389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астанада электроавтобустар жүре бастады

  • 937
  • UPD: 15:25, 12.02.2019

Көліктердің елордалық қатал климатта жұмыс істеу тәртібі бақылануда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Эклектроавтобустар қатты аяздарда да жұмыс істеген. Бұған қоса экологиялық таза темір тұлпарлар отандық көлік өндірісіне үлгі бола алады.

Электроавтобустардың қала көшелеріне шыққанына көп болмаған. Десе де көліктің ұтымты тұстары бірден байқалады. Автобус тоқтап тұрғанда электр қуаты кетпейді, сондықтан олар дизельді отынмен жүретіндерге қарағанда 3-4 есе тиімді. Оған қоса жөндеу де арзанға түседі, түтін шығармайды. Яғни көлік экологияға зиян келтірмейді.

Шымкент автопарктеріне 300 автобус алынады

Қоғамдық көліктерге байланысты шымкенттіктер үшін де жақсы жаңалық бар. Өңірдің автопарктері 300 жаңа автобуспен толығады. Тұрғындарға Қостанайда құрастырылған 56 адамдық, ұзындығы 8,5 метрлік автобустар қызмет ететін болады. «Ішінде бейнебақылау камералары мен желдеткіштері бар көліктер,  балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына қолайлы болады», – дейді құрастырушылар. Бүгінде Шымкентте 1151 қоғамдық көлік жолаушы тасымалымен айналысады.

Отандық көліктер көптеп алынуда

Былтыр мемлекеттік мекемелер 20 млрд теңгеге 3 мыңнан астам жеңіл көлік сатып алған. Оның 97% отандық өнім болса, қалған 3% импортқа тиесілі. 2018 жылғы сатып алуларда мемлекеттік мекемелер мен ұлттық компаниялар Қазақстанда жасалған жеңіл машиналарға басымдық бергені байқалады. 

Айта кетейік, шетелдік көліктерді сатып алуға бөлінетін бюджет қаржысы да қысқарған: 2017 жылдан бері 4,9 млрд теңгеден 860 млн теңгеге дейін түскен.

Италия салықты өсірмеу үшін алтын сатады

Италия үкіметі салықты көтермеудің жаңа амалын ойлап тапты. Ол үшін Италия банкіне тиесілі алтын қорын пайдаланбақшы. Елдің БАҚ өкілдері бұны вице-премьерлерінің соңғы үндеуімен байланыстырады. Жақында Луиджи Ди Майо мен Маттео Сальвини Италия банкінің басшылығын ауыстыруды ұсынған. Бұл елдің алтын қорына тікелей мемлекеттік бақылау жүргізу үшін жасалып отыр. Себебі, олардың саяси-экономикалық жүйесінде орталық банк Италия үкіметінен тыс дербес шешім қабылдай алатындай автономияға ие. Ал былтыр парламент мақұлдаған құжатта мемлекеттің экономикалық саясатының негізгі ережелері, оның ішінде зейнеткерлік жасты төмендеду және қосымша құн салығын өсірмеу қарастырылған. Италия алтын қоры бойынша АҚШ пен Германиядан кейін үшінші орында. Ал Италия банкінде 2,5 мың тоннаға жуық алтын бар.

Ресейге қарсы санциялар неміс банктеріне тиімсіз

Германия банктері Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуге қарсы шықты. Бұл туралы «Рейтерс» агенттігі неміс банктері ассоциациясына сүйеніп хабарлайды. Бұл – АҚШ тарапынан болуы мүмкін санкциялардың алдын алудың қамы. Германия банктері ресейлік клиенттермен жұмыс істеу мүмкіндігін сақтап қалуды көздеп отыр. Ассоциация Ресеймен жұмыс істейтін неміс банктері мен компанияларына күрделі операцияларды аяқтауға мүмкіндік беретін шешім қарастыруға шақырады. 2018 жылдың үшінші тоқсанында Ресейдің Германияға қарызы 7 млрд долларды құраған. Ал екі ел арасындағы тауар айналымы 59,6 млрд долларға жеткен.

Жылдам төлем жүйесі жасалды

Ал еліміздің Ұлттық банкі жылдам төлеу жүйесін жасады. «Сұңқар» инновациялық сервисі түрлі банктердің клиенттеріне онлайн режимде аударымдар жасауға мүмкіндік береді. Енді үйден шықпай-ақ ұялы телефоныңыздан төлем жасауға болады. Төлемдер картадан және ағымдағы шоттардан, сондай-ақ электрондық әмияндар арқылы жүзеге асырылады. Жүйеге үш қаржы институты кірді. Қалғандары жаңа жүйенің мүмкіндіктерін зерттеп жатыр.

«Банк клиенттері арасында телефон нөмірі арқылы жедел төлемдер жасау мүмкіндігі – Қазақстандағы төлем жасау саласын дамытудағы маңызды қадам. Ұлттық банк елімізде теңдесі жоқ әмбебап жүйені құрастырды. Бұл – бірегей жоба. Оның ерекшелігі, бөлшек сауда саласында кез келген қазақстандық банк, кез келген электрондық төлем жүйелері онлайн байланыса алатын платформа құрылды».

Отандық қор биржасындағы соңғы сатылым бойынша доллар құны – 375 теңге 53 тиын.

Авторы: Ғазиза Мұхамеджанова

Хабар 24 телеарнасы