375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Отандық алтын қоры молайды

  • 1433
  • UPD: 11:41, 26.12.2018

Еліміздің алтын қоры молайып, әлем бойынша 15-орынға жоғарылады. Жыл басынан елде шамамен 88 тоннадан астам түсті металл өндірілген. 

Жыл басынан бастап елде шамамен 88,5 тонна алтын өндірілген. Жаңа кен орындарының іске қосылуы, өндіріс көлемінің артуы, заңнамалық актілердегі бірқатар өзгеріс пен толықтырулар, сондай-ақ Ұлттық банк тарапынан сұраныстың тұрақты болуы өсімге оң септігін тигізді. Статистика комитетінің дерегі бойынша, қараша айында түсті металл өндіру көлемі 8,5 тоннадан асқан. Осы қарқын 4 ай қатарынан жалғасып келеді. Ал қыркүйек айында 9 тоннадан асып, рекорд тіркелді. Жалпы өндіріс қарқынының жоғарылауы бірнеше факторға байланысты. Мәселен, осы жылдың маусым айында Шығыс Қазақстанда «Бақыршық» алтын кен орны іске қосылды. Ондағы қор көлемі 280 тонна, алайда асыл тасты алу технологиясы күрделі. Дегенмен өндіріс қуаттылығын жылына 10 тоннаға арттыру көзделіп отыр. Бүгінде «Бүкіләлемдік алтын кеңесінің» дерегі бойынша, отандық қордың жалпы көлемі 341 тоннаны құрайды. Ал жергілікті Статистика комитетінің дерегінше, өңделмеген немесе жартылай өңделген алтынның экспорт құны жыл басынан 4 млн долларға жеткен.

Осыдан 5 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырсақ, алтын өндіру көлемі шамамен 40 тоннаға артыпты. Мәселен, 2014 жылы – 49 тонна, 2015-те – 63 т, 2016-да – 74 және 2017 жылы 85 тоннаны құраған. Соңғы рет айлық өндірістің көлемі 2015 жылдың маусым айында ғана сәл төмендеген. Ал биылғы көрсеткішті өткен жылғы кезеңмен салыстырсақ, өсім деңгейі – шамамен 20 процент.

Әлемдік қор нарығына теңге төтеп бере ала ма?

Төл теңгеміз әлемдік қор нарығындағы өзгерістерге қаншалықты төтеп бере алады. «Осылай деп алаңдауға толық негіз бар», – дейді сарапшылар. Өйткені АҚШ-тың федералдық резервтік қызметі базалық мөлшерлемені өсіріп отыр. Бұл жағдай Қазақстанды да айналып өтпейтіні белгілі. Мәселен, әлемнің алпауыт экономикалары арасындағы сауда соғысы, қор нарықтарына кері әсер тигізіп отыр. Артынша қорғаныс активтерге сұраныс артып, алтын құны орташа есеппен 3-4 процентке жоғарылайды. Сарапшылардың санауынша, алдағы уақытта доллар арзандауы мүмкін. Бірақ бұл жағдайда теңге рубльге тәуелді болғандықтан, төл валютамызға оң әсер береді деп ойлау қате түсінік. Қара алтын бағасы да жуырда баррелі үшін 50 долларға арзандап жатса, таң қалудың қажеті шамалы. Ал жыл соңында әдеттегідей валютаға деген сұраныс артса, бағамның тұрақсыздануы – заңдылық. Astana Best Consulting Group экономисі Арман Байғановтың айтуынша, осының кесірінен елге тартылар инвестиция көлемі біршама азаюы мүмкін.

Арман Байғанов, Astana Best Consulting Group экономисі:

- АҚШ-тың федералдық резервтік жүйесінде базалық мөлшерлеменің жоғарылауына байланысты дамушы елдердегі инвестиция көлемі, керісінше, азаюы мүмкін. Бұл өз кезегінде қор нарығына кері әсерін тигізіп, әлемдік экономиканың дамуына тежеу болады. Артынша, мұнайға деген сұраныс та төмендейді. Қазақстан қор биржасының таяуда ғана аяққа тұрып келе жатқанын ескерсек, елден ірі көлемде капиталдың шыға қоюы екіталай. Бірақ ірі көлемде инвестиция тарту да қиындай түспек. Негізі кез келген нарық әр 8-10 жылда бір жаңартылып отырады.

Суармалы жерлерді дамытуға 1,2 трлн теңге жұмсалады

Елде суармалы жерлерді дамыту үшін 1,2 трлн теңге жұмсалады. Бұл туралы кеше Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев хабарлады. Оның айтуынша, инвестиция түрлі халықаралық қаржы институттары арқылы тартылады. Ол үшін саланың стратегиялық даму бағыттарына талдау жүргізіліп, оның нәтижесінде өнімдерді экспортқа бағыттау және импортты алмастыруға арналған 15 негізгі бағыт-бағдар анықталды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, бағдарламаны жүзеге асыру жаңа мал өсіруші-фермерлер класын құруға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында фермерлік шаруашылықтардың саны 20 мыңнан 100 мыңға дейін артып, ауыл тұрғындарына жұмыс орындарын 100 мыңнан 500 мыңға дейін ұлғайтуға, экспорттан түсетін пайда көлемін 2,4 млрд долларға дейін молайтуға және бір жұмысшыға еңбек өнімділігін $1000-дан $8000-ға дейін өсіруге жол ашады.

Арман Евниев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары:

- 2028 жылға дейін суармалы жерлерді дамыту жоспарына сәйкес, жалпы аумағы 3,5 млн га алқапты сумен қамту арқылы бағдарламаның негізгі мақсаты орындалмақ. Мұндағы инвестиция көлемі – 1 трлн 2 млрд теңге. Артынша, айналымнан шығарылған бірақ сұранысы төмендемеген 600 мың га жерді қалыпқа келтіріліп, жаңа 1,5 млн га алқап енгізіледі.

Қаржылық сауаттылықты арттыру шарасы

Тұрғындар арасында қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында Ұлттық банк арнайы сайтты іске қосты. «Осы арқылы азаматтар экономикалық тәуекелдердің алдын алып, тұрмыстық және кәсіпкерлік деңгейдегі қаржылық қатынастарды оңайлықпен орындай алады» делінген сайтта. Сондай-ақ сайт қолданушылары «Ұлттық валюта», «Депозит», «Несие», «Сақтандыру», «Отбасылық бюджет», «Төлемдер мен аударымдар», «Норвативтік-құқықтық база», «Зейнетақы жүйесі» бөлімдеріне өтіп, өзіне қажет ақпаратты ала алады.  

Қазақстан қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының құны 371 теңге 8 тиынға төмендеген. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 372 теңгеге сатып алуға болады.

Авторы: Мейірлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы