386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда көлік өндірісі 71% артты

  • 1530
  • UPD: 12:33, 18.10.2018

Жыл басынан бері еліміздегі жеңіл көлік өндірісі 83,4 пайызға артқан.

Жеңіл көлік қана емес, ауыл шаруашылығы машиналары мен техникасын құрастыру да отандық кәсіпорындардың басты мұратына айналды.

Қазақстанда жыл басынан бері 22 800-ге жуық түрлі типтегі көлік шығарылған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл 71%-ға  көп. Естеріңізде болса, тамыз айында ғана автокөлік өндірісі 14 пайызға төмендеген болатын. Қыркүйекте өнімділік еселеніп, көрсеткіш жақсарды. Қазақстан автобизнес қауымдастығының хабарлауынша, биыл жүк вагонын шығару 37 пайыздан асқан. Ал ауыл шаруашылығы техникасы секторының өндіріс көлемі 12 млрд теңгені құрады. Биыл бюджеттен комбайндар мен тракторлардың жеңілдетілген лизингіне 3 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Келесі жылы да қосымша үш млрд теңге бөлінбек. 

Айта кетейік, биыл ҚР ИДМ Қазақстанның машина жасаушылар одағымен бірлесіп 2019-2030 жылдарға арналған машина жасауды дамытудың кешенді жоспарының жобасын бекітті. Ондағы мақсат – отандық машина жасаудың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қазақстандық өндіріс өнімдерімен ішкі нарықты қамтамасыз ету және экспорт деңгейін арттыру. Жалпы елімізде саланы дамытуға 110 млрд теңге бөлінді.

Ресми емес деректерге сүйенсек, елімізде мың қазақстандыққа 250 автокөліктен келеді екен. Бүгінде Қазақстанда 874 557 көлік тіркелген. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 16,6 пайызға көп көрсеткіш. Бір ғана қыркүйек айында елімізде 107 295 көлік тізімге енгізілді. Жалпы жыл басынан бері қазақстандықтар көлік сатып алуға 386,7 млрд теңге жұмсаған. Сәйкесінше көлік сату үрдісі өткен жылмен салыстырғанда  28,2%-ға артты. Ал отандық көліктерге келер болсақ, жыл сайын көрсеткіш жақсарып келеді. Сатып алушылардың 50 пайызға жуығы өз таңдауын отандық көліктерге жасаған.

Жаңа ипотекалық бағдарлама

Қазақстанның ипотекалық компаниясы алғашқы және қайталама нарыққа арналған жаңа ипотекалық бағдарламаны ұсынды. Компанияның басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджановтың хабарлауынша, несие екінші деңгейлі банк арқылы 20 жылға дейін беріледі. Қарыз мөлшері 40 млн теңгеге дейін. Бастысы, өтініш беруші өзіне қажет пәтерді таңдап, серіктес банкке жүгінуі керек. Соңғы шешімді ипотекалық компания қабылдайды. Қарызды 12 пайыздық мөлшерлемемен алуға болады. Ол үшін төлем қабілетіңізді толығымен көрсету қажет. Жаңашылдық Қазақстанның 16 қаласында қолжетімді болады. Айтпақшы, бағдарлама  компания қаржысымен жүзеге асырылады.

Биыл елімізде 10 млн шаршы метр тұрғын салу жоспарланған. Жалпы мамандар 2018 жылы тұрғын үй бағасы өспейтінін болжаған болатын. Алайда Ұлттық экономика министрлігі қыркүйекте бағаның сәл артқанын хабарлады. Нәтижесінде жаңа тұрғын үйлердің бір шаршы метрі 264 788 теңгені құрады.

Құрылыс кәсіпорындарының ахуалы

Қазақстанда 22 құрылыс кәсіпорны жабылды. Бұған айналым капиталының жетіспеушілігі себеп. Бүгін банктер де саланы қаржыландырудан тартынып отыр. Бүгінде олардың жалпы қарызы 6 пайызды құрайды. Ал тұрғын үй құрылысына қажет ресурстар көлемін толықтыру үшін құрылысшылар салынып жатқан үйлерді сату арқылы қаражат жасауы мүмкін. Бүгінде коммерциялық үйлердің 60 пайызы құрылыс шығындарын өтеп отыр. Мамандар бұл үрдіс 2020 жылға дейін жалғасатынын болжап отыр.

Бизнестің жол картасы – тиімді бағдарлама

Ал алдағы бес жылда шығысқазақстандық кәсіпкерлерді қолдау үшін 15 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов хабарлады. Әрине, кірісті арттыруда «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының рөлі орасан. Соңғы үш жылда бағдарлама аясында 730-дан аса жоба қолдау тапты. Нәтижесінде 2000-ға жуық адам жұмыспен қамтылған. Әсіресе туризм саласын дамытуға үлкен көңіл бөлінетін болады.

Еске салайық, еліміз бойынша «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы 2025 жылға дейін жалғасатын болады. Елбасы өз жолдауында бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 млрд теңге бөлуді қарастыру қажеттігін айтты. Демек кәсіпкерлерге деген қамқорлық жалғасын табады.

Авторы: Мерей Мұратханқызы

Хабар 24 телеарнасы