389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2025 жылға дейін ауылдардың 80% орталықтандырылған су жүйесімен қамтылмақ

  • 960
  • UPD: 09:58, 04.03.2019

2025 жылға дейін еліміздегі ауылдардың 80% орталықтандырылған су жүйесімен қамтылуы керек. Қазір бұл көрсеткіш 60% асқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл да сала бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылмақ. Бұл үшін шамамен 120 млрд теңге қаражат қарастырылды.

Биыл елімізде су жүйесі мәселесін шешу бағытында 300-ден аса жоба жүзеге асырылуы тиіс.

Еліміздегі елді мекендерді сумен қамту өзекті мәселе. Елбасы салаға бөлінетін қаржыны жыл сайын 100 млрд теңгеге арттыруды тапсырған. Бүгінде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 400 жоба жүзеге асырылды. 23 мың шақырымнан аса су құбыры тартылды. Биыл тағы 317 жоба жүзеге аспақ. Оған 102 млрд теңге бөлінген. Атқарылған жұмыстар жалғасын тапса, 2025 жылға дейін елді мекендер 80%, қалалар толықтай таза сумен қамтылады. Айтпақшы, биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында су мәселесін шешуге 16,5 млрд теңге қарастырылып отыр

Ауыл тұрғындарының жартысынан көбі таза суға жарымай отырғаны белгілі. Десе де, мәселені күн тәртібінен алатын уақыт алыс емес. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында алдағы екі жылда түйткілді түбегейлі шешу жоспарланған. Бұл үшін 103 млд теңге қарастырылды. Ал Түркістан облысында 97% жеткізілмек.

Жыл басынан бері Еуразиялық экономикалық одақтың «Табиғи минералды суды қоса алғанда, қаптамадағы ауыз судың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті күшіне енді. Жаңа талап бойынша қаптамадағы судың сапасы мен қауіпсіздік деңгейін көрсету маңызды емес. Демек, кәсіпкерлердің нарықтағы бәсекесі жаңа сипатқа ие болады. Жалпы елімізде 500-ден аса кәсіпорын минералды суды өндіріп, шығарады. Дені шағын ұйымдар. Өндірілетін алкогольсіз сусындардың 93% ішкі нарықты қамтиды. Сырттан әкелінетіні де аз емес. Өткен жылы отандық кәсіпкерлер 1 млрд литрге жуық минералды су өндірген. Белсенділер көшін Алматы, Алматы облысы және Түркістан бастайды.

 

Өзбекстан шенеуніктері қандай жалақы алады?

Өзбекстан Республикасының Қаржы Министрлігі шенеуніктердің қандай жалақы алатынын жария етті. Белгілі болғандай, заң шығарушы палатаның депутаттары мен сенаторлар 1,56 млн сом, яғни 70 мың теңге көлемінде айлық алады. Ал министрлер 1,727 млн сом немесе 78 мың теңге алып отыр. Облыс басшыларының еңбекақы сәл жоғарырақ, шамамен 2 млн сом, яғни 85 мың теңге алса, қала, аудан әкімдері 1,643 млн сом не 74 мың теңге жалақы алады. Айтпақшы, елде елеулі еңбек етіп, нәтижелі жұмыс істегендерді қаржылай ынталандыру жағы да қарастырылған екен.

 

Ақпан айындағы ең төменгі күнкөріс деңгейі белгілі болды

Ал елімізде ақпан айындағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 27 мың теңгені құрады. Жыл басынан бергі көрсеткіш 2,5%-ға өскен. Ең жоғары күнкөріс деңгейі Маңғыстау облысында тіркелді. Ақшаға шаққанда 33,4 мың теңге. Ал Астанада 30,7 мың теңге көлемінде, Алматы қаласында 30,2 мың теңгені құраған. Ең төмен күнкөріс деңгейі Жамбыл облысында. Мұндағы көрсеткіш 24,4 мың теңге, Павлодар облысында 23,9 мың теңге.

Қазақстан қор биржасының таңғы сессиясында доллар бағамы 375 теңге 9 тиынды құрады.

Хабар 24 телеарнасы