377,65 427.65 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда өңделмеген ірі қара мал терісін экспорттау шектелуі мүмкін

  • 751
  • UPD: 11:01, 08.02.2019

Отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға арналған бағыттардың бірі – ірі қара малдың өңделмеген терісін жергілікті фабрикаларға тапсырып, сыртқа шығаруды уақытша шектеу.

Осыған байланысты теріні өңдеуге арналған құрылғыларды сатып алу үшін кәсіпорындар шығынының 25 проценті субсидияланады. Былтыр осы мақсаттарға 284 млн теңге субсидия бөлінген болатын.

Өңделмеген ірі қара мал терісін экспорттау шектелуі мүмкін

Елде ірі қара малдың өңделмеген терісін экспорттауға шектеу қойылуы мүмкін. Шектеу мерзімі – жарты жыл. Бүгінде тиісті құжат қаралып, мақұлданып жатыр. Парламент Мәжілісі депутаттарының айтуынша, шамамен 2 млн өңделмеген тері құзырлы органдардың тіркеуінен өткізілмей, сыртқа заңсыз жолмен шығарылып келген. Осыған байланысты шамамен 2 жыл бұрын шектеу шарасы қабылданғаны белгілі. Соның нәтижесінде отандық былғары кәсіпорындарының қызметі қалпына келе бастады. Өндіріс қуаты мен аталған саланың жергілікті өнімділігі мен тиімділігі артты. Қазақстандық кәсіпорындар ірі қара мал терісін өңдеп, жартылай былғары фабрикаты, боялған былғары қабаты, былғары аяқ киім, жиһаз, галантерея, ер-тұрман мен киім-кешек сынды дайын өнімдерді шығарады. Соңғы жылдары дайын былғары өндірісі ұлғайып келетіні байқалады. Мәселен, 2015 жылмен салыстырғанда, дайын былғары өндірісі 4,5 есеге ұлғайып, 2017 жылы 15,5 млн шаршы дециметрді құрады. Мұндай оң динамика экспортта да байқалып отыр. 2017 жылы иленген тері экспортының көлемі 2015 жылмен салыстырғанда, 91 процентке өсіп, шамамен 165 мың тоннадан 315 мың 800 тоннаға дейін өсті. Иленген терілердің орташа экспорттық бағасы жартылай фабрикаттар бағасынан 4 есе жоғары. Дайын өнімнің негізгі тұтынушыларына жергілікті тігін фабрикалары, ателье, ер-тұрман цехтарымен қатар ресейлік және түркиялық аяқ-киім фабрикалары жатады. Ал былғары жартылай фабрикатын өткізу нарығы Италия, Үндістан, Қытай мен Пиреней түбегі елдерін қамтиды.

Елдің халықаралық қордағы алтын үлесі 15% артты

Елдің халықаралық қордағы алтын үлесі шамамен 15 процентке артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат «ЭнерджиПром» порталына сілтеп. Мемлекет отандық алтын-валюта қорын тазартылған құймалармен толықтырып, елде шығарылатын барлық алтынды сатып алып жатыр. Ел аумағында өндірілетін алтынның бір бөлігі халыққа да саудалана бастағаны белгілі. Мәселен, осы уақытқа дейін екінші деңгейлі банктер арқылы жалпы салмағы шамамен 167 келіге тең 4 мыңнан астам шағын алтын құймалар сатылды. Өткен жылдың қараша айынан бері валюта айырбастау бөлімшелеріне де құймаларды сатуға мүмкіндік берілді. Ұлттық банк салмағы 12-13 келі болатын алтын құймаларды сатылымға шығарғаны да сондықтан. Оны заңды тұлғалармен қатар, жеке тұлғалар да сатып алуға құқылы. Алтын құймаларын әлемдік нарықта да сатуға жол ашылып отыр. Ұлттық банк осы жылдан бастап, бағалы металды коммерциялық сауда серіктестеріне сатуға әзір. Дегенмен оның көлемі шектеулі, 5 тоннадан аспайды. Дүниежүзілік алтын кеңесінің деректеріне сәйкес, Қазақстанның алтын қоры 341,2 тоннаны құрап, әлем бойынша 15-орында келеді. Бұл 2017 жылдың соңындағы көрсеткіштен шамамен 50 тоннаға, ал 2016 жылғы көлемнен 83 тоннаға көп.

Өткен жылдың соңында елдегі жалпы халықаралық қор 31 млрд долларды құрады. Бұл 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 15,1%-ке көп. Оның 46,5%-ін (14 млрд 400 млн доллар) алтын құрайды. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, осыдан жыл бұрын алтын үлесі небәрі 40,3% құраса, бес жыл бұрын 77,5% еркін конвертацияланатын шетел валютасы болды.

Өткен айдың қорытындысы бойынша Ұлттық қорға түскен кіріс көлемі 115 млрд 400 млн теңгені құрады. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда, 25 процентке көп, деп хабарлайды Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы. Көлемнің өсуі салық кірістерін де 22 процентке арттырып, 109 млрд 300 млн теңгеге жеткізді. Оның ішінде корпоративтік табыс салығы 104 млрд 600 млн теңгеге тең. Жер қойнауын пайдаланушылардың өткен тоқсанғы салығы тек ақпан айының соңында төленеді. Былтырғы көрсеткіш шамамен 280 млрд теңгені құрап, қаңтардағы кірістен үш есе көп болды. Былтыр мұнайдың ең жоғарғы бағасы соңғы тоқсанда байқалып, қара алтын өндіру көлемі 6,3 процентке, ал экспорт 2,3 процентке өскендіктен, биылғы түсім де жоғары болуы ықтимал. Ұлттық қордың кіріс көлемі көп болғанымен, қор активтері қаңтар айында шамамен 145 млрд-қа қысқарып, 25 трлн 241 млрд 600 млн теңгені құрады. Қазынаның қор трансферттеріне тәуелділігін бәсеңдету мақсатында 260 млрд теңге республикалық бюджетке аударылуы себебінен, активтер 0,6 процентке қысқарды. Осылайша, былтыр кепілдендірілген трансферт көлемі 2 трлн 600 млрд теңгеге тең болса, биылғы көрсеткіш 2 трлн 450 млрд теңгеге жетпек. 2020-да 2,3 трлн, ал 2021 жылы 2 трлнды құрайды.

Отандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының бүгінгі бағамы 377 теңге 97 тиынды құрады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 378-380 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы