379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АЭФ-ті ұйымдастыруға кеткен қаржы өзін ақтайды

  • 324
  • UPD: 15:34, 10.05.2019

Қазақстан шетелдік туристер үшін саяхаттауға қолайлы танымал орынға айнала бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, өткен жылы елімізге 8 жарым миллион шет ел азаматы келген. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 10 процентке жоғары. Сондай-ақ ел ішін аралаудағы белсенділік өз отандастарымыздың арасында да артты. Туризмді дамыту үшін Қазақстанда қандай шаралар атқарылып жатыр?

Еліміздің туризм саласы негізгі үш бағыт бойынша дамып келеді. Шетелдіктермен қатар қазақстандықтардың өзі ел ішін аралап, тұмса табиғатта тынығуды үрдіске айналдыра бастады. Сұраныс артқан сайын қызмет көрсету сапасы да жоғарылап жатыр.

Қонақ үй құрылысы қарқын алды

Өткен жылы 5 миллион отандасымыз Қазақстан аумағындағы демалыс орындарында тынықты. Саяхаттап шыққандар санының артуына байланысты қонақ үй құрылысы күрт көбейген. 2018 жылдың соңғы үш тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстандағы қонақүйлер саны 3 жарым мыңға жетті. Яғни 11,6 проценттік өсім бар. Демалыс орындарының да саны артты. Бір жыл ішінде көрсеткіштер 12 пункт бойынша жоғарылады. Ал қонақ үйге бір күн түнеу 10 мың теңгеден сәл асады. Ең қымбат қонақжайлар Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген. Үштікті Орал түйіндеді. Шипажайда бір тәулік тынығудың бағасы да 10 мың теңге шамасында.

Орталық Азия экономикасы қалай құбылады?

Биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнім көлемі 3,5 процентке, ал келер жылы 4,1 процентке өсуі мүмкін. Мұндай болжамды Еуропалық қайта құру және даму банкі жариялады. Қаржы ұйымының мәліметтеріне қарағанда, 2018 жылы Қазақстан экономикасы 4,1 процентке өсті. Оған экспорт көлемінің артуы мен ішкі сұраныстың өсімі әсер еткен. Сондай-ақ 2019 жылдың қаңтарынан бері халық табысы біршама өсті. Бұл тұтынушылардың белсенділігін арттырған. Дегенмен мұнай өндірісінің баяу өсуіне байланысты жалпы ішкі өнімнің де өсімі тежеледі. Ал Орталық Азия экономикасы биыл 4,4 процентке, келер жылы 4,2 процентке өседі деген болжам бар. Мемлекеттер бойынша айтар болсақ. Алдағы екі жылда Қырғызстанның экономикасы – 3,6 процентке, Моңғолия – 6,2, Тәжікстан – 5, Түрікменстан – 6,3 және Өзбекстан 5 процентке өсуі мүмкін.

АЭФ-ті ұйымдастыруға кеткен қаржы өзін ақтайды

Астана экономикалық форумын ұйымдастыруға жұмсалған қаржы өзін-өзі еселеп ақтайды. Мұндай пікірді Экономикалық зерттеулер институты Талдау және әлемдік экономика орталығының директоры білдірді. Оның айтуынша, форум алаңында іскер топ өкілдері байланыс орнатып, берері мол келісімдерге қол жеткізеді. Сондай-ақ білікті мамандардан кеңес алып, кәсіпті жүйелі жүргізудің қыр-сырын меңгереді. Биыл экономикалық форум бюджеті 1 жарым миллиард теңгеге жуықтаған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есе аз. Мамандардың есебінше, форум тауар өндірісі мен қызмет саласына 3,3 миллиард теңге пайда әкелуі мүмкін. Сонымен қатар жалпы ішкі өнімнің өсіміне 2,1 миллард теңге қосымша қаржы түседі. «Ең бастысы, қонақтарға жұмсалған қаржының барлығы отандық кәсіпкерлерде қалады», – дейді мамандар.

Мемлекет қазынасының шығыны артты

2019 жылдың алғашқы екі айында мемлекет қазынасынан 2 триллион теңге қаржы жұмсалды. Осылайша жылдық шығын 19,3 процентке өсті. Мәліметтерге қарағанда, мемлекет қаржысының басым бөлігі әлеуметтік көмек, білім беру, денсаулық сақтау, қорғаныс және басқа да салаларға жұмсалған. Жекелеп айтар болсақ, қаңтар мен ақпанда әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға 522,7 миллиард теңге жұмсалды. Ал білім беру саласын жетілдіруге 338,5 миллиард теңге, денсаулық сақтау саласына 276,5 миллард теңге жұмсалды. Қорғаныс саласын күшейтуге де басымдық берілген. Ол үшін 136 миллиард теңге бөлінді. Ал өткен жылы бұл сала үшін 79 миллиардтай ғана жұмсалған болатын.

Валюта бағамына тоқталсақ. Қазақстан қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша, бір АҚШ долларының құны 380 теңге 53 тиынды құрады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 381-382  теңгеге сатып алуға болады.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа

Хабар 24 телеарнасы