378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оңтүстік Корея Қазақстанға инвестиция құюға қаншалықты құлықты?

  • 458
  • UPD: 11:22, 22.04.2019

Былтыр Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жетіп, 3,8 млрд долларға жуықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кетейін, бұл мемлекет кеме құрастыруда әлемде көш бастап тұр. Көлік өндірісінде 6-орынға жайғасқан.

Былтыр Оңтүстік Корея Қазақстаннан 3 млрд-қа жуық доллардың өнімін сатып алды. Корейлер тарапынан қазақстандық ферроқұйма, титан, уран, болат, темір, алтын мен мұнайға сұраныс бар. Импорт та айтарлықтай, 900 млн доллардан асты. Бізге Корея өндірісіндегі сымдар мен шоғырсымдар, металл өнімдері мен көлік жабдықтары қажет. Айта кетейін, биыл еліміз Оңтүстік Кореяға көмірсутек шикізатын үш есе көп тасымалдамақшы. Бұған америкалық санкцияға байланысты таң самалы еліне иран мұнайының аз жеткізілуі себеп. Бүгінде елімізде 421 ортақ кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Ал экономикалық байланысты нығайту мақсатында қос ел елшілігі «Самал» жобалық бағдарламасын әзірлеген.

Былтыр Кореядан 335 млн доллар тікелей инвестиция түскен. Инвестицияның азаюына Оңтүстік Кореядағы дағдарыс пен жемқорлық дәйектері себеп болған. Ал қомақты кіріс 2014 жылы тіркелді.

Өткен жылы «ҚазАгро» Холдингі Агрөнеркәсіп кешені субъектілерін қаржыландыруға 400 млрд теңге бөлді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қаржының 96 проценті несие мен лизингке бағытталған. Нәтижесінде 11 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылды, 56 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Мамандар фермерлерден холдинг ұсынатын құралдарға сұраныс артқанын айтып отыр. Бүгінде аграрлық саланы несиелендіру 34 проценттен асқан.

KEGOC: электр энергиясы қымбаттайды

2020 жылы электр қуатының тарифі қымбаттауы мүмкін. Естеріңізде болса, өткен жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев коммуналдық қызмет ақысын төмендетуді жүктеген еді. Энергетика министрлігі тарифті 7 жылға тұрақты сақтап тұруды бекіткен. Дегенмен KEGOC басшылығы мұндай шараның кері әсерін байқапты. Компанияның басқарушы директоры Айбек Ботабеков инфрақұрылым нысандарының 60 проценті шетелден алынатынын жеткізді. Салаға инвестиция аз  құйылуда. Айта кетейік, былтыр мұнда 40 млрд 42 млн теңге таза табыс түскен. Оның 87% дивидент ретінде төленеді.

Блюмберг агенттігі жүргізген зерттеу нәтижесінде өткен жылы Венесуэла, Аргентина, Оңтүстік Африка, Түркия, Грекия әлемдегі экономикалық ахуалы нашар елдер көшін бастаған. Ондыққа Украина, Испания, Уругвай, Бразилия мен Сербия да кірді.

Ал Қазақстан қор биржасындағы доллардың орташа бағамы 379 теңге 29 тиынды құрайды.

Хабар 24 телеарнасы