378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Отандық мұнай өндірісі жылды тарихи рекордпен қорытындылады

  • 1603
  • UPD: 11:11, 31.12.2018

Отандық мұнай өндіру саласы жылды тарихи рекордпен қорытындыламақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл басынан көрсеткіш 4,7 процентке өсіп, 90 млн тоннадан асты.

Биыл мұнай өндіру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,7% жоғарылап, бұрын болмаған 90 млн тоннадан асты. Оның ішінде 3 ірі жоба бойынша қара алтын өндіру мөлшері шамамен 54 млн тоннаны құрайды. Мәселен, Қашағандағы өндіріс былтырғыдан 20 пайызға артып, 3,2 млн тоннаға, Теңізде 28,6 млн тоннаға, ал Қарашығанақта 12,1 млн тоннаға жетті. Газ саласында да өсім байқалды. Өйткені, газ өңдеу көлемі былтыр жоспарланған көрсеткіштен жоғары – 54,8 млрд текше метр. Ал тауарлық газ өндірісі 33 млрд текше метрге, сұйытылған газ 3 млн тоннаға жеткен. Осыған байланысты газ экспорты 10 проценттен артып, 19 млрд текше метрді құрады, деп жазады «Нарық.кз» порталы.

Табиғи газды тасымалдау бойынша таяуда ғана Өзбекстан елімен келісімге қол қойылды. Атап айтсақ, ала шапанды ағайынның 1 млрд текше метр көгілдір отыны Ташкент қаласына Қазақстан аумағы арқылы жеткізіледі. Ол үшін «Газли – Шымкент» пен «Бұхара газды ауданы – Ташкент – Бішкек – Алматы» магистральді газ құбырлары қолданылады. Ал жылдың экономикалық жетістігі ретінде көрші Қытайға жылына 10 млрд текше метр көгілдір отын экспорттау туралы келісімге қол қойылғанын атауға болады. Осылайша, өткен жылы аспан асты еліне 1,1 текше метр газ экспортталса, биыл осы көрсеткіш 5,8 млрд текше метрге жеткен.

Елдегі жаңа жыл құны - шамамен 500 млн теңге

Елде мерекелік безендіру жұмыстарына шамамен жарты млрд теңге жұмсалды. Алайда әр қаланың шығыны әр түрлі. Тіпті кейбірінде бюджеттік қаражат үнемделіп, былтырдан қалған материалдар пайдаға жаратылды. Мәселен, Көкшетау мен Петропавлдың қазынасы шектеулі болғандықтан, жергілікті басшылық мүлдем ақша жұмсамауды шешкен. Ал Таразда отшашуға 1,5 млн теңге бөлінсе, Қызылордада осы мақсаттарға 4,5 млн теңге бағытталыпты. Қостанай әкімдігінен – 25 млн теңге жұмсалса, Ақтөбеде – 30 млн теңге. Алайда оның 20 млн-ы демеушілердің қалтасынан шығып отыр. Павлодар мен Қарағандыда – 50 млн теңгеден. Атырауда 60, Шымкентте 70. Көш басында бұрынғысынша Алматы – 175 млн теңге. Ал елордадағы нақты сома белгісіз. Дегенмен қаражаттың едәуір бөлігі демеушілердің есебінен шықты, деп сендірді әкімдіктегілер.

Елордада бюджет саласының қызметкерлеріне 100 млн теңге бөлінді

Мереке қарсаңында мұғалімдерге, дәрігерлер мен полиция қызметкерлеріне тұрғын үй сертификаттары табысталды. Қолжетімді баспана алуға жағдай жасау бағыты бойынша Астана әкімдігі бюджет саласының қызметкерлеріне қала бюджетінен 100 миллион теңге бөлді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты. Тұрғын үй сертификаттары «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламаларын жүзеге асыру аясында өз қызметінде лайықты жұмыс жасап, сол арқылы елорданың дамуына үлес қосқан азаматтарға берілді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өкілдерінің айтуынша, өтініш беру кезінде мұғалімдер, дәрігерлер және полиция қызметкерлері, сонымен қатар олардың отбасы мүшелері Астанада тұрақты тіркеуде тұрып, аталған банктің салымшылары және өз шоттарында жинақтары болуы керек. Бөлінген ақшалай қаражат салымшыларға алғашқы жарнаның 20% тез жинақтауға мүмкіндік бермек.

«Елбасы жергілікті бюджеттен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны жартылай субсидиялау жолдарын қарастыруды бұйырды. Тұрғын үй сертификаттарын табыстау білікті педагогтар, дәрігерлер, полиция қызметкерлері және басқа да мамандар үшін ипотеканың қолжетімділігін арттырады. Біз қаражатты бүгінгі таңда қаланың дамуына аса қажетті мамандық иелеріне бөлдік. Біздің елорда өмір сүру үшін ең қауіпсіз және ыңғайлы болуы керек. Ол үшін біз тиісінше білім саласын, денсаулық сақтау және құқық қорғау жүйелерін дамытуға тиіспіз. Әлеуметтік саладағы қызметкерлер де назардан тыс қалмайды»

Каспийде браконьерлерден келген шығын көлемі – шамамен 191 млн теңге

Каспийде ұсталған браконьерлерден құны 191 млн теңгеге жуық балық тәркіленді. Отандық шекарашылар теңіз акваториясында шетелдік браконерлерді ұстау оқиғасының  жаңа деректері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Еске салайық, 28 желтоқсанда Жағалау күзеті басқармасы шекара кемесінің жауынгерлік кезекшілігі кезінде «Байда» шағын қайығы байқалып, шекарашылар күдік тудырған су көлігінің ізіне түскен. Шағын қайықты тоқтату мақсатында «Мемлекеттік шекара туралы» заңға сәйкес қару қолданылды. Қайықтағылардың бірі оң жақ иығынан жанама жарақат алып, оған медициналық көмек көрсетілді. Еске салайық, осыдан бұрын шағын қайық ұсталып, онда 4 адам болғандығы хабарланған еді. Әзербайжан Республикасы азаматтарының сөзіне қарағанда, 40 асыл тұқымды балық, 10 жәшік браконьерлік балық аулау мен спутниктік байланыс және навигация құралдары тәркіленді. Осылайша, ұсталған шағын қайықты тексеру және борттағы жүктерді санау барысында балықтардың саны бұрынғы мәліметтен өзгеше екендігі белгілі болды. Тәркіленген 198 балықтың жалпы салмағы шамамен 794 келіні құрайды. Нақты бағаланған құны – 190 928 140 теңге.

Қазақстан қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ доллары 384 теңге 20 тиынға дейін қымбаттады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 386-387 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы