378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде мұнай өндіру көлемі артты

  • 662
  • UPD: 13:06, 07.02.2019

Мұнай өндіру көлемі 6 процентке артты. Өткен жылы шикі мұнай өндіру мөлшері 77,5 млн тоннаны құрап, алдыңғы жылғы көрсеткіштен 6,3 процентке артқанын көрсетті. Ақшалай есептегенде 12,2 трлн теңгеге тең. Көлемнің 3-тен 2 бөлігі Атырау облысының үлесінде 47,2 млн тонна. 23,3 проценті Маңғыстау облысында және 8,3 проценті Қызылорда өңірінің үлесінде. «Энерджипром.кз» порталы ұсынған деректер осындай. Ал Энергетика министрлігі ұсынған деректер бойынша, отандық қара алтын өндіру саласы жылдық норманы 20 процентке артық орындапты. Осылайша 2018 жылдың қорытындысы бойынша «Қашаған» кен орнында жоспарлы мөлшер 11 млн-нан асып, 13 млн 200 мың тонна қара алтын өндірілген. Ал Теңіздегі айырмашылық 1 млн тоннаны құрап, 28 млн 600 мың тоннаға жетті. Қарашығанақтағы көрсеткіш 12 млн 200 мың тонна.

Түркістанда 3 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілді

Былтыр Түркістан өңірінде ел және облыстық бюджет қаражаты есебінен 38 млрд 700 млн теңгеге 169 инвестициялық жобаның құрылысы жүргізілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде жалпы аумағы 344 мың 700 шаршы метрге тең тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланған. Осы күнге дейін жалпы аумағы 388 мың шаршы метр болатын 3 мыңнан астам пәтер ел игілігіне тапсырылды. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда шамамен 122 процентке артық. Облыста әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналған 32 екі қабатты тұрғын үй құрылысына 2 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылды. Қазіргі таңда 13 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып отыр. Қалған баспаналар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар жергілікті басқарма тарапынан биыл 39 млрд 600 млн теңгеге 148 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Олардың 81-і биыл пайдалануға берілсе, 67 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі. Атап айтсақ, білім беру саласында - 69, тұрғын үй құрылысы бойынша - 62, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында - 10, денсаулық сақтау саласында- 4, ішкі істер органы - 2 және қоршаған ортаны қорғау бойынша 1 нысанның құрылысы жүргізіледі. Ал «7-20-25» бағдарлама шеңберінде «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» мен жеке құрылыс компаниялары жалпы аумағы 26 мың шаршы метр болатын 336 пәтерлі 6 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысын бастап кетті. Нысандар 2019 жылдың үшінші тоқсанынан бастап халыққа ұсынылады.

«Денсаулық сақтау саласы бойынша 5,8 млрд теңгеге 11 нысанның құрылысы жүргізілді. Оның 2-уі осы жылы тапсырылып, 9 нысанның құрылысы жоспар бойынша аяқталуы тиіс. Ал спорт саласына 1,262 млрд теңге бөлініп, 3 нысан бой көтерді. 202,7 млн теңге мәдениет саласына қаралып, 2 нысан салынды. Сондай-ақ облыстық бюджет есебінен 59 млн теңге бөлініп, 2 нысанның құрылысы басталды. Нысандар ағымдағы жылға өтпелі».

Тоқтар Үсіпәлиев, ҚР Түркістан облысы Құрылыс басқармасының басшысы

250 импорт түрін отандық өнім алмастырады

Елге сырттан әкелінетін 250 тауар атауы ел ішінде өндіріледі. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Ведомство басшысының айтуынша, жиһаз, есік, терезе, мата өндірісі, киім мен аяқ киім, тыңайтқыштар, лак бояуларын шығаруға қолдау көрсетілмек. Жаңа қаржыландыру аталған тауарлар бойынша импорт үлесін 50%-ке дейін азайтуға септігін тигізеді. Еске салайық, өткен жылдың қазан айында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында халық тұтынатын тауарларды ел ішінде өндіріп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту мақсатында отандық кәсіпорындарға жәрдемдесу туралы айтқан еді. Осы мақсатта елбасы Үкіметке өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты дамыту үшін алдағы 3 жыл көлемінде қосымша 500 миллиард теңге бөлуді тапсырды.

Қызылорда облысының Арал ауданында кәсіпкерлер саны артты

Өткен жылы өңірдің солтүстігі кәсіпкерлік көрсеткіші бойынша елдегі 290-ға жуық аудан ішінен 7 орынға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аудан бойынша «Бастау Бизнес» жобасында 240 адам, ал "Бизнес Кеңесші" жобасы бойынша 135 адам оқытылған. Жыл көлемінде қаржы институттары арқылы аудан кәсіпкерлеріне 1 млрд 600 млн теңге көлемінде несие берілген. Нәтижесінде ауданда тіркелген шағын және орта бизнес нысандарының саны шамамен 110 процентке өскен.

«2018 жылы аудандағы шағын және орта бизнес субъектілері 4237 бірлікті құрап, 5292 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау бойынша 952,2 млн теңгенің 12 жобасы субсидияланды. Құны 126,5 млн теңгені құрайтын 7 жоба кепілдендіру арқылы іске асырылды. Гранттық қаржыландыру бағыты бойынша 18,4 млн теңгенің 23 жобасы қайтарымсыз грантқа ие болды». 

Мұхтар Оразбаев, Арал ауданының әкімі

Хабар 24 телеарнасы