378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда алтын өндірісі 0,7% артты

  • 535
  • UPD: 10:54, 20.02.2019

Швейцария, Франция және Дания. Әлем бойынша ауасы ең таза елдердің алғашқы үштігін аталған мемлекеттер бастап тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердегі жағдай қандай?

Әлем бойынша Швейцарияның ауасы ең таза деп мойындалды

Әлем бойынша экологиялық жағдайы жақсы елдердің алғашқы үштігіне Швейцария, Франция және Дания елдері кірді. Бірінші және екінші ондыққа да кәрі құрлық мемлекеттері еніп отыр. АҚШ 27-орында. Ал Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында Беларусь республикасында қоршаған ортаны қорғау саясаты жүйелі жолға қойылған. Аталған мемлекет 44-сатыда, Ресей – 52, ал Қырғызстан 99-орында. Қазақстан өкінішке қарай, жүздікке де енбей қалды. Артынша Нигерия мен Самоа елдері келеді. Рейтинг Дүниежүзілік экономикалық форумы мен Йель университеті жанындағы Экологиялық саясат және құқық орталығының зерттеу жұмыстарына негізделген. Ауа сапасын талдау жұмыстары 10 санат пен 24 көрсеткіш бойынша жүргізілген. Оның ішінде: ауаның, судың, қоршаған орта мен экожүйенің тазалығы ескеріледі.

Елімізде экологиялық жағдайды реттеуге өткен жылы 80 млрд теңге бөлінген. Бұл 2017 жылғы кезеңмен салыстырғанда, 1,5 млрд-қа көп. Инвестицияның едәуір бөлігі, яғни 25 млрд 700 млн теңге Ақмола облысының қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. Мұндағы өсім 6,5 есе. Жамбыл облысында 12,5 млрд, Атырауда 9 млрд теңге бөлінген.

Елде суармалы алқап көлемі 2,5 есе артады

Жеке инвесторлардың қаржылай көмегінің арқасында Ауыл шаруашылығы министрлігі нысаналы мақсатта пайдаланбай жатқан жерлерді суармалы алқапқа айналдыруды көздейді. Вице-министр Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, бірнеше компания аталған бастамаға атсалысып, осы жылы жұмысқа кірісуге әзірлігін білдірген. Еске салайық, өткен жылдың соңында Үкімет 2028 жылға дейін суармалы егін шаруашылығын дамыту бағдарламасын қабылдаған болатын. Бағдарлама мақсаты – суармалы алқап көлемін 1,4 млн гектардан 3,5 млн гектарға ұлғайту. Осыған байланысты, елдің 5 бірдей аймағының жерлері қамтылады, дейді вице-министр. Оның айтуынша, елдің оңтүстігінде көлемі 25 гектар жер учаскені суаруға жұмсалған қаржы, 10-12 жылдан кейін ақталады. Алайда жайлау жерлерін суармалы алқапқа айналдыру мәселесін шешу оңайға соқпай отыр, дейді мамандар. Сонымен қатар, бүгінде шаруаларға су жеткізу тарифі қаралып жатыр. Жерді суландыру жаңа жүйелері салынғаннан кейін 1 гектар жерге орта есеппен тәулігіне 5 мың текше метр су себіледі.

«1,5 млн га жерді суармалы алқапқа айналдыру көзделіп отыр. Осы бастамаға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік форматы бойынша инвесторларды тарту ниетіміз бар. Жобаны іске асыру бюджеттік қаражатты қажет етпейді. Қаржылық үлгіміз де дайын. Бүгінде ірі отандық және шетелдік компаниялар осы бағдарламаға қызығушылық білдіріп жатыр. Жер учаскелеріне дала суын бағыттау үшін бірқатар компания инфрақұрылым салуға толық әзір. Фермерлер үшін су тарифін қалыптастыру мәселесі ғана қалып отыр».

Елде жыл басынан 3 мыңнан астам көлік шығарылды

Жыл басынан елде 3 мың 227 автокөлік шығарылды. Олардың арасында жеңіл мен жүк көліктері, автобус пен арнайы техника да бар. Бұл туралы ҚазАвтоӨнеркәсіп автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағы хабарлайды. Елде шығарылған көліктердің жалпы құны 21 млрд теңгеге бағаланып отыр. Жалпы жеңіл автомобиль өндіру қарқыны 52 процентке өсіп, 3 мыңнан асты. Қаңтарда отандық автозауыттар шамамен 2 мың 390 көлік өткізіп, өткен жылғы көрсеткіштен 80 процентке жоғары болды. Ал отандық өнімді сатып алуға тұрғындар 15 млрд 800 млн теңге жұмсапты. Аталған мерзімде Қазақстанда құрастырылған шетелдік брендтердің арасында ресейлік, кореялық, америкалық, чехиялық, қытайлық пен франциялық маркалар үлкен сұранысқа ие. Айта кетейік, өткен жылы елде 32 мыңнан астам темір тұлпар шығарылды.

Елімізде алтын өндірісі 0,7 % артты

Елімізде алтын өндірісі 0,7 процентке өсті. Қаңтар айында өңделмеген және жартылай өңделген, ұнтақ түріндегі алтын өндірісінің көлемі 6 мың 308 келіні құрады. Бұл өткен жылдың қаңтарындағы мөлшерден 0,7 пайызға артық, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің дерегіне сәйкес, есепті кезеңдегі өңделмеген және жартылай өңделген немесе ұнтақ түріндегі күміс өндірісінің көлемі 57 мың 175 келі болды. Бұл да 2018 жылдың қаңтарындағы өндіріс көлемінен 4,1 пайызға артық. Айта кетерлігі, қаңтарда кейбір бағалы металдар өндірісінің біршама төмендегені байқалады. Нақты айтқанда, өңделмеген алюминий, алюминий тотығы өндірісінің көлемі өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 13 процентке төмендеп, 131 мың 134 тонна болды. Ал өңделмеген тазартылған қорғасын өндірісі 21 процентке азайып, 10 мың 470 тоннаны, өңделмеген мырыш өндірісі 3,5 пайызға кеміп, 27 мың 492 тоннаны құрады.

Отандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының бүгінгі бағамы 376 теңге 30 тиынды құрады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 378-379 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы