378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ММСҚ: қаңтар айында 7,6 млрд теңге кіріс түсті

  • 676
  • UPD: 13:26, 06.02.2019
ММСҚ: қаңтар айында 7,6 млрд теңге кіріс түсті

Қаңтар айында міндетті медициналық сақтандыру қорына 7 млрд 600 млн теңге көлемінде кіріс түсті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Оның едәуір бөлігі Алматы, Астана және Қарағанды облысының үлесінде.

Жыл басынан міндетті медициналық сақтандыру қорына 7 млрд 600 млн теңге көлемінде кіріс түсті. Негізгі бөлігі Алматы, Астана және Қарағанды облысының үлесінде. Ал 2017 жылдың шілдесі мен осы жылдың қаңтары аралығында келіп түскен кіріс мөлшері 140 млрд теңгеден асты. Оның ішінде шамамен 132 млрд теңге жұмыс-берушілерден, 8,6 млрд теңге жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық негізде шарт жасасқан тұлғалардан аударылды. Қорға түскен қаражат Ұлттық банкте сақталып, медициналық сақтандыру бағдарламасы шеңберінде көрсетілетін қызмет түрлеріне жұмсалады.

Елде ірі көпбейінді ауруханалар салынады

Елімізде ірі көпбейінді ауруханалар салынады. Кеше Үкімет отырысында есеп берген денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой осыны тілге тиек етті. 2025 жылға дейін облыс әкімдіктері мемлекеттік жекеменшік әріптестікті қолдау арқылы жалпы сомасы 1 трлн теңгеге тең 20-дан астам жоба құрылысын жоспарлап отыр. Оның ішінде тозығы жеткен 61 клиникалық мекеменің орнына 17 ірі көпбейінді аурухана салу көзделген. Ірі жобаларды жүзеге асыру инвестициялық шығындарды өтеумен мемлекеттік-жеке әріптестік тетігі арқылы ұсынылады. Сонымен қатар бүгінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларындағы мемлекеттік міндеттемелердің шектері бойынша жергілікті атқарушы органдар 161 млрд теңге көлемінде немесе барлық сала бойынша көзделген жалпы сомадан 17 процентке тең міндеттемелер алатыны да сөз болды. Осылайша Цойдың айтуынша, экономиканың барлық секторына әріптестік жобалары бойынша өңірлердің мемлекеттік міндеттемелерінің жалпы қалдығы 801 млрд теңгені құрайды.

Қазақстан мен АҚШ «Ашық аспан» туралы келісімге қол қояды

Қазақстан мен АҚШ «Ашық аспан» туралы келісімге наурыз айында қол қояды. Осыған байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі екі ел арасындағы әуе байланысы жөніндегі келісім жобасын әзірледі. Бұл туралы министр Жеңіс Қасымбек хабарлады. Ведомство басшысының айтуынша, министрлік 2019 жылдан бастап жолдарды жөндеуге арналған қымбат жобалардан «суық ресайклинг әдісіне» көшеді. «Сондай-ақ биыл республикалық және жергілікті бюджеттерден 150 млрд теңге бөлінеді. Ал 2025 жылға қарай автокөлік жолдарының жергілікті желілері шамамен 90 процентке жаңғыртылады» деп уәделетті министр. Сонымен қатар 2018 жылдың қорытындысы бойынша, тұрғын үй құрылысы жобаларындағы отандық үлес 86 процентке жетті. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе арнайы электрондық реестр арқылы отандық өнімнің қолданылуын қадағалаймыз. Алдағы 3 жыл ішінде көрсеткішті 90 процентке жеткіземіз», – деді Жеңіс Қасымбек.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Елбасының тапсырмасы бойынша, биыл министрлік «Эйр Астана» әуе компаниясымен бірлесе Токио, Нью-Йорк пен Шанхай сынды әлемнің басқа да ірі қалаларына әуе бағытын ашу шаралары қабылданады. Биыл АҚШ-қа ұшу үшін аккредитация процедурасын бастаймыз.

Жеке тұлғалардың салық берешегі – 21,1 млрд тг

Елімізде 1 млн 387 мың азаматтың жалпы сомасы 21,1 млрд теңгеге тең салық берешегі бар. Бұл туралы кеше Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов хабарлады. Министрдің айтуынша, Қаржы министрлігі жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық жүргізу жөніндегі Жол картасын әзірледі. 21 млрд 100 млн теңге жылжымалы мен жылжымайтын мүліктер және жер салықтары бойынша есептелген. Ведомство басшысы қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан бизнес түрлеріне салықтық рақымшылық деректеріне де тоқталды. Ақпан айындағы жағдай бойынша шамамен 28 мың салық төлеуші жалпы сомасы 6 млрд теңгеге жуық қарыздарын өтеді. Осыған байланысты 1 млрд 1 млн теңге өсімпұл және 1 млн теңге айыппұл есептен шығарылады. Бұл жұмыс жыл аяғына дейін жалғасады.

Әлихан Смайылов, ҚР Қаржы министрі:

- Жол картасы жеке тұлғалардың критерийлерін және салықтық рақымшылық жүргізілетін берешек сомалары мен заңнамаға түзетулер әзірлеуге бағытталған бірқатар іс-шараларды, сондай-ақ салықтық рақымшылықтың өзін жүргізу жөніндегі іс-шараларды көздейді. Парламентке заңнамаға түзетулер енгізудің жоспарланған мерзімі – 2019 жылдың наурыз айы. Маусым айында заңды қабылдау және жыл соңына дейін рақымшылық жасауды аяқтауымыз қажет.

Әлемде мұнай бағасы төмендеді

Апта басында Лондон мен Нью-Йорк биржаларында өткен сауда-саттық қорытындысы бойынша мұнайдың бағасы төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Лондондағы ICE Futures биржасында сәуір айында жеткізілетін Brent маркалы мұнайдың фьючерстері 8 центке төмендеп, 62 доллар 82 центті құрады. Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) наурыз айында жеткізілетін WTI маркалы мұнай бағасы 7 центке арзандап, баррелінің бағасы 54 доллар 56 центке тең болды.

Отандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының бүгінгі бағамы 379 теңге 63 тиынды құрады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 380-382 теңгеге сатып алуға болады.

Авторы: Мейірлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы