375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елорда баспана беруден көш бастады

  • 491
  • UPD: 14:54, 21.02.2019

3 млн 900 мың 834. Елде отызға толмаған жастардың саны осынша, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Жастар жылы мемлекет қандай мүмкіндіктерді ұсынбақ?

Жұмысқа қабілетті жергілікті жастар кәсіпкер атана алады. Бұрын олар мемлекеттік бағдарламалар негізінде жалпыға ортақ қолдауға ие болса, енді стартаперлер бөлек санат шеңберінде қаржыландырылады. Осылайша алдағы 3 жыл ішінде 30 мың жас азамат пен азаматша 500 млн теңгеден бастапқы капитал ала алады. Мәселен, бизнес жоспарын жүзеге асырып, ісін дөңгелетіп алу үшін осынша қомақты қаражат көлемі ұсынылып отыр. Осыған байланысты «Жас кәсіпкер» бағдарламасы да қолға алынған. Ал егер бизнес жоспары әлеуметтік маңызға ие болып жатса, 600 дарын 3 млн теңгеден қолдау ақысын алуға құқылы.

1 млн 700 мыңнан астам ауыл жасы үшін де жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарлама қолжетімді. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қатысушыларын қаржыландыру көлемі 70-тен 100 айлық есептік көрсеткіште ұлғайтылады.

Елде ақылы жолдар көбейеді  

Елімізде ақылы жолдардың саны артып, жалпы ұзындығы 6 мың шақырымнан асуы мүмкін. Жыл соңына дейін 13 жол учаскесінде арнайы төлем пунктері пайда болмақ. Осылайша бұл өзгеріс Астана-Павлодар, Ақтау-Бейнеу және Қызылорда-Шымкент бағытында қатынайтын көлік жүргізушілерін қамтиды. Ал әзірше елде тек 3 учаскеде жолақы алынады. Ондағы баға саясаты тұрақты болып, сапалы жол шақырымының бағасы 1 теңге болып қала бермек.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Экономикалық тиімділік күтіліп отыр: 3 ақылы жол учаскесінен түсетін табыс көлемі жыл сайын 4 млрд теңгеге тең. Ал 16 учаскеден жылына 30 млрд тг көлемінде кіріс келмек. Сонымен қатар жыл соңына дейін тағы 11 арнайы автоматтандырылған өлшегіш құрылғыны іске қосу жоспарланып отыр. 2021 жылға қарай олардың санын 46-ға жеткізу көзделген.

Елорда баспана беруден көш бастады

Өткен жылы Астанада жалпы ауданы 2 млн 300 мың шаршы метрге тең 23 мың пәтер пайдалануға берілді. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлайды. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша елорда Қазақстан бойынша көш бастап келеді – 110 мың шаршы метр немесе 1 мың 419 пәтер. 15 тұрғын үй кешені де салынып жатыр. Бұл – шамамен 4 мың 500 пәтер, оның ішінде 3 мың 106-сы биыл пайдалануға беріледі. Қала әкімі Бақыт Сұлтанов халыққа есеп беру кезінде осыны тілге тиек етті. Сонымен қатар 228 апатты үй сырылып, 3 мың 500-ге жуық отбасы жаңа пәтер кілтін алды. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 1 мың 875 отбасыға 27 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие беріледі. Бағдарлама қолжетімді болуы үшін өткен желтоқсанда әкімдік білім беру, денсаулық сақтау және полиция қызметкерлеріне тұрғын үй сертификаты түрінде 1 млн теңгеден 100 субсидия бөлген болатын. Биыл тағы 2 мың сертификат беріледі деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар студент жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де басты назарда. Бүгінде бас шаһарда 90 мыңға жуық студент білім алып келеді. 32 жатақхана жұмыс істейді, онда 14 мың студент тұрады. Алайда тағы 11 мың студентті орналастыру қажет. Осыған байланысты әкімдік жоғары оқу орындарына құрылыс үшін 15 жер телімін бөлген.

Бақыт Сұлтанов, Астана қаласының әкімі:

- Біз ведомствоаралық комиссия аясында алданған үлескерлермен тұрақты кездесулер өткіземіз. Қалағанымыздай бұл мәселені тез арада болмағанымен шешеміз. Қабылданған шаралардың арқасында біз проблемалы нысандардың санын 68-ден 29-ға дейін қысқарттық. Бұл – 10 344 үлескер. Біз Жол картасын әзірледік. Сонымен, біздің жоспар 2022 жылға дейінгі мерзімді қамтиды. Мемлекеттік қаражат бөлінді. Олар қайтарымды. Жұмыстар жүргізілуде. Табысты сәттер көп. Бірақ бұл – менің жеке бақылауымдағы үлестік мәселе.

Ұлттық банк азаматтарға қашықтан қызмет көрсетеді

Ұлттық банк екінші деңгейлі банктердің қатысуымен жеке тұлғаны қашықтан сәйкестендіру жүйесін тестілік режимде іске қосты. Жоба «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде іске асырылып, қаржы ұйымдарының клиенттеріне қаржылық қызметтерді қашықтан ұсыну мүмкіндігін береді. Осылайша жобаны іске асыру және жүйенің жұмыс істеу функционалын тексеру мақсатында Ұлттық банк шектеулі банк клиенттері үшін нақты жағдайларға арналған тестілік тұғырнама әзірледі. Қазіргі уақытта платформаға 11 банк қосылып, тестілеуден сәтті өтіп отыр. Жеке тұлғаны қашықтан сәйкестендіру жобасын енгізу клиенттер үшін қаржылық қызметтердің деңгейін, тиімділігін және қолжетімділігін арттырады. Сондай-ақ географиялық кедергілерді жойып, оның ішінде шалғайдағы өңір тұрғындары мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін ыңғайлы болмақ. Артынша осы арқылы аталған жүйенің дамуына және болашақта қаржылық қызметтердің басым бөлігін онлайн-режимге ауыстыруға ықпал етпек.

ҚР Ұлттық банкі:

«Тетікті енгізу клиенттерге қашықтан, үйінен, офистен шықпай, банктердің бөлімшелеріне бармай және құжаттарға қол қоймай барынша талап етілетін қаржылық қызметтерді алуға, оның ішінде банк шоты мен салымын ашуға, төлем карточкасын шығаруға және өзге де мәмілелерді жасауға мүмкіндік береді. Бұл тетік шеңберінде қашықтан сәйкестендіруден өту үшін клиентке жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) енгізу және банкпен бейнеконференция байланысынан өту жеткілікті. Клиентті сәйкестендіру оның биометриялық көрсеткіштері және клиенттің келісімі негізінде алынған «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорынан алынған мәліметтер негізінде жүзеге асырылады».

Шикізат биржаларында мұнай құны құбылып тұр

Лондон мен Нью-Йорктің шикізат биржаларында кешегі сауда-саттық қорытындысы бойынша мұнай бағасы әртүрлі қалыптасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Лондондағы ICE Futures биржасында сәуір айында жеткізілетін Brent маркалы мұнайдың фьючерстері 6 центке төмендеп, 66 доллар 44 центті құрады. Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) наурыз айында жеткізілетін WTI маркалы мұнай бағасы 5 центке қымбаттап, бір баррелі 56 доллар 9 центке тең болды.

Отандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының бүгінгі бағамы 376 теңге 9 тиынға дейін арзандады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 377-379 теңгеге сатып алуға болады.

Авторы: Мейірлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы