375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанның сыртқы қарызы 8,6% азайды

  • 1384
  • UPD: 13:39, 07.01.2019

Отандық өнеркәсіп өнімдері мен азық-түлік бағасы, шағын және орта кәсіп орындарының ашылу қарқыны мен елдің сыртқы қарызы туралы «Хабар 24» тілшісі баяндайды.

Елдің сыртқы қарызы 8,6% азайды

Елдің сыртқы қарызы өткен жылдың қазан айғы есебі бойынша 8,6% азайып, 161,5 млрд долларға дейін төмендеген, деп хабарлайды Ұлттық банк. Сыртқы борыштың 63,7% бұрынғысынша фирмааралық берешек құраса, 25,7% байланысты емес кредиторлар алдындағы қарыз болса, керек. 7,1% мемлекеттік сыртқы борыш, ал, 3,5%-і «Банк» секторының сыртқы міндеттемелері. Өткен жылдың 3 тоқсанында экономиканың барлық секторлары есебінен елдің сыртқы берешегі 3 млрд АҚШ долларына қысқарды. Ал мемлекеттік сыртқы борыш негізінде Ұлттық банктің қысқамерзімді ноталарын өтеу және оларға шетел инвесторларының сұранысының азаюы есебінен шамамен 453 млн АҚШ долларына қысқарған, деп жазады «Нарық.кз» порталы. Ал фирмааралық берешек мұнай-газ секторындағы ірі компаниялардың шетелдік ұйымдардың еншілес кәсіпорындарынан несиені өтеу нәтижесінде 823,7 млн АҚШ долларына азайды.

Өткен жылы ең көп табыс тапқан футболшылардың тізімі жарияланды. Көш басын аргентинкалық ойыншы - Лионель Месси бастап тұр. Артынша оның басты бәсекелестері - португалиялық Криштиану Роналду мен бразилиялық Неймар жайғасты.

 

Футболшылардың жылдық табысы жарияланды

Өткен жылы ең көп табыс тапқан аяқдопшылардың тізімі жарияланды. «Барселона» командасының ойыншысы Лионель Месси топ жарды. Оның жылдық табысы 84 млн АҚШ доллары. Ал аргентиналық шабуылшының басты бәсекелесі Криштиану Роналдудың жалақысы 23 млн долларға аз болып шықты. Франциялық «ПСЖ» клубының ойыншысы Неймар болса, 73 млн ақш долларымен үштікке еніп отыр. Артынша, уэльстік спортшы Гарет Бейл мен франциялық аяқдопшы Поль Погба жайғасты. Үздік ондықты тағы да сол Франция ұлттық құрамасының ойыншысы Киллиан Мбаппе түйіндеді. Ең жас ойыншының жылдық жалақысы - 20 млн доллар.

 

Елімізде отандық өнеркәсіп өнімдері 6,2% арзандаған

Өткен желтоқсан айында отандық өнеркәсіп өнімдері алдыңғы аймен салыстырғанда 6,2% арзандаған. Алайда 2017 жылғы кезеңмен салыстырсақ, 19% өскенін байқауға болады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінен белгілі болды. Өткен жылдың басынан қайта өңдеу өнеркәсібіндегі өндіруші кәсіпорындардың құны 8,8% жоғарылаған. Өндірілген өнеркәсіп өнімінің бағасы шамамен 13% артып, өнеркәсіп бағытындағы қызмет құны 6,7% өсті. Мәселен, мұнай 1,5%, бензин 1,8% табиғи газ 15%, көмір 10,7%, дизель отыны 26%-ке қымбаттаған. Сондай-ақ ферроқорытпалар 24%, қара металдар прокаты 15,4%, алюминий шамамен 4%, мыс 1,5%-ке қымбаттаса, цинк пен қорғасын керісінше,12% дейін арзандаған. Ал азық-түлік өндірушілері арасында бидай ұны 6,7%, күріш 22%, құс еті 14,5%, ірі қара мал еті - 3,6%, шай бағасы мен қарабидай ұны шамамен 9 және 10% қымбаттаған.

 

Елордада айына 1,4 мың ШОБ субъектісі ашылады

Астанада жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны шамамен 22%, ал жұмыспен қамтылғандар саны 6,2% өсті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты. Іскерлік белсенділіктің және ең алдымен кәсіпкерліктің өсуіне «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру өз септігін тигізген. 2010 жылдан бері бағдарлама бойынша 177,3 млрд теңгеге тең мыңнан астам жоба мақұлданды. Оның ішінде өткен жылы 32,3 млрд теңгеге 132 жоба қолға алынды. Бағдарламаны іске асыруда әлеуметтік-экономикалық әсері деп осы уақытқа дейін сақталған 9 мыңнан аса және 5 300 жаңа жұмыс орнын айтуға болады. Кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсету нәтижесінде шағын және орта бизнеске өнім өндіру көлемін 17,7% арттыруға мүмкіндік берді.

 

Фрилансерлер зейнетақы жарнасын төлеуге міндеттелмейді

Бұдан былай отандық фрилансерлерге зейнетақы жарнасын төлеу міндеті жүктелмейді. Енді олар үшін тапсырыс беруші заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер «салық агенттері» ретінде жеке кіріс салығын төлеуі тиіс. Осылайша, жалдамалы қызметкер ретінде еңбек етіп, азаматтық-құқықтық негізде жасалған келісіммен жұмыс істейтін жеке тұлғалар зейнетақы жарнасын төлеуден босатылды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлайды. Алайда, азаматтық-құқықтық шартқа отырғандар өз бетінше міндетті зейнетақы аударымдарын жасау құқығына ие. Осыған байланысты олардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жеке шоттары автоматты түрде ашылады. Аталған өзгертулерді 2019 жылдың алғашқы тоқсанында енгізу жоспарланып отыр.

«2018 жылдың 27 желтоқсанындағы ҚР «Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына енгізілген түзетулер міндетті зейнетақы жарнасын төлеу процедураларын оңтайландыруға бағытталған. Енгізілген өзгерістер осы санаттағы жұмыс істейтін азаматтардың, депутаттық корпус өкілдерінің, бірқатар заңды тұлғалардың, фрилансер қызметін пайдаланып отырғандардың басым бөлігінің пікірін назарға алып отыр. Қабылданған заңнамалық өзгерістерді жүзеге асыру үшін 2019 жылдың бірінші тоқсанында тиісті ережелерге өзгерістер енгізілетін болады. 

Қазақстан қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының құны 378 теңге 12 тиын. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 380-381 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы