378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан қалаларында күнбағыс майының құны қанша?

  • 378
  • UPD: 12:14, 13.03.2019

Ақпан айында жылыжайларда өсірілетін көкөністің бағасы 20 процентке дейін қымбаттады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен қатар базар сөрелеріндегі дәнді дақылдардың құны 3-4 процентке өсті. Саудагерлердің бағаны көтеруіне не себеп болды? Оны тұрақтандыру үшін жергілікті әкімдік қандай қадамдар жасады?

Осы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру Астана әкімдігінің кезекті отырысында кеңінен талқыланды. Сондай-ақ елордада инвестициялық құны 20 миллион АҚШ доллары тұратын көтерме тарату орталығы салынбақ. Оған қажетті қаржының барлығы жеке инвесторлардың есебінен алынады. Ол азық-түлік бағасын тұрақтандыруға қалай әсер етеді?

2019 жылдың ақпан айында қиярдың бағасы қаңтардағы құнынан 19,7 процентке қымбаттады. Мұндай мәліметті статистика комитеті жариялады

Қызанақ 19,3, қырыққабат 16 жарым, сарымсақ 4,7 пияз 3,4 процентке қымбаттады. Көкөністердің ішінен тек картоп пен түймебұршақ қана 1 процентке арзандапты. Дүкен сөрелерінде кейбір жеміс-жидектің бағасы өскенін де байқауға болады. Мәселен банан бір ай ішінде 2,7 процентке қымбаттап, келісі 494 теңгеден сатылып жатыр. Ал жоғары сұрыпты ұн 3, бірінші сұрыпты ұн 3,2 проценке қымбаттады. Өсім көрсеткен тауардың бірі – пастерленген сүт өнімі. Бір ай ішінде 4,4 процентке қымбаттап, литрі 239 теңге бағаланды.

Баға басшылықтың бақылауында болады

Елордадағы азық-түлік тауарларын тұрақтандыру қорында 1 жарым миллиард теңге қаржы бар. Ол тек қана әлеуметтік маңыздағы тауарларды сатып алуға жұмсалады. Бірақ алдағы уақытта осы қаржыны кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие ретінде беру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы қала әкімдігінің кезекті отырысында айтылды. Естеріңізде болса, биыл қаладағы жалғыз коммуналдық базар 1,3 миллиард теңгеге сатылған болатын. Осы қаржының 500 миллионы ірі және орта саудамен айналысатын гипермаркеттерді несиелеуге жұмсалмақ. Шаһарда азық-түліктің 19 түрі әлеуметтік маңыздағы тауарлардың қатарына қосылған. Олардың бағасын қалыпты ұстау үшін тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Бүгін қорда қант, күріш, қарақұмық, картоп және сәбіз сақтаулы. Егер аталған тауарлардың бағасы 15 пайыздан артыққа қымбаттаса, қордағы тауар айналымға шығарылып, бағаны тұрақтандырады. Жиында кала әкімі Бақыт Сұлтанов халық көп тұтынатын азық-түліктің бағасын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Бақыт Сұлтанов, Астана қаласының әкімі:

– Елбасының тапсырмасы бойынша бірінші қаңтардан бастап бірқатар әлеуметтік төлемнің көлемі өсті. Тарифтер төмендеді. Халықтың кірісі көбейіп келеді. Бірақ азық-түлік тауарларының бағасы реттелмесе, осы істелген жұмыстың барлығы зая кетеді. Сондықтан жергілікті органдарға бағаны қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын. Қажет болса бірлесе отырып, жүйелі шешімдер қабылдауымыз керек.

Күнбағыс майының экспорты артты

Өткен жылы Қазақстанда күнбағыс майының экспорты 35 процентке артты. Өнімнің 60 пайыздайы Қытай, Өзбекстан және Тәжікстан мемлекеттеріне сатылған. Дегенмен ішкі нарықтағы жеткізілуі 2 процентке азайды. Сондай-ақ қаңтарда тазартылмаған күнбағыс майының өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,8 процентке артты. Ал тазартылған күнбағыс майының өндірісі 29,5 процентке қысқарды. Статистика комитетінің мәліметтеріне қарағанда наурыз айында күнбағыс майы 8 процентке қымбаттап, литрі 433 теңгеден саудаланды.

Өңірлер бойынша айтсақ, ең қымбат күнбағыс майы Ақтауда тіркелді. Мұнда литрі 490 теңгеден. Қымбатшылық бойынша Астана екінші орында тұр. Елордада бір литр күнбағыс майын 476 теңгеден алуға болады. Ал ең арзан баға Қарағандыда тіркелген. Мұнда литрі 380 теңгеден сатылып жатыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда 14,5 процентке қымбаттаған.

Ақпан айында еліміздің автонарығындағы сатылым қаңтар айымен салыстырғанда 1,4 пайызға төмендеді. Оған диллерлік орталықтарда көліктің болмауы әсер еткен. Дегенмен биылғы көрсеткіш өткен жылдың ақпанымен салыстырғанда 3,3 процентке жоғары. Қазақстан автобизнес қауымастығының мәліметтеріне қарағанда ресми диллерлер қыстың соңғы айында 4 мың 256 жеңіл және коммерциялық автокөлік сатты. Сонымен қатар 124 дана жүк көлігі мен автобус, арнайы техника саудалаған. Сұраныстағы жеңіл автокөліктердің үздік бестігіне Лада, Тойота, Хюндай, Киа және Рено маркалары кірді.

Екі айда ЖІӨ 3,5% өсім көрсетті

Жылдың алғашқы екі айында еліміздегі жалпы ішкі өнімнің өсімі 3,5 процентті көрсетті. Оның жоғарылауына тауарлар өндірісі мен қызмет көрсету секторындағы өсім тікелей әсер еткен. Еліміздің Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, жыл басынан бері инфляция 0,8 пайыз деңгейінде тұр. Ал жылдық мәнде ол 4,8 процент шамасында болады деп жоспарланған. Инвестицияға келер болсақ, есептік кезеңде оның өсімі 4,2 процентке жетті. Ал мемлекеттің халықаралық резервтері 88,8 миллиард АҚШ долларына тең. Оның ішінде Алтын қоры 30,6 миллиард, Ұлттық қордың активтері 58,2 миллиард АҚШ доллары болады. 

Отандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесіне қарағанда, теңге сәл нығайды. Ұлттық банк бүгін АҚШ-тың бір долларын 377 теңге 99 тиынға бағалады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 378-380 теңге аралығында сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы