378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздегі орташа айлық жалақының мөлшері анықталды

  • 427
  • UPD: 10:56, 02.05.2019

Елімізде жыл басында бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 168 мың 489 теңгені құрады.

Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті ұсынған деректер осындай. Өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда биыл қаңтар мен наурыз айлары аралығында орташа айлық жалақы 10,5%-ке дейін өсті. Сонымен қатар, салалық құрылымда ең жоғары атаулы жалақы кен өндіру өнеркәсібінде - 401 мың теңге, қаржы және сақтандыру қызметінде - 323 мың теңге, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласында 296 мың теңге, ақпарат және байланыс саласында - 253 мың теңге, көлік және қоймалауда - 218 мың теңге көлемінде. Атаулы жалақының ең төменгі деңгейі ауыл шаруашылығында, орман және балық шаруашылығында тіркелді - 93 мың теңге. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен шамамен 45%-ке төмен. Аймақтық тұрғыда ең жоғары атаулы жалақы Атырау облысында тіркелді - 322 мың теңге. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен шамамен 2 есе жоғары. Түркістан аймағындағы орта жалақы мөлшері 109 мың теңгені құрап, елдегі орташа көрсеткіштен 35,3%-ке төмен болды.

Татарстанда қазақстандық өнім саудаланады. Қазан қаласында «Ресей - Ислам әлемі: KazanSummit-2019» Тоғызыншы Халықаралық экономикалық саммиті аясында отандық кәсіпкерлердің сауда-экономикалық миссиясы өтті. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП баспасөз қызметі хабарлайды. Миссия шеңберінде қазақстандық компаниялар ресейлік серіктестерімен кездесіп, тауар айналымы бойынша келісімдерге қол қойды. Сауда-экономикалық миссияға қатысушылардың арасында жүгері таяқшалары мен жарма өнімдерін шығарушы қарағандылық компания да бар. Оның өнімдері Қазақстанның барлық қалаларында сатылымда. Енді қарағандылық кәсіпкерлер Ресей нарығына шығуды көздеп отыр. Олардың айтуынша, Қазан қаласы көрші ел нарығында бизнес бастау үшін қолайлы қала, Ресейдің бірнеше басты магистралі торабында орналасқан. Осы жерден Мәскеуге, елдің батысына және басқа да маңызды бағыттарға шығуға болады, дейді серіктестік өкілі - Рустам НафИков. Қазанда өткен келіссөздер соңында 4 ресейлік дистрибьютерлік компания қазақстандық әріптестерімен келісімшарт жасауға әзірлігін білдірді. Осы келісімдерден кейін қарағандылық өнім Қазанның сауда нүктелерінде сатылымға қойылады. 

Қызылорда облысы еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің үздік бестігіне кірді деп хабарлайды, өңір әкімдігінің баспасөз қызметі. Сыр өңірінде мұндай оң өзгеріс соңғы алты жылда мұнай мен газ көлемінің төмендеуіне қарамастан өз нәтижесін беріп отыр. Аймақта өңдеу өнеркәсібінің даму қарқыны, экономикаға инвестиция тарту, құрылыс жұмыстарының көлемі және тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша аймақтың өсу көрсеткіші еліміздегі орташа көрсеткіштен жоғары болып тұр. Еліміздің ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қызылорда облысы - өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны, экономикаға инвестиция тарту, құрылыс жұмыстары мен тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша көшбасшылар қатарында. Өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі 4 млрд 100 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 есе өсті.

Лондон мен Нью-Йорктің шикізат биржаларында кешегі сауда-саттық қорытындысы бойынша мұнай бағасы түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Лондондағы ICE Futures биржасында шілде айында жеткізілетін Brent маркалы мұнайдың болжамдық құны 73 центке төмендеп, 72 доллар 5 центті құрады. Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) маусым айында жеткізілетін WTI маркалы мұнай 31 центке арзандап, бір баррелі 63 доллар 6 цент болды.

Хабар 24 телеарнасы