өңдеуші өнеркәсіпті жетілдіруге шетелдік инвесторлармен бірлескен қаржыландыру жұмыстарына 500 млрд теңге тартылады. Ал «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін созу үшін қазынадан 30 млрд теңге бөлінеді.   

Ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру жүріп жатыр

Ұлттық банктің хабарлауынша, «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3500 валюталық қарызды қайта қаржыландыру өтініші құпталды. Ипотекалық берешекті қайта қаржыландыру екі бөлік бойынша жүзеге асырылады. Оның алғашқысы 2004-2009 жылдар аралығындағы бөлінген 130 млрд теңге. Бүгінде ол бойынша 23 мыңға жуық өтініш құпталған. Екінші блокқа 2016 жылдың басына дейінгі қарыздар жатады. Ағымдағы айда 15,9 млрд теңгенің 2282 қарыз қайта қаржыландырылды.  Ал валюталық қарыздарды қайта қаржыландыру 30 желтоқсанға дейін созылады. Естеріңізге салайық, бүгінде «7-20-25» бағдарламасы аясында 26 млрд теңгенің 2000-нан аса өтініші құпталған.

Егер Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, биыл тұрғын үйді сатып алу-сату келісімдерінің саны өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 8,3%-ға артқан екен. Жалпы, жыл басынан бері осындай 192 051 мәміле жасалған. Уақыт өткен сайын бұл көрсеткіш жоғарылап келеді.

Авторы: Мерей Мұратханқызы

Хабар 24 телеарнасы