378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша елімізде 12 мың пәтер салынады

  • 527
  • UPD: 10:28, 26.02.2019

Қазақстанда 1 миллион 600-ден астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда оның бір миллион үш жүз мыңа жуығы ғана жұмыс істейді. Қалғандарында белсенділік байқалмайды. Жеке кәсіп ашып, өзін де, өзгені де жұмыспен қамтитын бизнесмендерге бізде қандай жағдай жасалған? Қолдау бар ма?

Бізде шағын және орта бизнесті қолдауға баса мән берілген. Осының арқасында болар, биыл еліміз әлемде бизнес ашуға қолайлы жағдай жасайтын елдердің алдыңғы отыздығына кірді.

Қазақстан инвесторлар үшін кәсіп ашуға ыңғайлы аймаққа айнала бастады. Оған Дүниежүзілік банк түзген рейтинг дәлел. Тізімде еліміз бірден сегіз сатыға жоғарылап, 28-орынға шықты. Ол кәсіпкерлерге оңтайлы жағдай жасау бойынша жасалған. Былтыр ғана бұл рейтингте еліміз отыз алтыншы тұрған болатын. Ал құрылыс жүргізуге рұқсат беру бойынша бірден 17 позицияға жоғарылап, 35-орынға шықты. Сондай-ақ құрылыс сапасын бақылау да айтарлықтай күшейген. Қағазбастылық азайды. Рейтингтің тізімін әзірлеуде сарапшылар осы көрсеткіштерге мән берген. Ал кәсіпкерлікті тіркеуде Қазақстан 36-орында. Банкрот жариялау процедурасында максималды 16 балдың 15-ін алды. Тізімнің үздік бестігін Жаңа Зеландия, Сингапур, Дания, Гонконг және Оңтүстік Корея елдері бастап тұр. Сондықтан биыл бизнесмендердің басым бөлігі осы елдерде кәсіп ашуға ұмтылатыны анық. 

Қаңтар айында Қазақстанда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға артты. Статистика комитетінің мәліметтеріне қарағанда, оның 65,6 процентін жеке кәсіпкерлердің үлесінде. Ал 18,4 пайызы – шағын бизнестегі заңды тұлғалар. Шару немесе фермерлік қожалықтардың үлесі 15,8 процентке тең.

Былтыр шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін жасалған көмектің бір парасына тоқталайық. 2018 жылы азаматтардың бизнес жүргізуіне жәрдем беру мақсатында 264 жергілікті және халықаралық кеңес беру жобалары жүзеге асырылды. Ұлттық банк пен Еуропалық қайта құру және даму банкі іскер әйелдер үшін құны 64 миллион 500 мың АҚШ долларына тең 5 несие желісін құрды. Жалпы 2005 жылдан бері бағалаудан өткен 172 жобаның 85 проценті табысты деп танылып, жеке кәсіпкерлердің қаржы айналымы ұлғайды.

2025 жылы ел экономикасындағы шок үлесі 35% жетуі тиіс

2025 жылға қарай ел экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 35% жетуі тиіс. Осы мақсатта бизнесті дамыту үшін мемлекет 600 миллиард теңге несие беру тетігін іске қосады. Оның 400 миллиарды өңдеуші өнеркәсіпке жұмсалады. Бұл күнделікті тұтынатын 250-ге жуық тауардың импортын азайтып, отандық өндірісті арттырады. Яғни киім-кешек, аяқ киім, есік-терезе, жиһаз құрастыру сынды кәсіпорындарды ашамын деушілерге басымдық беріледі. Айта кету керек, дамыған елдерде шағын бизнестің үлесі ішкі жалпы өнімнің 50-60% құрайды. Мәселен АҚШ-та 7 миллионнан астам шағын бизнес субъектісі жұмыс істейді. Жеке сектордағы халықтың тең жартысы шағын кәсіпкерлік саласында жұмыс істейді.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 12 мың пәтер салынады

Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша елімізде 12 мың пәтер салынады. Жаңа үйлерге «7-20-25» жобасына қатысушылар басты үміткер саналады. Несиеге берілетін пәтерлердің 1604-і Қостанай облысында бой көтереді. Ал Атырау облысында 1136, Батыс Қазақстанда 1108 пәтер пайдалануға берілмек. Сондай-ақ тұрғын үйді көптеп салуда Шымкент пен Астана қалалары да қалыс қалмайды. Ал Ақмола, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында бүл үрдіс айтарлықтай жандана қоймаған.

Алматыда «Бақытты отбасы» бағдарламасына 1,3 млрд теңге бөлінді

Ал Алматы қаласының мәслихаты "Бақытты отбасы" әлеуметтік бағдарламасын жүзеге асыруға1,3 миллиард теңге бөлу туралы бастаманы мақұлдады. Себебі шаһарда үй кезегінде тұрған 1276 көпбалалы және толық емес отбасы бар. Басым бөлігі пәтер алуға қажетті алдын ала төлемді бере алмайды. Сондықтан оларға 1 миллион теңге көлемінде тұрғын үй сертификаттары берледі. Ал алдын-ала төлем 10 пайызға азайды.

Банк салымшыларының жинағы – 17 трлн теңге

Қаңтар айында Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердегі депозит көлемі 0,5 процентке өсті. Осылайша жыл басынан бері салымшылардың жинақ ақшасы 87 миллиард теңгеге көбейіп, 17 триллион теңгеге жетті. Ал үстемеге тоқталар болсақ, бір жылда 2,2 процентке көбейіп, 362 миллиард теңгеден асып жығылды. Дегенмен соңғы айда заңды тұлғалардың салымы 228 миллиард теңгеге қысқарды. Бүгінде оның үлесі – 7,1 триллион теңге.

Енді отандық қор нарығындағы валюта бағамына тоқталайық. Ұлттық банк бүгін ресми түрде АҚШ-тың 1 долларын 376 теңге 17 тиын деп бағалады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 376-377 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы