378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еліміздегі автокөлік өндірісінің әлеуеті қандай?

  • 695
  • UPD: 11:19, 05.02.2019

Елімізде автокөлік өндірісі қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен бір жылдың өзінде отандастарымыз темір тұлпарды тақымдау үшін 546 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсаған. Яғни Қазақстан көшелеріне жаңадан 60 мың 900 көлік қосылды. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 24 процентке жоғары.

Былтыр Қазақстанда сатылған әрбір екінші көлік елімізде құрастырылған. Осының арқасында темір тұлпардың импорты 50 пайыздан азайды.

2018 жылы 1,2 миллион көлік тіркелді

2018 жылы елімізде жалпы саны 1 миллион 200 мыңға жуық автокөлік тіркеуден өтті. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 14,8 процентке жоғары. Тіркелген темір тұлпардың 85 мыңға жуығы – жаңа көлік. Ал қалғаны қожайын ауыстыруына байланысты қайта есепке қойылды. Қазақстан автобизнес қауымдастығының мәліметтеріне қарағанда, бүгінде республика көшелерінде жүрген көліктің көбі ескірген. Сөзіме дәлел болсын.

Былтыр тіркеуден өткен темір тұлпардың 464 мың 236-сының зауыттан шыққанына 20 жылдан асқан, 10 мен 20 жыл арасындағыларының саны – 326 мыңдай. 3 пен 10 жыл арасында – 290 мың 200. Ал үш жылға дейінгілерінің саны 112 мың 830-дей ғана.

Енді өткен жылы ең көп саудаланған темір тұлпарларға тоқталайық. Қазақстан автобизнес қауымдастығының мәліметтеріне қарағанда, былтыр Lada маркасымен 13 мың 413 көлік сатылып, сұраныстағы темір тұлпарлардың көш басына шақты. Екінші орында – Toyota. Бір жылда 12 мың 278 көлік иесін тапты. Үштікті Қостанайда құрастырылған Hyundai маркасы қорытындылап тұр. Былтыр 8 мың 715 данасы сатылған. Kia төртінші, ал Nissan бестікті түйіндеді.

Биыл Қазақстанда 300 электрлі көлік құрастырылады

Бүгінде Еуропа елдері экологиялық нормаларды қатаңдатып жатыр. Тіпті 2030 жылға қарай кәрі құрлықта бензин немесе дизел жанармайымен жүретін көліктерді шығаруға тыйым салмақ. Әлемдік үдерістен біздің еліміз де шет қалмайтыны анық. Отандық автоөндірушілер Қазақстанда электрлі көлік шығаруға рұқсат беретін құжаттарды рәсімдеуге кіріскен. Ол наурыз айында толық шешіледі деп күтілуде. Егер барлығы ойдағыдай болса биылдың өзінде елімізде электр қуатымен қозғалатын 300 автокөлік және 300 автобус құрастыру жоспарланған.

2018 әлемдік автонарық 0,5% төмендеді

Өткен жылы дүние жүзінде көлік өндірісі 0,5 процентке азайды. Дегенмен темір тұлпарды сату көрсеткіші бойынша Қытай көш бастап тұр. Аспан асты елі былтыр 27 миллион 372 мың автомашина шығарған. Ал екінші орында Америка құрама штаттары, бір жылда 17 миллион 292 мың көлік құрастырған. Үштікті Батыс Еуропа елдері қорытындылады. Олар 16 миллион 153 мың темір тұлпар жасалған. Айта кетейік, америкалық Tesla компаниясы Қытайда электрлі көлік шығаратын зауыт құрылысын бастады. Ол 2020 жылы Tesla model 3 көлігін шығара бастайды. Зауыт жылына 500 мың электр көлігін шығарады деп жоспарланып отыр.

Автоөндірісте Volkswagen көш бастап тұр

Ал автоөндірушілерге тоқталар болсақ. Көш басына германиялық Volkswagen маркасы орналасқан. Былтыр автоконцерн 11 миллион темір тұлпар шығарды. Екінші орында – жапондық Toyota. 10 миллион 600 мың машина сатты. Үштікті 5 миллион көлікпен Nissan маркасы түйіндеді. Бұл автоконцерн де Жапонияға тиесілі. Сарапшылар биыл автонарықтағы сауда айтарлықтай қысқарады деген болжам айтып отыр. Оған АҚШ пен Қытай арасындағы сауда санкциялары әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар экологиялық нормалардың қатаудауы тағы бар. Сондықтан автоөндірушілер гибридті немесе электрлі көлік шығаруға бет бұратыны анық.

Көлік нөмірін сатудан 4 млрд пайда түсті

Өткен жылы елімізде көлікке берілетін ерекше нөмірлерді сату арқылы 4 миллиард теңге табыс түсты. 2018 жылдың алғашқы айларында адам атының алғашқы әріптері жазылған көлік нөмірлері де сатылымға шыққан болатын. Онда әркім әріптерді өзі қалаған күйінде жаздыра алады. Бірақ оның өзіндік құны да бар. Мәселен, 010, 020, 030 деген нөмірлер шамамен 138 мың теңге тұрады. Ал оған қалаған әріптерді қоссаңыз, 276 мың теңгеден асып жығылады.

Қоршаған ортаны қорғауға 80,2 млрд жұмсалды

Электр көліктері ауаның ластануын азайту үшін жасалып жатқаны белгілі. Жасыл экономиканы дамытуға біздің еліміз де бір кісідей ат салысып жатыр. Өткен жылдың өзінде қоршаған ортаны қорғауға 80,2 миллиард теңге бөлінді. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, 2 жарым есеге көп. Жоспар бойынша, осы жасыл технологияны дамыту 2050 жылы еліміздің жалпы ішкі өнімінің өсімін 3 процентке көбейтеді. 500 жаңа жұмыс орнының ашылуна жағдай жасайды. Қоршаған ортаны қорғауға ең көп көңіл бөлген еліміздің үш өңірін айта кетейін. Бірінші орында – Ақмола облысы. Осы салаға 25,7 миллиард теңге бөліпті. Екінші орында – Жамбыл облысы. 12,7 миллиард. Ал үштікті 9,1 миллиардпен Атырау қорытындылап тұр.

Енді еліміздің қор нарығындағы валюта бағамына тоқталайық. Ұлттық банк ресми түрде АҚШ-тың бір долларын 382 теңге 23 тиынға бағалады. Валюта айырбастау орындарынlа оны шамамен 383-тен алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы