378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Отандық газ экспортының көлемі артты

  • 386
  • UPD: 15:17, 11.03.2019

Қазақстанның табиғи газ қоры әлем бойынша 22-орында. Ал ТМД елдері арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейінгі 3-сатыда екені белгілі. Жер қойнауындағы қор көлемі – 1 трлн 300 млрд текше метр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қазақстанда газ экспортының көлемі артты. Өткен жылдың 10 айында сыртқа 22 млрд текше метр табиғи газ жеткізілген. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 14,5 процентке көп. Импорттаушылардың көшін Ресей мен Қытай бастап тұр. Солтүстік көршіміз 7,5 млрд текше метр газ импорттаса, Аспан асты еліне жеткізілген газ көлемі 7 есе көп. Ал Энергетика министрлігінің соңғы деректеріне сәйкес, өткен жылы Қытайға 5 млрд 800 млн текше метр газ сатылған. Әзербайжан мен Қырғызстан елдеріне де тасымалдау көлемі артып отыр. Швейцария, Украина мен Өзбекстанға, керісінше, кеміген. Жалпы, өткен жылғы қорытынды бойынша, ел бюджетіне 1 млрд 700 млн доллар көлемінде кіріс түсті.

Елдің 9 млн тұрғыны бүгінде отандық табиғи газдың шарапатын көріп отыр. Яғни бұл дегеніміз – ел тұрғындарының тең жартысы. Билік осы көрсеткішті ұлғайтуды көздейді. Мәселен, өткен жылы Ақтөбе, Қызылорда, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан мен Жамбыл облыстарының аудандарына газ тартылды. Қолға алынған 22 жобаның алтауы бүгінде толық аяқталды. Ауқымды шара биыл да жалғасын таппақ. Осы мақсаттарға 24 млрд теңге бөлінеді. Әкімдіктер ұсынған деректер бойынша 19 жоба осы жылы аяқталуы тиіс. Осылайша тағы 60 мың адамның үйіне газ жеткізіледі.

Отандық автоөнеркәсіп 72% өсті

Қазақстанның автокөлік өндірісі қарқынды дамып келеді. Тек былтырдың өзінде жеңіл көлік құрастыру 72 процентке өскен. Нәтижесінде бұл саладан түсетін табыс 185 миллиард теңгеге жетті. Өскеменде жылына 60 мың автокөлік шығаратын зауыт салынып жатыр. Ол іске қосылғанда көрсеткіш тағы еселене түседі. Жаңа автозауыт Өскеменнің шетінде салынады. Ол үшін арнайы 500 гектар жер бөлінген. Бүгінге дейін оның әкімшілік ғимараты бой көтерді. Былтыр күзден бастап өндірістің іргетасы қаланып жатыр. Құрылысшылар дәл қазір дәнекерлеу және сырлау бөлігінің тағанын тартуға кіріскен.

Дмитрий Попов, автозауыттың техникалық директоры:

- Биыл қозғалтқыш цехын толық аяқтап, құрылғыларды қойып, монтаждау жұмыстарын бастаймыз. Қазір барлық жұмыс кесте бойынша атқарылып жатыр. Зауыт іске қосылып, барлық қондырғылар орнатылған соң, бір жылда 60 мың жеңіл автокөлік шығару жоспарланып отыр. Өндіріс толық іске қосылғанда, бір мың адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Ол үшін жас мамандар қазіргі автозауытта дайындалып жатыр. Жоғары оқу орындарындағы студенттер іс-тәжірибеден зауытта өтеді. Оларға кәсіби мамандар цифрлық жүйемен жұмыс істейтін құрал-саймандардың қыр-сырын үйретеді.

Астана – Прага тікелей әуе бағыты ашылады

Астана – Прага бағыты бойынша тікелей әуе рейсі іске қосылады, деп хабарлайды Азаматтық авиация комитеті. Алғашқы рейс 2019 жылдың 2 маусымында орындалады. Екі ел арасында ұшу уақыты – 5 сағат 30 минут. ҚР Сыртқы істер министрлігі келтірген деректерге сәйкес, жыл сайын Чехияға жүз мыңнан астам қазақстандық турист барады, чехиялық университеттерде 200 мыңнан астам қазақстандық студент оқиды. «Сонымен бірге тікелей рейстің ашылуы екі елдің іскерлік ортадағы байланысты кеңейтуіне, инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға және туристер санын көбейтуге мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.

Азаматтық авиация комитеті: «ҚР Индустриялар және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті шет мемлекеттермен әуе қатынасын кеңейту және Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру жұмыстарын белсенді жалғастырады. Осы орайда SCAT әуе компаниясы Астана – Прага бағыты бойынша тікелей әуе рейсін іске қосады. Алғашқы рейс 2019 жылдың 2 маусымында басталады және бұл рейс аптасына 2 рет (бейсенбі мен жексенбі күндері) ұшырылады».

Түркістанда шегірткеге қарсы күрес басталды

Түркістан облысында шегірткелерге қарсы күрес шаралары басталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік мемлекеттік инспекция комитетінің Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Нұржан Құттыбекұлы Кашкенов хабарлады. Аумақтық инспекция басшысының сөзінше, биыл өңірде зиянкестерге қарсы химиялық дәрілеу жұмыстары 83 мыңнан астам гектар жерге жүргізіледі деп күтіліп отыр.

Нұржан Кашкенов, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік мемлекеттік инспекция комитетінің Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы:

- Облыстық аумақтық инспекция тарапынан марокко шегірткесіне қарсы өңдеу жұмыстарының сапалы жүргізілуін бақылау, аудандар бойынша химиялық өңдеу жүргізу мақсатында 15 топ құрылып, 33 инспектор және 17 автокөлік бөлінді. Сонымен қатар 83 мыңнан астам гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін 1189,8 мың гектар алқапта анықтау-зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Оған «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Түркістан облыстық филиалынан 90 штаттағы маман мен анықтаушы және 44 қызметтік автокөлік бөлінді. Аудан әкімдіктері тарапынан қосымша 185 қызметкер жұмылдырылып, 47 жұмыс тобы құрылды. Сондай-ақ 28 су тасушы техника мен пестицидтерді ерітуге қажетті 73 су көзі дайындалады.

Отандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының бүгінгі бағамы 379 теңге 42 тиынды құрады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 380-382 теңгеге сатып алуға болады.

Авторы: Мейірлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы