378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БЖЗҚ: Шетелге көшкен 81 мың салымшының шоты жабылды

  • 394
  • UPD: 15:05, 06.03.2019

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының дерегінше, 2015-2018 жылдары шетелге көшкен 81 мың салымшының шоттары жабылған.

Олар өздерімен бірге 100 миллиард теңгеге жуық қаражатты алып кетті. Өкінішке орай, соңғы жылдары елімізден кеткен отандастарымыздың саны қоныс аударғандарға қарағанда 3 есе көп. Қолданыстағы заңнамаға сай эмигранттар жинақталған зейнетақы қаражаттарын басқа елдің азаматтығын алған жағдайда ғана шешіп ала алады. Басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаеваның айтуынша, 2018 жылы зейнетақы төлемдерін шетелге қоныс аударуына байланысты алғандардың тек 46,6%-ы елден тыс жерге шығуды ресімдеді. Айта кетейін, шетелге көшіп кеткендердің 89 мыңға жуығы Ресейде, 7,8 мыңы Германияда.

Зейнетақы жинағы бір жылда 1,6 трлн теңгеге артып, 9,4 трлн теңгеге жетті. Таза табыс 6,1 процентке тең. 1 ақпанда ғана зейнетақы активтері портфеліндегі мемлекеттік бағалы қағаздардың үлесі 44,093 %-ды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішті cақтап қалды.

Жыл басынан бері еліміздегі сақтандыру ұйымдарының жиынтық үлесі 3 процентке өсіп, 1 трлн 80 млрд теңгеге жетті.  Ұлттық банк сарапшыларының мәліметінше, бұл салада 28 компания бар. Сақтандыру резерві 5,6 процентке, яғни 548 млрд теңгеден асқан. Оның 471 млрд теңгеден астамы жеке капитал. Ал қаңтар айында өмірді сақтандыру бойынша сыйақы мөлшері  82,4 процентті көрсетті.  Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 процентке артық. Жалпы сақтандыру үшін сыйақы мөлшері 18,5 млрд теңгені құрады. Жыл басынан бергі төлемдер 6 млрд 300 млн теңге мөлшерінде.

Qazaq Air әуе компаниясы арқылы енді Ресей мен Қырғызстанға сапар шегуге болады. Алғашқы рейс 21 наурызға белгіленіп отыр. Бұл туралы азаматтық авиация комитеті хабарлады. Әуе жолаушыларына Алматы – Бішкек, Алматы – Ош, Атырау – Астрахань, Атырау – Минеральные воды бағытына, сондай-ақ Атырау – Тбилиси, Ақтау – Тбилиси, Ақтау – Грозный, Өскемен – Новосібір бағытына қатынау мүмкіндігі тумақ. Бағыттардың дені жазғы уақытқа белгіленген. Айта кетейін, Qazaq Air әуекомпаниясы әлемдік қауіпсіздік стандарттарына сай келеді. Сол үшін IOSA сертификатын алды.

Әлемде мұнай бағасы көтерілді. Лондондағы ICE Futures биржасында мамыр айында жеткізілетін Brent маркалы мұнайдың фьючерстері 0,55 долларға қымбаттап, 65,55 долларды құрады. Нью-Йорк тауар биржасында сәуір айында жеткізілетін WTI маркалы мұнай бағасы 0,79 долларға көтеріліп, бір баррелі 56,59 долларға сатылуда.

Хабар 24 телеарнасы