378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде білім саласына жұмсалған қаражат 95,4 млрд теңгеге азайды

  • 854
  • UPD: 10:05, 15.01.2019

Өткен жылы білім беру саласына 340 млрд 600 млн теңге жұмсалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл 2017 жылмен салыстырғанда, шамамен 100 млрд теңгеге аз. Қаражат нысаналы мақсатта жұмсалды ма? Министрліктің алдағы жоспары қандай?

Білім саласына жұмсалған қаражат 95,4 млрд теңгеге азайды

1 трлн 123 млрд 100 млн теңге. 2020 жылға дейінгі бюджет жобасында білім мен ғылым саласын дамытуға қарастырылған қаражат мөлшері осындай. Жоғарыда аталған соманың төрттен бір бөлігі өткен жылы жұмсалды. Жалпы былтыр білім беру саласына 340 млрд 600 млн теңге бөлінген. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 95,4 млрд теңгеге аз. Осы соманың шамамен жартысы білікті мамандарды даярлауға жаратылса, 53 млрд теңге жаңа мектептердің құрылысына бағытталды. Тағы 33 млрд теңге дарынды балдарды оқытуға жұмсалыпты.

Қаражаттың азаюы мемлекеттік бюджет шығынының 19 процентке кемуіне байланысты. Алайда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша білім мен денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат мөлшері алдағы уақытта жалпы ішкі өнімнің 10 проценттік көлеміне дейін ұлғаяды. Мектепке дейінгі тәрбиешілер мен мұғалімдердің мәртебесін арттыру шаралары да қолға алынбақ.

Түркістан облысында агроөнім көлемі ұлғайды

Өткен жылы Түркістан облысының Мақтаарал ауданында жалпы ауылшаруашылық өнімінің көлемі 42 млрд теңгеге жеткен. Жергілікті әкімдіктің баспасөз қызметінен белгілі болғандай, диқандар шамамен 61 мың гектар жерге егістік ексе, оның 38 жарым мыңы мақта дақылына тиесілі. Жалпы аудан бойынша 96 мыңнан астам тонна ақ алтын жиналып, орташа өнімділік 25 центнерді құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 центнерге көп. Өнім көлемі ішінде өсімдік шаруашылығы – 32,2 млрд теңге, мал шаруашылығы – 9,6 млрд және ауылшаруашылық қызметі 278 млн теңгені құраған. Айта кетейік, ауданда ұзындығы 1 140 шақырымды құрайтын 530-дан астам канал, 840,7 шақырымдық 290 су қашыртқысы мен 340-қа жуық тік дренажды ұңғымалар бар.

Маңғыстауда экоқала құрылысына $200 млн бөлінеді

Маңғыстау облысының әкімдігі Ақтау экоқаласының құрылысына 200 млн доллар қаражат бөледі. Инфрақұрылым, жол, электр және сумен қамту желілеріне қаржы облыстық бюджеттен жұмсалады. Ал тұрғын үй, мектеп, балабақша мен медициналық және сауда-ойын сауық орталықтарының құрылысына қаражат инвесторлар есебінен шығады. Сондай-ақ экоқала аумағында АйТи-саябақ пен стадиондар салынады. Ондағы көлік түрлері де экологиялық таза болмақ. Аумағы 865 гектарды құрайтын экоқала облыс орталығының солтүстігінде орналасады. Жобаның жалпы құны – 2 млрд 100 млн долларға тең. Бүгінде оны қаржыландыратын арнайы қор құрылып жатыр. Келісімге сай, инвестицияны толық өз мойнына британдық «ААG Corporate Services» алса, қытайлық тарап 400 млн доллар көлемінде банк кепілдігін ұсынбақ.

«Әбу-Даби Плазада» жергілікті кадрлар саны артады

«Әбу-Даби Плаза» құрылысында қызмет атқаратын қазақстандықтардың саны 3-4 есе артады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты. Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда ауқымды жоба бойынша 1400 жұмыскер еңбек етеді. Оның 56% – Қазақстан азаматтары. Айта кетейік, 2019 жылдың шілдесіне дейін мұндағы қызметкерлердің саны 2 мың 350 адамға дейін артады. Бұл ретте жергілікті жұмыскерлердің саны 3,4 есе немесе 1 мың 605 адамға көбейеді. Ал шетелдік жұмыс күші 3,6 есе немесе 745 адамға артады. Сондай-ақ шілде айында жұмыскерлердің санын 3 мың 300 адамға дейін арттыру көзделіп отыр. Оның 60-65% жергілікті мамандар болмақ. Осылайша, «H» және «P» блоктары наурызда, «Z», «O» және «Y» блоктары маусымда пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Ал «R» блогының құрылысы 2019 жылдың маусым айының соңында аяқталмақ.

Отандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ доллары 2 теңгеге қымбаттап, бүгінгі бағамы 378 теңге 29 тиынға жетті. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 379-380 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы