378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан ТМД-да жалақысы жоғары елдердің үштігіне енді

  • 1534
  • UPD: 11:20, 24.12.2018

2018 жылдың бірінші жартыжылдығында ТМД елдері арасында орташа есеппен ең ірі жалақы мөлшері Ресейде тіркелді. 717 доллар.

Өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда ресейліктердің айлығы жергілікті валютасы бойынша 11,2 процентке жоғарылаған. Алайда рубль бағамының әлсіреуіне байланысты АҚШ долларымен алғанда 0,9 процентке төмендепті. Ал Қазақстан аталған тізімде бұрынғысынша екінші орында келеді. Біздегі орташа айлық мөлшері 481 доллар немесе 157 мың теңге. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда қазақстандықтардың жалақысы теңгемен 8,3 процентке, ал доллармен небәрі 1 процентке өскен. Ал үштікті Беларусь мемлекеті түйіндеп тұр. Ондағы қызметкерлердің орташа табысы 910,5 белорус рублі немесе 457 долларды құрайды. Төл валютамен есептегенде өсім деңгейі бойынша аталған мемлекет екінші орынға жайғасты - 18,3 процент немесе доллармен алғанда 7,8 процент. Артынша, Молдова, Армения, Әзербайжан, Украина Қырғызстан және Тәжікстан елдері келеді. 

Өткен демалыс күндері елордаға 2 мың тоннаға жуық көмір жеткізілді. Бүгінде көмірдің жалпы қоры 10 мың тоннадан асады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты. Астанаға жеткізілген 1727 тонна көмірдің 345 тоннасы «Шұбаркөл», 482-і «Қаражыра» көмірі. Осылайша, отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне сүйенсек, 21 желтоқсандағы жағдайға сәйкес көмірдің жалпы қоры шамамен 10 491 тоннаны құрайды. Бас шаһардағы көмір сұрыптарының бағасы мынадай: «Шұбаркөл» тоннасы 11 400 теңге, «Қаражыра» 13 200 теңге, «Майкөбе» 12 500 теңге, «Богатырь» көмірі 9 мың теңге және «Кузнецкий» отыны 12 250 теңге. Айта кетейік, бұрын хабарланғандай, елорданың отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы сатушылармен бағаны көтермеу жөніндегі меморандумға қол қойған болатын. Осы мақсатта қала әкімдігі күн сайын нарықтағы көмір құнына мониторинг жүргізіп, оны үнемі бақылауда ұстап отыр. Сонымен қатар «i-Komek» қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығының базасында азаматтар үшін арнайы жедел желі жұмыс істейді.

Павлодарлық фермерлер елордаға 2 мың тонна көкөніс жеткізеді

Бүгінде тұрақтандыру қорында шамамен 1 мың 300 тонна өнім бар, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Мемлекет басшысының Өңіраралық кооперацияны дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Павлодар облысының шаруалары тағы 2 мың тонна көкөніс өнімдерін жеткізеді, деп жоспарланып отыр. Өткен аптада елордаға ауыл шаруашылық өнімдері тиелген алғашқы керуен жөнелтілген болатын. Мәселен, Астанаға келісі 55 теңге болатын сәбіз бен келісі 60 теңгеден сатылатын картоптың 40 тоннасы әкелінді. Өнімдер қаланың ірі бөлшек сауда орындарында сатылады және сауда орындары тегін ұсынылады. Қала нарығын толық қамту үшін бұл мәселе базарлар мен дүкендер желілерімен қарастырылады. Жаңа жыл алдындағы бағаны реттеу үшін қияр мен қызанақтар коммуналдық базарда сатылады. Аталған азық-түлік түрлерін кейбір базарларда 10% үстемемен сатып алуға болады. Сондай-ақ қант тұрақтандыру қорының бағасы да төмендейді, оның көтерме сауда бағасы келісі үшін 215, ал бөлшек сауда құны 230 теңгені құрамақ.

Әлемдегі бай азаматтар 511 млрд доллар жоғалтты

Әлемдегі ең бай деген азаматтардың қалтасы жыл басынан 511 млрд долларға жұқарған, деп хабарлайды «Блумберг» агенттігі. Агенттік дерегі бойынша, жаһандық саудадағы текетірес пен «АҚШ-та экономикалық құлдырау болуы мүмкін» деген болжамдар жоғарыдағыдай жағдайға әкеліп отыр. Есептей келгенде, дүние жүзіндегі ең қалталы 500 адамның жалпы капиталы 4,7 трлн долларға дейін азайған, деп жазады РБК басылымы. Табыс қарқынының бәсеңдеуі "Амазон" компаниясының негізін қалаушы Джефф Безосты да айналып өтпепті. Блумбергтің есебі бойынша, бүгінде тізім көш басындағы кәсіпкердің капиталы қыркүйек айында 168 млрд долларды құраған. Алайда кейін 53 млрд долларға құлдилап, 115 млрд долларға төмендеген. Мәселен, осынша сома қаражат америкалық «Дельта Эйрлайнз» немесе «Форд Мотор» компанияларының нарықтың құнынан жоғары, деп жазады басылым. Сонымен қатар Фейсбуктің негізін қалаушы Марк Цукербергтің де қалтасы бір жыл ішінде 23 млрд долларға жұқарып, желтоқсандағы капиталы шамамен 50 млрд долларды құраған.

Хабар 24 телеарнасы