375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ТМД елдеріндегі мұғалімдердің айлығы қанша?

  • 955
  • UPD: 17:02, 18.01.2019

Өткен жылы 205 мың мұғалімнің жалақысы 30 процентке көтерілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еңбекақының кезекті рет көтерілуі қашан болмақ? ТМД елдеріндегі педагогтардың айлығы қанша?

Мұғалімдердің жалақысы бойынша ТМД арасында Балтық елдері көш бастап тұр. Мәселен, Эстонияда оқытушылардың орта айлық мөлшері – 1 жарым мың доллар. Литва мен Латвияда шамамен мың доллар болса, Ресейде 512 АҚШ доллары. Қазақстандағы деңгей еуропалық көрсеткіштен төменірек болғанымен, Орталық Азия елдері арасында жоғары. Отандық оқытушылар орта есеппен 311 доллар немесе 117 мың теңге еңбекақы алады. Ал 1 қыркүйектен бастап 90 мың қазақстандық мұғалімнің жалақысы кезең-кезеңімен өсіріледі, деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ сыныпқа жетекшілік ету мен дәптер тексеру үшін төленетін қосымша ақы да 3 еселенеді.

Елде 200 келіден астам алтын құйма сатылды

Ұлттық банк қазақстандықтардың қанша алтын құйма сатып алғанын жариялады. «Қазақстанда Ұлттық банктің аффинажды таза алтын құймаларын сату-сатып алу бағдарламасы өткен жылдың мамыр айында қолға алынған болатын. Бағдарлама басталғалы жалпы салмағы 222,3 келі болатын 5 мың 924 құйма сатылған. Оның ішінде екінші деңгейлі банктер арқылы салмағы 216,7 келі болатын 5 мың 770 құйма сатылды», – делінген хабарламада. Ал былтыр жыл соңында бағдарламаға қосылған айырбастау орындарында 810 грамм болатын 37 құйма сатылған.

Соңғы үш аптада криптовалюта нарығының жалпы құны шамамен 3,7 процентке, яғни шамамен 5 млрд долларға түсіп, 122 млрд 800 млн долларды құрады. Тұңғыш криптовалюта – биткоин бағамы 4 мың доллардан аса алмай отыр. Өткен жылдың желтоқсанында құны 3 мың 800 АҚШ долларын құраған биткоин бүгінде 122 долларға арзандағанын байқауға болады. Цифрлық алтынның құны тек 7-қаңтарда ғана аралық шарықтауына жетіп, 4 мың 50 долларға тең болды. Криптологтардың айтуынша, биткоин қызметі алтын атқаратын жүйеден артық болмаса, кем емес. Осы қарқынмен жалғаса берсе, биткоин нарығының капитализациясы алтындікінен асып түсіп, 7 трлн долларға жетеді деп болжайды сарапшылар. 

Отандық ауыл шаруашылық өндірісі 3,4% өсті

Елде ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі өткен жылы 4 млрд 410 млн теңгені құраған. Бұл алдыңғы жылғы кезеңмен салыстырғанда 3,4% көп, деп делінген Статистика комитетінің сайтында. Атап айтсақ, есептік кезеңде мал шаруашылығы өнімдерін шығару көлемі - 2 млрд 44 млн 900 мың теңге, өсімдік шаруашылығы - 2 млрд 331 млн 900 мың теңгені құраған. Өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласындағы қызмет көлемі 11 млрд 800 млн, ал аң шаруашылығындағы өнімдер 900 млн теңге, орман шаруашылығында 12 млрд 700 млн теңге, балық аулау мен аква-мәдениетте – 7 млрд 800 млн теңгені құрады.

Қашағанда қара алтын өндіру уақытша тоқтатылады

Қашағанда қара алтын өндіру уақытша тоқтатылады. «Нормативтік талаптарға сәйкес, 2019 жылы НКОК компаниясы «Болашақ» жерүсті кешені мен Қашаған кен орнының D теңіз кешенінде күрделі жөндеу жұмыстарын өткізу жоспарланған. Осылайша D аралы мен «Болашақ» мұнай және газ даярлау қондырғысындағы технологиялық жабдықтарды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, өндіріс тоқтатылады. Техникалық үзіліс мерзімі 45 күнге жалғасады. Жөндеу жұмыстарына мердігер компаниялардан жұмыс күші жұмылдырылады, делінген НКОК баспасөз қызметінде. Күрделі жөндеу барысында жабдықтардың жұмысы тоқтатылып, мұнай, газ және күкірт өндірісі шектеледі. Ал осыған дейін өндірілген мұнай көлемі экспортқа жөнелтіледі. Айта кетейік, Атырау облысының Қашаған теңіз кен орнында НКОК компаниясы 13 миллион 200 мың тонна мұнай өндірген.

Қара алтынның әлемдік бағасы өсті

Кеше Нью-Йорк пен Лондон биржаларында өткен сауда-саттық нәтижесі бойынша мұнай бағасы тағы көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) ақпан айында жеткізілетін WTI маркалы мұнай бағасы 2 центке артып, бір баррелінің бағасы 52 доллар 31 цент болды. Лондондағы ICE Futures биржасында наурыз айында жеткізілетін Brent маркалы мұнайдың фьючерстері 77 центке өсіп, 1 баррелінің құны 61 доллар 3 центті құрады.

Отандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының бүгінгі бағамы 376 теңге 60 тиынды құрады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 377-378 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы