378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлемде табиғи апаттан келген шығын көлемі 155 млрд долларды құрады

  • 1142
  • UPD: 11:45, 20.12.2018

Ұлттық қордың табысы артып, 25 трлн теңгеден асты. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда өсім деңгейі шамамен 16 процент.

Ұлттық қордың табысы молайды

Осы жылдың қараша айындағы нәтиже бойынша Ұлттық қордың табысы 15,8 процентке артып, 25,1 трлн теңгеге жетті. Ал өткен жылғы кіріс көлемі 21,6 трлн теңге болған. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 11,6 процентке аз. Жалпы, жыл басынан Ұлттық қорға 4,8 трлн теңге мөлшерінде кіріс түскен. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда екі есе көп. Әдеттегідей табыстың едәуір бөлігі мұнай саласындағы кәсіпорындардың салық үлесіне келеді – 2,9 трлн теңге немесе соңғы 11 айда түскен қаражаттың 60,5 процентін құрайды. Ал 2017 жылмен салыстырғанда 1,1 трлн теңгеге көп. Сонымен қатар инвестициялық табыс көлемі 1,8 трлн теңгеге тең. Өткен жылмен салыстырсақ, шамамен 15 есе көп. Сондай-ақ мемлекеттік мүлікті жекешелендіруден түскен кіріс көлемі – 11,9 млрд теңге.

Еске салайық, былтырғы сома небәрі 505 млн теңгені құраған болатын.

Елде ет өндіру көлемі 13% артты

Елде ет өндіру көлемі артты. 2018 жылдың қаңтар мен қараша айлары аралығында елдегі мал шаруашылығының жалпы өнімі шамамен 13 процентке өскен. Ең жоғары көрсеткіш Алматы облысында тіркелді. Жыл ішінде өңірдегі өнім көлемі 16,5 процентке молайып, табыс мөлшері 309,1 млрд теңгені құрапты. Шығыс Қазақстанда – 254, ал Түркістан облысында – 228,7 млрд теңге. Бұл туралы «ЭнерджиПром.кз» сайты хабарлайды. Ал жыл ішіндегі өсім қарқыны бойынша Ақтөбе облысы көш бастап тұр – шамамен 22 процент. Артынша Маңғыстау 18,8 және Қызылорда – 17,8 процент. Ақтөбе облысының Статистика комитетінің дерегі бойынша, өңірде ет өндірісі – 8 процентке, сиыр сүті шамамен 4 және тауық жұмыртқасы 26 процентке артқан. Ал Маңғыстауда ет – 5,3 процент, сиыр сүті – 8,4 және тауық жұмыртқасын өндіру қарқыны шамамен 60 пайызға жоғарылаған.

2021 жылға дейін Ақмола мен Қарағанды облыстарында ет пен ет өнімдерін қайта өңдейтін 1 кешен және 16 сүт фермасы бой көтереді деп жоспарланып отыр. Аталған жобалар импортқа деген тәуелділікті бәсеңдетуге бағытталған.

Қытайда жеке тұлғаларға салық жеңілдігі жасалады

Келер жылы Қытай Халық Республикасы жеке тұлғаларға салық жеңілдіктерін ұсынбақ. Бұл туралы The Paper басылымы хабарлайды. Жаңа ережеге сай, балаларды оқыту, біліктілікті арттыру, негізгі медициналық қызмет, баспана несиесі, пәтерді жалға алу және егде жастағы адамдарды күту сынды бағыттар да қарастырылған. Мәселен, табыс салығынан жылына 5 мың юань шегеріледі. Сондай-ақ қытайлықтар бірінші баспанасын несие арқылы алған жағдайда, жылына 12 мың юань көлемінде салық жеңілдігін алуға құқылы. Алайда олар осы мүмкіндікті тек бір мәрте қолдана алады. «Вести Экономика» порталы ұсынған талдау нәтижесіне сәйкес, сарапшылардың айтуынша, алдағы жылы Қытайда жасалатын салық жеңілдігінің жалпы сомасы 1,5 трлн юань немесе 220 млрд долларды құрамақ. Осылайша 2019 жылы қосалқы құн, жеке тұлғалардың табыс салығы мен әлеуметтік сақтандыру арқылы салықтық шегерім жүзеге асырылады. Ал жергілікті басылымдар болса ел үкіметі ішкі қарыз көлемін қысқарту қарқынын бәсеңдетіп, бюджет тапшылығын өсіру қажеттілігі туралы жарыса жазып жатыр. «Бұл – ел экономикасын тұрақтандыруға бірден-бір жол» делінген қытайлық бұқаралық ақпарат құралдарында.

Әлемде табиғи апаттан келген шығын көлемі – $155 млрд

Жаһанда табиғи апаттан келген шығын көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есе азайып, 155 млрд долларды құраған. Бұл туралы швейцариялық қайта сақтандыру компаниясының есебінде айтылған, деп жазады «Интерфакс-Қазақстан». Мәселен, былтыр зілзала мен техногенді апаттан келген экономикалық шығын мөлшері 350 млрд долларға жеткен. Сол жылы сақтандыру төлемақысы 150 млрд долларды құраса, биылғы көрсеткіш – 79 млрд доллар. Десек те соңғы 10 жылдағы орташа көрсеткіштен 71 млрд долларға көп. Осынша қаражат апат салдарын жоюға бағытталса, қалған 8 млрд доллар техногенді сипаттағы төтенше жағдайларда зардап шеккен азаматтарға төленбек. Алайда апаттардың саны азайғанымен, құрбандардың саны соңғы 3 жылда өзгермепті. Өйткені әр жылы шамамен 11 мың адамнан қаза тапқан. Ал күз мезгілінде Индонезияда болған жер сілкінісінен 3,5 мың адам ажал құшты. Осылайша экономикалық тұрғыдан ірі алапаттар қатарына Солтүстік Америкадағы дауыл, Жапониядағы тайфун мен су тасқыны және Калифорниядағы орман өрті жатқызылды.

Қазақстан қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесіне тоқталып өтсем. Бүгінде доллар құны – 372 теңге 49 тиын. Айырбастау бөлімшелерінде шетелдік валютаны шамамен 373 теңгеге сатып алуға болады.

Авторы: Мейірлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы