375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шығыс Қазақстан облысындағы турбазалардағы баға шарықтап тұр

  • 1559
  • UPD: 12:53, 28.12.2018

Қай елдердің инновациясы озық? Қазақстанның салаға бағыттап жатқан қаражат мөлшері қандай?

Сонымен қатар ұлттық қордың табыс көлемі, мереке қарсаңында демалыс орындарындағы баға, Франциядағы «сары жилеттер» шеруінен келген шығын мөлшері мен көрші Қытайдағы электромобильдерге сұраныстың төмендеуі туралы «Хабар 24» тілшісі баяндайды.

Шығыс Қазақстанда мереке қарсаңында туристік нысандардағы баға адам сенгісіз 220% дейін жоғарылап кетіпті. Өңірдегі ірі туристік нысандар, оның ішінде санаторий мен шаңғы базалары жаңа жыл кештерін өткізу үшін қызмет құнын 2-3 есе өсіріп отыр. «Ондағы жаңажылдық демалыс Үндістанға жасалған саяхаттан да қымбат болмақ», - деп жазады Kursiv.kz. Мәселен, тау-шаңғы кешендерінде ағаш үй жалдау тәулігіне 800 мың теңгеге шығады екен. Осылайша, шамамен бір апталық қыдырыс құны екі адамға - 3 млн 400 мың теңге. Салыстырып қарайтын болсақ, мереке қарсаңында Үндістан еліне 8 күнге барып келу қос жанға 630 мың теңгеге, ал Таиландқа 1 млн теңгеге арзанға түседі. Санаторийде шағын коттедж жалға алу бағасы тәулігіне – 42 мың теңге. Былайғы күндері – 21 мың. Ал тау-шаңғы кешендерінде екі бөлмелі үйдің бағасы күніне 432 мың теңгеге дейін барады. Алайда күні кешеге дейін небәрі 132 мың теңгеге жалға берілген. Қызығы сол, тамақтану, құрал-саймандарды жалға алу, монша мен емдеу процедуралары үшін қосымша төлейсіз.

 

Қазақстанның инновация саласына бағыттап жатқан қаражат мөлшері қандай?

Ғылымға қаражат бөлуден көш бастап келе жатқан бірден бір мемлекет – Израиль. ЮНЕСКО-ның статистикалық институтының деректеріне сүйенсек, елдің ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрастыру жұмыстарына жұмсап жатқан қаржысы жергілікті жалпы ішкі өнімнің 4,3% құрайды. Екінші орында Оңтүстік Корея - 4,2%. Үштікті Швейцария түйіндейді. Артынша Швеция және Жапония елдері келеді. «Алайда өсу қарқыны бойынша Қытай аталған елдерді басып озуы мүмкін», - дейді сарапшылар. Өйткені өткен жылы салаға бөлінген қаражат көлемі - 234 млрд доллардан асыпты. Келер жылы Аспан асты елінде ғалымдар мен өнертапқыштар саны 6 млн адамнан асады деп күтіліп отыр. Ал осы тізімде Қазақстанның алар орны әзірше жоғары емес. Өйткені жалпы ішкі өнімнің небәрі 0,17% жетер-жетпес. Осылайша, бүгінде 74-ші сатыда келеміз. Орталық және Оңтүстік Азия аймақтарында Үндістан мен Иран елдері көш бастап отыр.

2018 жылдың 9 айында Ұлттық қорға инвестициялар есебінен шамамен 48 млн доллар көлемінде кіріс түсті. «Осылайша, қордағы валюталық портфельдің жалпы нарықтық құны қыркүйекте 56,4 млрд долларды құрап, қаңтардан бергі есеп бойынша 3,2% қысқарған», - деп хабарлайды ҚазТАГ. Ұлттық қордағы валюталық портфельдің жалпы нарықтық құнының шамамен 37 млрд доллары құнды қағаздардың үлесінде. Қаржылық нарық - $6,1 млрд, акциялар - $12,2 млрд және жаһандық-тактикалық үлестіру - $1,11 млрд доллар. Ал дамыған елдердің егеменді борышкерлік міндеттемелер портфеліне арналған үлгілі индекске меншікті салмағы бар индекстер жатады. Олар АҚШ – 55%, Еуропа – 15%, Ұлыбритания – 10%, Жапония, Австралия, Канада және Оңтүстік Корея – 5%-тен.

2018 жылдың ІІІ тоқсаны бойынша қор табысының түсімділігі 0,84%-ті құрады. Қордың құрылғанынан бастап осы жылдың қыркүйек айына дейінгі табысы 81,01%-ке, ал жылдық есеп бойынша 3,48%-ке жетті. Қордың жаһандық кастодиан деректері бойынша, 2018 жылдың алғашқы 9 айы ішінде инвестициялық қор қалыптасты. Оның базалық валюта АҚШ долларымен есептегендегі құны $48,25 млн.

 

Франциядағы шеру 2 млрд еуро көлемінде шығын әкелді

Франция саудагерлері «сары күртешелердің» шеруінен 2 млрд еуро жоғалтты. Және бұл шамамен алғандағы сома, нақты көрсеткіш келер жылы жарияланады. Бұл туралы жергілікті Сауда федерациясы мен ұлттық сауда орталықтары кеңесі хабарлады, - деп жазады Интерфакс-Қазақстан. Сондай-ақ ереуілшілердің бірқатар нысанды қоршауы кесірінен 43 мыңға жуық адам жұмысынан уақытша шеттетілді.

Еске салайық, қараша айының ортасында Францияда жанармай бағасының қымбаттауына қарсы наразылық акциялары өтті. Халық арасында «сарылар» деп аталған қозғалыстың шерулері әр сенбі күні ұйымдастырылған болатын. Алғашында тек жанармай бағасын өсірмеуге бағытталған наразылық шаралары кейін билікке қарсы бағыттала бастады. Осылайша, азаматтар әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға Үкімет көмегінің жеткілікті болмауын алға тартқан. Артынша Франция билігі райынан қайтып, жанармай салығын өсіруді кейінге қалдырыпты. Ел президенті Эммануэль Макрон әлеуметтік-экономикалық жағдайға басымдық берілетіні туралы хабарлады. Осыған байланысты келер жылдан бастап Францияда ең төменгі жалақы мөлшері қосымша 100 еуроға ұлғайтылады. «Зейнетақымен қамсыздандыру шаралары қолға алынып, жұмыстың мерзімінен тыс сағаттары үшін қосалқы ақыдан салық ұсталмайды», - деп шешілді.

 

Қытайда Tesla көліктері арзандады

Tesla Қытайда үшінші үлгідегі көліктерінің бағасын кезекті рет түсірді. Аспан асты елінде соңғы 2 айда осымен үшінші рет жеңілдік жасалып отыр. Осылайша, электромобильдердің құны 7,6% төмендеді. Бұдан былай Тесланың үшінші моделінің бағасы шамамен 500 мың юань немесе 72 мың долларды құрамақ, - деп хабарлайды «Финам» порталы. 22 қарашадан бастап есептегенде, Қытайда электрокар 12-ден 26% дейін арзандапты. Сарапшылардың айтуынша, аталған шаралар АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы аясындағы жаңа баж салықтарына әсер ету әрекеті болып саналады. Еске салайық, қазан айында Бейжін мен Вашингтон арасында экономикалық текетірес басталған сәтте Қытайда «Теслаға» деген сұраныс күрт 70% төмендеп кеткен еді. Қытайдың жолаушылар көліктері қауымдастығының деректеріне сәйкес, америкалық өндіруші компания қазан айында 211 көлігін сатқан болатын. Айта кетейік, жалпы жаңа жеңіл көліктердің сатылымы әлем бойынша 7,3% төмендеп, 7 млн 916 мың бірлікті құрады. Дегенмен, көш басында бұрынғысынша Қытай, онда 2 млн 532 мың көлік сатылса, екінші орынға жайғасқан АҚШ-тағы көрсеткіш – 1 млн 381 мың.

Қазақстан қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының құны 375 теңге 15 тиынға жоғарылады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 376-377 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы