378.01 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астана экономикалық форумына былтырғыға қарағанда екі есе аз қаржы жұмсалған

  • 259
  • UPD: 09:49, 15.05.2019

Қаңтар-сәуір айларында еліміздегі жалпы ішкі өнім 4 процентке өсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету саласы, құрылыс пен ауыл шаруашылығындағы ілгерілеушіліктер себеп болған.

Жалпы ішкі өнім үлесі әлі де еселенері хақ. Оған елордамызда бастау алған Астана экономикалық форумының әсері тиеді. Сарапшылар 2,1 млрд теңге түсетінін болжауда.

Биыл Астана экономикалық форумына былтырғыға қарағанда екі есе аз қаржы жұмсалған. Республикалық бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінді. Есесіне, кіріс еселенуі тиіс. Сарапшылардың пікірінше, тауар өндірісі мен қызмет көрсету саласына 3,3 млрд теңге түсім түседі. Ал жалпы ішкі өнім 2,1 млрд теңгеге артады. Осылайша, ауқымды шара өзін-өзі толық ақтайды. Мамандардың айтуынша, 2008 жылдан бері өтіп келе жатқан Астана экономикалық форумында еліміздің шет елдермен байланысы беки түскен. Алғашқы шараға 500 делегат келсе, былтыр әлемнің 111 елінен 6000 мейман бой көрсетті. 12-форумда да бірқатар сала бойынша инвестициялық келісімдер жасалады деп күтілуде.

Қазақстандықтар ішкі туризмді дамытуға ден қойып келеді. Өткен жылы олар ел ішін аралауға 256,8 млрд теңге жұмсаған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 32% көп. Саяхатшылардың айтуынша, жолға кетер ақша қалтаға едәуір салмақ салады. Жалпы шығын – 56 млрд теңге. Туристер азық-түлікке шамамен 50 млрд теңге жұмсаған. Сондай-ақ қонақүйлерден гөрі туған-туыстарының үйін паналауды қалатындар көп. Бұған қымбатшылық түрткі болса керек. Ал еліміздегі шипажайларда ем алып, демалуды құп көретіндер былтыр 14,3 млрд теңгесін аямаған. Жалпы Қазақстанда туризмді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы әзірленген, ол арқылы саланың ЖІӨ-дегі үлесі 8%-ке, инвестиция 2 трлн теңгеге ұлғаюы керек.

Британдық компаниялардың бірі жүргізген зерттеуге сай, еліміз әлем саяхатшылары арасында қызығушылыққа ие. Соңғы он жылдағы көрсеткіш осындай. Ондыққа Филиппины, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Қазақстан және Нидерланды кірген.

Қытай мен АҚШ арасындағы экономикалық қақтығыс Ресейдің де ахуалына әсер етеді. Бірақ жағдайды ушықтырудың қажеті жоқ. Бұл – мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың мәлімдемесі. Оның айтуынша, Ресей экономикасы тұрақты түрде дамып келеді. Әрі Ресей Федерациясы Қытаймен де, АҚШ-пен де экономикалық байланысты дамыта бермек

Ұлттық валюта бағамы АҚШ долларына шаққанда жыл басынан бері нығайған. Бас Банк хабарлағандай, ішкі валюта нарығындағы ахуал тұрақты. Осы уақыт аралығында мұнай бағасы бір баррель үшін $54-тен $70-ке дейін өсті. Дегенмен АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қақтығысы барлық дамушы елдердің ақшасына салмақ салып отыр. Банк таратқан хабарламада «Сәуірдің соңында жалпы халықаралық резервтер 86,4 млрд АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордың активтері жылдың басынан бері 58 млрд АҚШ долларынан 59,3 млрд АҚШ долларына дейін өсті», – делінген.

Ал Қазақстан қор биржасында доллардың орташа бағамы бойынша 1 доллар 379 теңге 70 тиынды құрайды.

Хабар 24 телеарнасы