378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Отандық іскер әйелдердің саны 600 мыңға жуықтады

  • 529
  • UPD: 10:40, 08.03.2019

Елдегі іскерлердің тең жартысы әйелдер.

Жыл басынан жүргізілген зерттеулерге сәйкес, нәзікжандылар жетекшілік ететін кәсіпкерлік субъектілердің саны шамамен 4 процентке артып, 581 мыңнан асқан.

«Елде ісін дөңгелетіп отырған әйелдердің саны 600 мыңға жуықтады», деп жазады ранкинг.кз. Оның 485 мыңнан астамы белсенді жұмыс істейді. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда шамамен 11 проценттік өсім байқалады. Сондай-ақ нәзік жандар басқаратын жеке кәсіпкерлік үлесі де 50%-ке жуықтапты. Өңірлер арасында қыз-келіншектер бастаған бизнес субъектілері бойынша Қостанай облысы көш бастап тұр: 46,6% немесе 30 мың 400 әйел. Екінші орында Қарағанды облысы тұр. Мұнда да 46 проценттен асқан. Үштікті Шығыс Қазақстан облысы түйіндейді – 45,5% немесе 50 мың 600 әйел. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректеріне сәйкес, өткен жылдың басында әйелдер басқаратын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 648 мың болған. Бұл жалпы ШОБ субъектілерінің 42% құраған.

Солтүстік Қазақстанда шамамен 5 млн га алқапқа егін егіледі

Биыл солтүстікқазақстандық диқандар 4 млн 900 млн гектар алқапқа егін егуді жоспарлап отыр. Өткен жылы майлы дақылдардың аумағы небәрі 1 млн гектарға жеткен болатын. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы біліктілік орталығының директоры Әрсен Керімбековтің айтуынша, ауыл шаруашылығын әртараптандыру өз нәтижесін берді. Енді органикалық өсімдік шаруашылығымен айналысуға да болады. Осыған байланысты жергілікті диқандар үшін уақытша таңсық сала туралы түсіндіру жұмыстарын өткізу мақсатында облыс орталығында екі күндік семинар ұйымдастырылғанын айтты. Семинарға органика жайында түсіндіріп беретін мамандар шақырылған. «Өйткені көпшілік әлі күнге дейін органикаға не жататынын білмейді», – дейді мамандар. Артынша органикалық егіншілікке көшу талаптары туралы айтылып, диқандар көкейде жүрген сұрақтарға жауап алып, олардың басым көпшілігі химиялық жолдан бас тартуға дайын еместігі белгілі болды.

Жергілікті статистика департаментінің мәліметінше, өңір бойынша инфляция жыл басынан шамамен 1 процентті құраған. Азық-түлік тауарлары орта есеппен 2,2%, ал азық-түлік емес тауарлар 0,4%-ке қымбаттаған. Соңғы үш айдың ішінде нан және ұннан дайындалған кондитер өнімдері, күріш, алкогольді және алкогольсіз ішімдіктер, шылым, сүт өнімдері, макарон, балық пен теңіз өнімдері, жұмыртқа, көкөніс пен жемістер 0,5%-8,7% аралығында қымбаттаған. Ал картоп, құмшекер және жармаларға баға, керісінше, 0,5 пен 1,5% аралығында арзандады.

Кеше Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «қарапайым заттар экономикасын» дамыту мақсатында кәсiпкерлермен жүздестi. Жиында шаhар басшысы іскер азаматтарды жеңіл және жиһаз өнеркәсібін, құрылыс индустриясын дамыту үшін бiрлесе жұмыс icтеуге шақырды. Сонымен қатар келелі кездесуде аталған бағыт бойынша қабылданған жол карталары мен атқарылатын іс-шаралар түсіндірілді. Оның ішінде Даму қоры арқылы әлеуетті жобаларды қаржыландыру және оларды субсидиялау механизмдері туралы сөз болды:

«Елбасы өз Жолдауында «қарапайым заттар экономикасын» дамыту міндетін қойған болатын. Ол негізінен шағын және орта кәсіпорындарға тиесілі. Бүгінде Шымкентте шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 25 пайызды құрайды. Дегенмен бұл әлі де аз. Сондықтан кәсіпкерлерді осы үлесті арттыруға, дамытуға шақырамын. Оған қаламыздың адами және материалдық-ресурстары жеткілікті. Күнделікті тұтынылатын заттарды өндіру нәтижесінде біз азаматтарды жұмыспен қамтимыз және импортты азайтамыз».

Әлемде мұнай бағасы құбылып тұр

Лондон мен Нью-Йорктің шикізат биржаларында апта ортасындағы есепке сәйкес, сауда-саттық қорытындысы бойынша мұнай бағасы құбылып тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Лондондағы ICE Futures биржасында мамыр айында жеткізілетін Brent маркалы мұнайдың болжамдық құны 26 центке қымбаттап, 65 доллар 83 центті құрады. Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) сәуір айында жеткізілетін WTI маркалы мұнай бағасы 34 центке түсіп, бір баррелі 56 доллар 22 центке тең болды. 

Отандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша, АҚШ долларының бүгінгі бағамы 379 теңге 42 тиынды құрады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 380-382 теңгеге сатып алуға болады.

Авторы: Мейірлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы