389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҰҰ: Сирия экономикасына келген шығын көлемі – $338 млрд

  • 1152
  • UPD: 14:01, 29.11.2018

Осыдан 7 жыл бұрын Шам жерінде басталған алапат соғыс күні бүгінге дейін толық аяқталмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Саяси кикілжің кесірінен 320 мың азамат қаза тауып, 538 мың адам жұмысынан айырылды. Соның салдарынан елдің әр екінші тұрғыны өзге елдерге босып кетуге мәжбүр болды.

Сирия мәселесі саяси сахнада үлкен шырмауға айналғаны шындық. Алайда Қазақстанда бастау алған Астана процесі осынау күрделі проблеманы шешуге бағытталған бірегей алаң атанғалы көп бола қоймаса да, тараптарды ымыраға шақыратын бірқатар маңызды келіссөздерді жүйелі өткізіп келеді. Алдағы 5 минут ішінде, сондай-ақ елдегі жеңіл көліктер мен өңірлердегі баспана бағаларына тоқталып өтемін.

Тарихи және мәдени орталықтардың бірі саналған Сирия мемлекетінің ежелгі қалалары бүгінде пенде танымастай қирады. Шайқас алаңдарына айналған шаһарлардан тұрғындар қашудан басқа амал таппады. Азаматтардың тең жартысы өзге елдерде босқын атанып, бас сауғалап кетті. Мәселені шешуге талпынған тараптар бітімгерлік күштерін жіберіп, гуманитарлық көмектерін ұсынып келеді. Осы орайда соңғы аталған науқан Қазақстан назарынан тыс қалмады. Өткен жылы Сирия халқы көрген зардап салдарын жою үшін еліміз жалпы салмағы 500 тонна болатын гуманитарлық көмек жөнелтті. Оның ішінде көбіне азық-түлік пен алғашқы қажеттіліктегі заттар бар. Сонымен қатар бұрын Қазақстан сириялық босқындарға Түркия, Иордания және Ливан елдерінде де қол ұшын созған. Осы мақсаттарға 700 мың АҚШ доллары да бөлінген болатын. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі ұсынған дерекке сүйенсек, екі ел арасындағы тауар айналымы 2010 жылы 8,9 млн долларды құраса, 2011 жылы 5,7 млн долларға кеміген. Оның ішінде экспорт көлемі 3,19 млн, ал импорт – 2,58 млн доллар.

Біріккен Ұлттар Ұйымының соңғы дерегіне сәйкес, Сирия экономикасына келген шығын көлемі алдағы уақытта 400 млрд долларға жетуі мүмкін. Елде мұнай өңдеу көрсеткіші 140 млн-нан 11 млн баррельге қысқарды, ал экспорт көлемі 11,5 млрд-тан 1 млрд долларға құлдилады. Астық өндірісі 10 есе шығынға ұшырады. 2010 жылдың басында өркендеп тұрған туризм саласы да келмеске кетті. Дүниежүзілік банк болжамы бойынша, Сириядағы соғыс 2020 жылы аяқталған жағдайда, елді қайта қалпына келтіру үшін 1 трлн 3 млрд доллар қажет болады.

Қазақстанда жаңа көлік бағасы 8,5%-ке өсті

Қазақстанда жаңа көліктің орташа бағасы 8,5 процентке өсіп, шамамен 8 жарым млн теңгені құрады. Осылайша соңғы 10 ай ішінде 403,2 млрд теңгеге 47 139 жаңа жеңіл көлік сатылған. Бұл туралы «ҚазАвтоӨнеркәсіп» хабарлайды. Жыл басынан сатып алушылардың үштен бірі бағасы 5 млн теңгеден аспайтын көліктерге басымдық берген. Оның 19,3 проценті немесе 9 мыңнан астамы орташа санаттағы темір тұлпарлар. Олардың құны 3,5 мен 5 млн теңге аралығында. Алайда азаматтар бағасы 3,5 млн теңгеден аспайтын бюджеттік нұсқадағы техниканы да назардан тыс қалдырмай келеді. Көлік жүргізушілер көбіне көрші Ресей мен Қытай көліктерімен қатар кореялық маркаларға қызығушылық білдіріп отыр.

Қазақстандықтар ипотека немесе үлескерлік құрылыс жүйесі арқылы армандаған баспанасына 2 жыл ішінде қол жеткізе алады. «Ранкинг.кз» порталының талдаушыларының болжамы осындай. Мәселен, елде 1 бөлмелі пәтердің орташа құны – 9 млн 400 мың теңге. Ең қымбат шаршы метр, бұрынғыша Астана, Алматы және Атырау қалаларында. Аталған шаһарлардағы бір бөлмелі пәтер бағасы шамамен 12 млн теңгені құрайды. Ал салынып жатқан тұрғын үйлерде – 9,5 млн теңге. Бастапқы жарна көлемі 2 млн 700 мың теңгеге дейін. Қолжетімді баға Қызылорда мен Петропавл қалаларында. Ондағы шаршы метр 140 мың теңгеге бағаланып отыр. Ал ең арзан пәтертер Тараз қаласында. Небәрі 4 млн теңге. Алғашқы жарна көлемі – 988 мың 300 теңге. Айта кетейін, үлескерлік құрылыс жүйесіне қатысқан азаматтар 20 проценттік жеңілдікті пайдалана алады.

Менің атымда темір тұлпар болмағанымен, жүргізуші куәлігі мен 5 жылдық тәжірибе бар. Бірақ елордаға келе қойғаныма көп болмағандықтан, бірінші кезекте баспана мәселесін шешіп алуға басымдық берген жөн деп ойлап отырмын.

Енді айдар соңында қазақстандық қор биржасындағы валюта бағамын шолып өтсек. Соңғы сауда-саттықтан кейін доллар бағасы 372 теңге 73 тиынды құрады. Айырбастау пункттерінде америкалық валютаны орташа 374 теңгеге сатып алуға болады. Осы сағаттардағы ақпаратты ұсындым.

Авторы: Мейірлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы