378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанада ескі үйлер бағасы 11% қымбаттады

  • 930
  • UPD: 10:12, 19.12.2018

Елордада ескі үйлер қымбаттады. Шаршы метрінің құны шамамен 11% өскен.

Алайда өзге өңірлерде бағаның арзандауы байқалады. «Хабар 24» арнасының тілшісі Мейірлан Алтынбек мұның жай-жапсарын айтып берсін.

Баспана бағасымен қатар әлемдік нарықтағы қара алтын құны, медициналық сақтандыру мен азық-түлікке жұмсалатын қаражат туралы баяндайық.

Астанада екінші деңгейлі үй нарығындағы баға 11%-ке жоғарылаған. Ал, Алматыдағы көрсеткіш небәрі - 1,2%. Бұл туралы Krisha.kz сайты хабарлайды. Өткен айда жүргізілген зерттеу нәтижесі бойынша Қызылордада баспана 6,8%-ке, Қостанайда - 3,7%, Шымкентте - 3,1%-ке қымбаттаған. Еліміздің батысы мен Жамбыл облысында керісінше бағаның төмендегені байқалады. Таразда шаршы метр құны 4,8%-ке арзандаса, Ақтауда 7,1%-ке дейін құлдилаған. Ақтөбедегі көрсеткіш - 1,9%. Ал екі ай бұрынғы жағдайға көз жүгіртсек, екінші деңгейлі үй нарығындағы қымбатшылық Түркістан облысында байқалған - 5,8%, Оралда небәрі – 0,6%. Осылайша, Астанада шаршы метр бағасы бүгінде - 350 мың теңге, Алматыда – шамамен 344 мың болса, Атырауда – 262 мың теңге. Ең арзан пәтерлер Ақтөбе, Қызылорда және Жезқазған қалаларында.

Brent маркалы мұнай бағасы - $57,55

Brent маркалы мұнай бағасы баррелі үшін 57,5 долларға құлдилады. WTI мұнайы болса жыл ішінде бірінші рет 50 доллардан 48,48 долларға арзандаған. Бұл туралы Investing.com порталы хабарлайды. Мәселен, АҚШ-та қара алтын өндіру көлемі осы айда тәулігіне 8 млн баррельге жетеді деп күтіліп отыр. Ал келер жылдың қаңтарында 8 млн 166 мың баррельге дейін ұлғайту жоспарланған. Жалпы сарапшылар бағаның төмендеуін мұнайға деген сұраныстың төмендеу ықтималдылығымен байланыстырса керек. Инвесторлар да «мұнай экспорттаушы елдердің ұйымы қара алтын өндіру көлемін азайту бойынша бірқатар келісімді орындай алмай отыр» деп алаңдаулы. Өйткені мұнай өндіру көлемі артқан сайын, шикізат құны төмендейтіні заңды құбылыс.

 

ӘМСҚ елорда емханаларына 77,1 млрд теңге төледі

Жыл басынан медициналық сақтандыру қоры елорданың мемлекеттік және жекеменшік жеткізушілеріне 77,1 млрд теңге төлеген. Төлемдердің едәуір үлесі стационарлық және стационарлықты алмастырушы жәрдемге - 25,6 млрд теңге, жоғары технологиялық медициналық қызметке - 20,7 млрд теңге және амбулаторлық-емханалық жәрдемге 10,4 млрд теңге жұмсалған. Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры қалалық филиалының жеткізушілері 85 медициналық ұйыммен амбулаторлық-емханалық көмек, стационарлық көмек, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, кеңес беру-диагностикалық көмек, жедел жәрдем, жоғары технологиялық медициналық қызмет және т.б қызмет түрлері бойынша 122 келісімге қол қойған. Жеткізушілердің ішінде 36 медициналық мекеме - мемлекеттік, 49-ы - жекеменшік. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 жекеменшік жеткізушіге көп. Елорданың барлық жеткізушілерінің толық тізімін қордың fms.kz ресми сайтынан көруге болады.

Қазақстандықтар азық-түлікке жалақысының 40% жұмсайды

Ел азаматтары азық-түлікке айлығының 40% жұмсайды екен. Ал небәрі 2%-ін мәдениет пен бос уақытына бөледі. «РИА Рейтинг агенттігі» жүргізген зерттеу жұмыстары осындай нәтижені көрсетке керек. Осылайша, өзге де елдерге тоқталып өтсем. Люксембург тұрғындары тамаққа жалақысының 8,7% ғана жұмсайды екен. Одан кейін екінші орында британдықтар - 10%, ал үштікті голландиялықтар түйіндейді - 10,6%. Ирландия, Финляндия, Австрия, Норвегия мен Швейцария тұрғындары азық-түлікке айлығының 12% арнаса, өткен жылғы қорытынды бойынша ресейліктер тамаққа қаражатының 31,2%, ал украиналықтар шамамен 51% жұмсаған. Зерттеу жүргізген мамандардың айтуынша, тұрғындардың жалпы тамаққа бөлетін қаржысының пайыздық мөлшері неғұрлым аз болса, олардың өмір сүру сапасы соғұрлым жоғары екенін көрсетеді. Зерттеу қорытындысына сәйкес, мәдениет пен бос уақытқа ең көп ақша жұмсайтын елдердің көшін швециялықтар бастап тұр - 18,7%. Артынша, Ұлыбритания 13%, Австрия - 11,5%. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш небәрі - 1,9%.

Мейірлан, өзіңіз азық-түлікке жалақыңыздың қанша пайызын жұмсайсыз? Жалпы қаншалықты мәдени азық алып, саяхатқа жиі шығып тұрасыз?

- «Ас адамның арқауы» дейді ғой. Сондықтан азық-түліктен ақша үнемдеу дұрыс деп ойламаймын өз басым. Сіздің сауалыңызға жауап берер болсам, жалақымның шамамен 20-25% азық-түлікке кетеді. Жылына кем дегенде 1-2 мәрте бұрын-соңды болып көрмеген қалаларға баруды дағдыға айналдырып үлгердім. Оның ішінде әлбетте Қазақстан қалалары да бар.

Бүгінде доллар құны - 371 теңге 31 тиын. Айырбастау бөлімшелерінде шетелдік валютаны шамамен 372-373 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы