377,65 427.65 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 19,1 млрд долларға жетті

  • 546
  • UPD: 10:36, 27.02.2019

2019 жылы Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 4,8 процент болды.

Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті хабарлайды. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде жұмыссыздар саны азайған. Былтыр оның деңгейі 6 проценттен 4 процентке түскен.

Былтыр желтоқсан айында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде жұмыссыздар саны 932 мың адамға жеткен.

Жұмыссыздар саны бойынша рейтингте Ресей бірінші орында. Онда 693 мың адам бос жүр. Қазақстан екінші орында. Біздегі 91500 азамат жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұр. Ал Беларусь елінде, керісінше, екі қолға бір күрек таба алмай жүргендердің саны аз. Бұл – тек Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің көрсеткіші.

Енді өзге елдердің жұмыссыздар санын сараласақ. Францияда жұмыссыздық деңгейі жоғары. Өткен жылдың желтоқсанында бұл көрсеткіш 9% болған. Одан кейінгі орында 3,5%-пен АҚШ және 3%-пен Польша мемлекеті орналасты.  

Халықтың ет тұтынуы 7% өскен

Елімізде ауыл тұрғындары қалалықтарға қарағанда етті 8% аз жейді екен. Ал жалпы қазақстандықтар етті көп тұтына бастаған. Әсіресе Қарағанды, Павлодар және Алматы облыстарының тұрғындары етті ең көп жейді. Сұранысқа сай өндіріс көлемі де ұлғайған. Қаңтар айында елімізде 22 мың тонна ет және ет өнімдері өндірілген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 16 процентке көп. Ет өндірісінің басым бөлігі Алматы облысына тиесілі. 6462 тонна. Екінші орында – Шығыс Қазақстан. Одан кейін тізімді Ақмола облысы жалғады. Ал Атырауда 7 тонна ет өндірілген.

2018 жылғы қазақстандық ет өндірушілер сұраныстың 83,2% қамтыған. Дегенмен қаңтар айында еттің бағасы қымбаттағаны байқалады. Жылқы еті бір жылда 10,1%, сиыр және шошқа етінің бағасы 7% шамасында өскен. Ал қой еті 5,8% қымбаттаған. Негізінен тауық етінің құны өскен. Ол бір жылда 11,2% көтерілген.

Мұнай өндірушілер блокчейнге көшуде

Ірі мұнай трейдерлері блокчейнге көшуде. Сарапшылардың пікірінше, жақын арада Brent маркалы мұнайға қатысты келісімдердің шамамен 70% осы инновациялық платформада жасалатын болады. Блокчейн үлкен көлемдегі жазбаларды сақтау проблемасын шешіп, транзакциялардың қауіпсіздігіне кепілдік береді. Ал мүдделі тараптар әр келісімшарттың тарихын бақылай алады.

Естеріңізге сала кетейік, блокчейн-платформаны құрастыруға жетекші мұнай өндіруші компаниялар қатысқан. Ол мұнай-газ сатылымына бағытталған. Коммерциялық жоба өткен жылдың қараша айында енгізілген. Құрастырушылардың пікірінше, инновациялық технологиялар отын өнеркәсібі үшін ұтымды.

Этьен Эмик, блокчейн-платформаның атқарушы директоры:

- Технология болашақта келісімшарттар, шот-фактуралар мен құжаттар ағынын қағаздан «цифрға» көшіріп, шикізат өнімдеріне байланысты сауда келісімдерін жаңғыртуы тиіс. Блокчейн арқылы трейдерлер шығындарын қысқартады. Сондай-ақ платформаға тұтынушылар, терминал операторлары, құбыр өндірушілер мен өзге де қызмет көрсетушілер қосыла алады.

ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 19,1 млрд долларға жетті

Былтыр Қазақстан көрші Ресеймен 17,6 млрд долларға тауар алмасқан. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда шамамен 10% артық. Егер Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 19,1 млрд долларға жеткенін ескерсек, одақ аясындағы сауда құрылымында Ресей үлесі – 91,8%. Екінші орында – Қырғыз Республикасы, оның үлесі – 4,5%, тауар айналымы 0,9 млрд долларды құрады. Үштікке Беларусь Республикасы кірді: 3,6% немесе 0,7 млрд доллар. 2018 жылы Ресейден импорт 12,4 млрд долларды, экспорт 5,2 млрд долларды құрады. Негізгі импортталатын тауарлар тізімінде – мұнай және мұнай өнімдері, қара металдардан жасалған құбырлар, сондай-ақ жеңіл автокөліктер мен өзге де моторлы көліктер. Қазақстаннан Ресейге экспортталатын тауарлардың ең көп бөлігін бейорганикалық химия өнімдері, бағалы металдар, сондай-ақ темір рудалары мен концентраттары құрайды.

Жаһандық экономиканың өсімі баяулайды

2020 жылы жаһандық экономиканың өсу қарқыны 2,6% дейін баяулайды. Британдық сарапшылар осындай болжам жасады. Еске сала кетейін, 2018 жылы өсім шамамен 3% болған. Алайда талдау нәтижелері биыл әлемдік экономикаға құлдырау қаупі төніп тұрғанын көрсетті. 2019 жылы өсу қарқыны 2,8% дейін баяулауы мүмкін. Сарапшылар мұны геосаяси шиеленістермен және дамушы нарықтағы осал тұстармен байланыстырады. Ал ең басты қауіп – АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы мен АҚШ экономикасының рецессия ұшырау ықтималдығы. Сондай-ақ әлемдік экономиканың дамуы бәсеңдейді деген көңіл көншітпейтін болжамға мұнай бағасының күрт өсуі, Корей түбегіндегі әскери-саяи жағдай және Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуы сынды факторлар әсер етеді. 

Отандық қор биржасындағы соңғы сатылым бойынша доллар құны – 378 теңге 4 тиын.

Авторы: Ғазиза Мұхамеджанова

Хабар 24 телеарнасы