389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сарапшылар: 2030 жылға қарай елімізде 57 мамандық түбегейлі жойылады

  • 1973
  • UPD: 10:36, 09.01.2019

Қазақстандағы университет түлектерінің жартысынан көбі жұмыссыз жүр.

Бұл туралы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы хабарлады. Оған себеп, түлектердің дені дұрыс мамандық таңдамаған көрінеді.

Сарапшылар 2030 жылға қарай елімізде 57 мамандық түбегейлі жойылып, оның орнын 180 мамандық басады деп отыр. Демек студенттердің жұмыс таңдау аясы кеңейе түспек.

Биыл ел студенттеріне 74 мың білім гранты бөлінді. Қосымша тегін білімнің 11 мыңы – техникалық мамандықтарға, 5 мыңы – еңбек нарығына қажет басқа мамандықтарға, 3 мыңы – магистрлерді даярлауға және 1 мыңы PhD докторларын даярлауға бағытталды. Елбасы Жолдауында «Соңғы 2 жылда білім мен ғылым жүйесіне бюджеттен бөлінген қаржы көлемі 22 пайызға өсіп, 2 триллион теңгеден асты» делінген. Демек салаға көңіл бөлініп-ақ жатыр. Дегенмен білім сапасы мен түлектердің жұмысқа орналастырылуы күн тәртібінен түскен жоқ. Уақыт ағыны әр бес жыл сайын қатарға жаңа мамандықтар қосылып жатқанын көрсетеді. Болжам бойынша, 2020 жылға қарай технологиялардың дамуы себепті жаһанда 5 миллион жұмыс орны жабылады. 2030 жылға қарай 800 миллион жұмыс орнын құлтемірлер алмастырады. Бәсекеге қабілетті түлек дайындау маңызды. Абырой болғанда, үдеден шығып жатқан оқу орындары бар.

Биылдан бастап, Еуразиялық экономикалық одақтың «Табиғи минералды суды қоса алғанда, қаптамадағы ауызсудың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті күшіне енеді. Оның негізінде қаптамада судың сапасы мен қауіпсіздік деңгейін көрсету маңызды емес. Бұл дегеніміз, кәсіпкерлердің нарықтағы бәсекесі жаңа сипатқа ие болады. Бүгінде Қазақстанда 500-ден аса кәсіпорын минералды суды өндіріп, шығарады. Олардың көбі – шағын ұйымдар. Ал қазақстандықтар бір жылда құтыдағы ауызсу үшін 50 млрд теңге жұмсайды екен. Демек сұраныс жоғары. Сарапшылардың пікірінше, сусындар нарығындағы таза судың үлесі 60 пайызға жеткен. Елімізде өндірілетін алкогольсіз сусындардың 93 пайызы ішкі нарықты қамтиды. Сырттан әкелінетіні де аз емес. Қазақстанда 285 жерасты және 11 емдік қасиетке ие минералды су көздері бар. Бұл – ресми дерек. Өткен жылы отандық кәсіпкерлер 1 млрд литрге жуық минералды су өндірген. Белсенділер көшін Алматы, Алматы облысы және Түркістан бастайды. Табысты кәсіптің шығыны да салмақты. Есесіне сапалы өнім Ресей, Қытай, Парсы шығанағы елдерінде сұранысқа ие.

Сарапшылар 2050 жылға қарай ауызсуға деген сұраныс 55 пайызға жетеді. Десе де, құтыдағы суды өндірушілер үлесі еселеп артуда. Соңғы жылдары Қазақстанның өзінде 30-ға жуық кәсіпорын бой көтерген. Болжам бойынша, 2020 жылы әлемдегі жылдық өндіріс айналымы 280 млрд долларға жетуі ықтимал.

Өткен жылдың желтоқсан айында Медициналық сақтандыру қорына 10 млрд 400 млн теңгеден аса жарна түскен. Оның 93,5 пайызы, яғни 124 млрд теңге жұмыс берушілердің аударымдары, қалғанын жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалар салған. Жіктер болсақ, әлі де Алматы, Астана қалалары мен Қарағанды облысы белсенді. Ал қаражат Ұлттық банкте сақталып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті аясында көрсетілетін қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Еске салайық, жарна мөлшері 2018-2019 жылдары – 1,5%, 2020 жылдан бастап 2% құрайды.

Qazaq Banki міндеттемелерінің 71 пайызын орындады. Бүгінге дейін 3000-ға жуық адамға 15 млрд теңге көлемінде қаражат төленді. Банкке жүгінген салымшылардың 93% төлемді бір күнде алған. 15 мың салымшы кепілдік берілген өтемақысын алуға асықпай отыр. Енді олар 2019 жылдың 24 маусымына дейін банкке жүгіне алады. Еске салайық, Qazaq Banki өткен жылы лицензиясынан айырылған болатын. Қаржы ұйымында жеке тұлғалардың 23 миллиард теңге депозиттері орналастырылған. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының өтемақы төлеу бойынша міндеттемелері 20 миллиард-қа жуық теңгені құрады.

Ресейдегі тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының төрағасы Михаил Шмаковтың пікірінше, елдегі ең төменгі жалақы мөлшері дұрыс есептелмейді. Енді ол еңбек Кодексіне түзету енгізуді ұсынып отыр. Айтуынша, ең төменгі күнкөріс деңгейі шындыққа жанаспайды әрі халықтың сұранысын қанағаттандырмайды. Төлемақы шамамен 25 мың рубльге тең болуы тиіс. Қазір мұндағы ең төменгі жалақы 11 280 рубльді құрайды. Ал Қазақстанда жаңа жылдан бастап, ең төменгі жалақы 28 мыңнан 42 мың теңгеге артты.

Хабар 24 телеарнасы