389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстаннан шет елдерге қанша қаржы аударылды

  • 815
  • UPD: 15:13, 14.03.2019

Өткен жылы елімізге Франция мен Қытайдан құны 90 миллион АҚШ доллары тұратын иіс су мен түрлі бет бояулары импортталды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бірақ бұл тауарлардың тізімінде шаш пен дене күтіміне қажетті өнімдер жоқ. Егер олар да қосылса соманың қанша боларын санай беріңіз. Тұрмысқа қажетті қарапайым тауарлар Қазақстанға қай елдерден әкелінеді.

Былтыр елімізге құны 30 миллион АҚШ долларын құрайтын екі мың тоннадан астам иіс су әкелініпті. Бұл тауарлар Франция, Қытай, және Америка елдерінен импортталған. Бәлкім, бізге иіс су шығару қиын шығар. Бірақ бүгінде Қазақстан аяқ киім мен киім-кешекті де шет елдерден тасиды. Ал оны жасауға қажетті шикізат өзімізде жетерлік. Міне, мемлекет осы бағытты дамытуға басымдық бермек.

Қарапайым заттардың импорты қысқарады

2025 жылға қарай Қазақстанға импортталатын қарапайым заттардың көлемі 59-дан 37 процентке дейін қысқарады. Осы мақсатта мемлекет отандық кәсіпорындарға 600 миллиард теңге көлемінде қолжетімді несие береді. Оның 400 милларды өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласын дамытуға бағытталмақ. Бұл қазақстандықтар күнделікті қолданатын, шамамен 250 өнеркәсіп тауарларының өндірісін іске қосуға мүмкіндік береді. 16 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Бюджетке түсетін салық түсімдері 1,1 трлн теңгеге артады. Бүгінде бағдарламаға екінші деңгейлі бес банк қатысып жатыр. Ақпан айынан бастап жалпы сомасы 35 миллиард теңгенің 30-дан астам өтінім қабылданды. Қарапайым заттар экономикасы міндеттеріне тиімді қол жеткізу және қаражатты нақты кәсіпкерлерге жеткізу мақсатында жауапты министрлік «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жұмыс жасайды. Сондай-ақ жеңіл және жиһаз өнеркәсібін, құрылыс материалдарын дамытудың Жол картасы әзірленді. Оның аясында 150-ден астам іс-шара жүзеге асырылады.

Ақмола облысынан Иранға ет экспортталды

Ақмола облысы Иран Ислам Республикасына ет экспорттай бастады. Алғашқы партиямен 60 тоннасы жөнелтілген. Қабылдаушы тарап сапасына сын тақпады. Енді сәуір айынан бастап ай сайын 200 тоннадан жіберіп отырады. Мұсылман ел болғандықтан Иран малдың бауыздалуына мән береді. Сондықтан арнайы мамандары келіп, бордақыны сою барысын бақылайды. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналым 516 миллион АҚШ долларын құрады. Оның ішінде импорт 90 миллион АҚШ долларына тең. Ираннан көбіне жеміс-жидек, жаңғақ, ыдыс жуу тауарлары әкелінген. Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран арасындағы келісімге сәйкес, бұл мемлекеттен келетін 508 тауарға БАЖ салығы жеңілдетілген. Дегенмен әзірге Қазақстанға құны 33 миллин АҚШ долларына тең 44 тауар түрі әкелінеді. Ал біздің еліміз Ислам Республикасына құны 426 миллион АҚШ долларының тауарын экспорттады. Олар арпа, бидай, болат, қой еті және тағы басқалар.

Қазақстаннан шет елдерге қанша қаржы аударылды

2019 жылдың қаңтар айында Қазақстаннан шет елдерге 37,9 миллиард теңге ақша аударылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,1 процентке жоғары. Қаржы аудару жүйесі арқылы қазақстандықтар көбінесе ақшаны Ресейге жолдаған. Бұл елге кеткен қаржы елден аударылған жалпы соманың 38,7 процентін құрайды. Бір ғана қаңтар айында елімізден Ресейге 14,7 миллиард теңге аударылған. Екінші және үшінші орын Өзбекстан мен Түркия мемлекеттерінің үлесінде. Себебі екі мемлекетке жөнелтілген қаржының көлемі шамалас. 4,8 миллард теңгеден келеді. Төртінші орында Қырғызстан – 4,4 миллиард. Бестікті Қытай қорытындылап тұр. Бұл елге Қазақстаннан 3,4 миллиард теңге аударылған.

Қазақстан мұнай өндірісін азайтады

2019 жылдың алғашқы екі айында Қазақстан 15,2 миллион тонна мұнай өндірді. Яғни жер қойнауынан тәулігіне 1 миллион 880 мың баррель қара алтын алынған. Енді наурыз айында тәуліктік өндіріс 200 мың барелльге қысқарды. Бұл туралы Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, өндірістің азаюына, Қашаған мен Қарашығанақта жоспарлы жөндеу жұмыстарының жүргізілуі себеп. Оның үстіне Қазақстан ОПЕК елдерінің келісіміне сай қара алтын өндірісін тәулігіне 1 миллион 860 мың баррельден асырмау керек. Қазір ол 20 мың баррельге артық. Сондықтан өндірістің азаюы, ұйым алдындағы міндеттерді орындауға да оң әсерін тигізбек.

Айта кетейік, қаңтар мен ақпанда өндірілген мұнай мен газ конденсатының көлемі былтырмен салыстырғанда 5 пайызға көп. Өндірісте өсім байқалғанымен, жанармай бағасы арзандаған жоқ. Керісінше, суыққа төзімді дизель сұйық отыны 26 процентке, ал жаздығы 22 процентке қымбаттады.

Отандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының бүгінгі бағамы 377 теңге 74 тиынды құрады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 378-380 теңгеге сатып алуға болады.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа

Хабар 24 телеарнасы