376.99 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандықтар компьютерлік ойындарға $207 млн жұмсады

  • 441
  • UPD: 15:24, 01.04.2019

Елімізде түрлі ауруларға қарсы екпе сатып алу үшін мемлекет қазынасынан жыл сайын 27 миллиард теңге бөлінеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Осының арқасында халықты қауіпті індеттерге қарсы вакцинациялау тегін жүргізіледі. Дегенмен жұқпалы аурулардың таралу жағдайы толық тыйылмай отыр. Мәселен, жыл басынан бері төрт мың алты жүз жетпіс адамның қызылшамен ауырғаны анықталды. Осы қызылша ауруына қарсы екпе жүргізу үшін қанша қаржы жұмсалады.

Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің мәліметтеріне қарағанда, бүгінде қызылшаға қарсы екпенің 651 мыңнан астам дозасы алынды. Егер індет түрінің таралуы азаймаса, алдағы уақытта қосымша тапсырыс беру жоспарланған.

Қызылшаға қарсы екпе алуға 788 млн теңге бөлінді

Биыл қызылшаға қарсы екпе сатып алуға мемлекет қазынасынан 788  миллион теңге жұмсалды. Вакцина қызылшамен қатар қызамық және паротит ауруларының алдын алады. Ол Үндістанда жасалған. Жауапты ведомство өкілдерінің айтуынша, препараттың сапасына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кепілдік беріп отыр. Ол әлемнің 70-тен астам елінде қолданылады. Ал Қазақстанда 10 жылдан бері пайдаланылып келеді. Қазір екпе толықтай елге әкелініп, барлық өңірлерге таратылған. Бүгіннен бастап вакцинациялау басталады. Дегенмен ауруды жұқтырғандар саны азаймаса, жаз кезінде қосымша екпе жүргізу жоспарланып отыр. Ол үшін Денсаулық сақтау министрлігі тағы 470 мыңнан астам дозаға тапсырыс беріп қойды.

Айта кету керек, мемлекет вакцинаның бір ампуласы шамамен 1200 теңгеден сатып алады. Бірақ халыққа тегін егіледі.

Үй алу біреуге арман, біреуге арзан

Open Asia порталының сарапшылары Орталық Азия елдерінің астаналарынан пәтер алу үшін тұрғындарының айлық табысы қанша болу керектігін есептеді. Мысалға, екі бөлмелі пәтер алынған. Яғни оның құны, ипотекаға рәсімдеу үшін қажетті алғашқы жарна және банк белгілеген айлық төлем. Нәтижесінде ең қымбат пәтер Нұр-Сұлтан қаласында тіркелді. Дегенмен ипотекаға рәсімдеу үшін жасалған жеңілдіктердің арқасында Қазақстанда ай сайынғы төлем төрт жүз доллар шамасында болды. Яғни айлық табысың мың долларға шамалас болуы шарт. Ал Бішкек пен Душанбеде пәтер арзан болғанымен, несие алу қымбат. Мамандардың есебінше, бұл қалаларда несиеге пәтер алсаң, айлық төлемің 500 АҚШ долларына пара пар болады. Ал ең тиімді қала – Ташкент. Өзбекстан астанасында екі бөлмелі пәтер шамамен 27 мың доллар. Алғашқы жарна – 10 процент. Айлық төлем 350 АҚШ долларынан аспайды. Яғни пәтер алу үшін ташкенттіктердің айлық табысы 700 АҚШ долларына тең болуы керек.

Қазақстандықтар компьютерлік ойындарға $207 млн жұмсады

Өткен жылы отандастарымыз компьютерлік ойындарды сатып алу үшін 200 миллион АҚШ долларынан астам қаржы жұмсады. Мұндай мәліметті Newzoo компаниясы жариялады. Осылайша виртуалды ойындарды ең көп саудалаған елдердің тізімінде Қазақстан 44-ші орынға тұрақтады. Сарапшылардың мәліметіне қарағанда, еліміздегі 18 миллион адамның 15 миллиондайы интернетке қосылған. Ал ТМД елдері бойынша көш басында Ресей тұр. Көрші елдің азаматтары виртуалды ойыншыларға бір жарым миллион АҚШ долларын жұмсаған. Ал әлемде компьютерлік ойынды ең көп саудалаған – қытайлықтар. Олар виртуалды ойындар үшін 34 миллиард АҚШ долларын жаратыпты. Екінші орында Америка Құрама Штаттары. Үштікті Жапония түйіндеді. Жапондар компьютерлік ойындарға 17 миллиард доллар жұмсаған.

Канадалықтар салықты криптовалютамен төлей алады

Канадада жылжымайтын мүлік салығын криптовалютамен төлеу тәжірибесі енгізілді. Жаңашылдықты Иннисфил қаласының басшылығы енгізген. Әзірге төлем тек биткоинмен ғана қабылданып, сол сәттегі бағамы бойынша бірден канадалық долларға ауыстырылады. Билік өкілдері алдағы уақытта төлемді криптовалютаның өзге де түрлерімен қабылдауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Жапониядағы ірі теміржол компаниясы да осы нарықты зерделеп, билеттерді криптовалютамен сату ісін қолға алмақ. Осының арқасында жолаушылар билет құнын оңай төлеуге мүмкіндік алады.

Енді валюта бағамын айта кетейін. Қазақстан қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының бүгінгі бағамы 380 теңге 4 тиынды құрады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 381-382 теңгеге сатып алуға болады.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа

Хабар 24 телеарнасы