389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекеттік мекемелер шетелдік көліктерден бас тартты

  • 638
  • UPD: 10:59, 14.05.2019

Еліміздегі мемлекеттік мекемелер шетелдік көліктерден бас тартты. Жыл басынан бері олар тек отандық автоөндірушілерді қолдап келеді.

Мамандар мұны бұрын-соңды болмаған жағдайға балайды. Жалпы жылдың алғашқы тоқсанында елімізде 8 мыңнан аса жеңіл көлік құрастырылған. Нарықтағы отандық көліктер үлесі 55 процентке артты. Қазақстандықтар жаңа көлік алу үшін 127 млрд теңге жұмсаған. Ал әрбір бесінші жүргізуші - нәзік жандылар.  Осы ретте отандық көліктерге жарнама жасап кету артық етпес.  Нарықта LADA бренді сұранысқа  ие. Бүгінде бұл маркадан 555 көлік сатылған. Одан кейін жерлестеріміз Hyundai және KIA маркалы көліктерді сатып алады екен. Әзірге елімізде электромобильдерге сұраныс аз. Былтыр осындай 22 көлік сатылған болатын.

2020 жылдан бастап елімізде патент негізіндегі салық түрі кей кәсіпкерлер үшін қолжетімсіз болады. Бірақ тізімдегі сылақ жұмыстары, такси қызметі, аударма ісі, спорттық тәрбие және бос уақытты арнайы ұйымдастыратын мамандарды дайындау, шаштараз қызметі, т.б. айналысатындар мүмкіндікті пайдалана алады. Олар жаңа жылдан бастап, ақшалай есептерін кассалық-бақылау машинасы арқылы жасауға міндетті. Ал басқалары салық төлеудің оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы режимі немесе жалпыға бірдей салық салу тәртібі бойынша төлеуге тиіс. Өзіңізге ыңғайлы үрдісті тұрғылықты жеріңіздегі салық органына қағаз жүзінде хабарлама беру не электронды үкімет қызметі арқылы таңдай аласыз. Берілген мүмкіндікті жіберіп алған кәсіпкер автоматты түрде жалпыға ортақ салық режиміне ауыстырылатын болады.

Еліміздегі тау-кен өнеркәсібі мен мұнай-газ саласында еңбек ететіндер ең жоғарғы еңбекақы алады. Орташа айлықақы 400 мың теңгеден асады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 процентке көп. Сарапшылардың зерттеуінше, шикі мұнай және газды игерумен айналысатындар 785 мың теңге алады екен. Бұл орташа республикалық деңгейден 5 есеге көп. Жалпы сала бойынша жоғары жалақы Батыс Қазақстанда тіркелген. Мұндағы қызметкерлер айына 1 млн 200 теңге алады. Ал елордада 1 млн, Атырау облысында 900 мың теңге көлемінде. 

Қазақстандағы 278 азаматтың меншігінде 20-дан аса баспанасы бар. 5 млн-нан астам жерлесіміздің 6,5 млн-ға жуық жылжымайтын мүлкі тіркелген. Жалпы өткен жылдан бері Елордада бірінші нарықтағы тұрғын үй бағасы 5 пайызға қымбаттады. Сондай-ақ Қостанай, Шымкент, Орал қалалары да көш басында. Еліміз бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау қалаларында баспана бағасы қымбат болса, Тараз, Петропавл, Қызылордада арзандау. Екінші нарықта Нұр-Сұлтан, Талдықорған, Атырау, Ақтау қалаларында баспана бағасы сәл төмендеген.

Хабар 24 телеарнасы