382,75 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Туристер үшін қай елдер қауіпті?

  • 485
  • UPD: 11:53, 27.05.2019

Еліміз туристер үшін қауіпті мемлекеттер тізіміне кірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлемдегі медициналық және туристік қауіпсіздік жөніндегі ірі компания жүргізген зерттеу нәтижесі осындай. Сарапшылардың шешіміне не түрткі болды?

Зерттеу нәтижесі бойынша Қазақстан жол апаты жиі орын алатын мемлекеттер санатына енген. Тізімнен Африка, Иран, Доминикана, Таиланд және Вьетнамды да кездестіруге болады.

Шекара асып, саяхаттаймын десеңіз, арнайы интерактивті картаға зер салыңыз. Әлемдік сарапшылар денсаулық, қауіпсіздік, жолдағы ахуалды бағамдай келе, туристерге арналған нұсқаулық әзірледі. Нәтижесінде саяхатқа қолайлы мемлекет ретінде Норвегия, Финляндия, Исландия таңдалыпты. Алайда, Ливия, Ауғанстан, Сомали, Сирияға әбден ойланып барғаныңыз жөн. Бұған елдегі күрделі жағдайлар себеп. Картаға енген Африка аумағы, Венесуэла, Гаити, Ирак және Солтүстік Кореяда ауру-сырқау өршіп тұр. Жалпы қауіпсіздік мәселесі Оңтүстік Америка, Таяу Шығыс және Океанияда өзекті.

Тағы да зерттеу нәтижесіне сүйенсек, туристердің 60 проценті шығынды ақылға салады. Бірақ жартысынан көбі сапар барысында жоспардан ауытқып, көп қаржы жұмсап жатады екен. Соңғы тенденция саяхатшылардың жатар орны мен азық-түлікке аз шығындалып, ойын-сауық, көңіл көтеруге барын сала бастағанын көрсеткен.

Құс етін өндірушілерге қолдау бар ма?

Америкадан тауық тасымалдауды сиретпейінше, отандық құс етін өндіру еселенбейді. Бұл туралы біздің арнаға Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов хабарлады. Естеріңізде болса, мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин былтыр ғана елімізге 190 мың тоннадан аса құс еті жеткізілгенін айтты. Ал үш жыл бұрын 160 тоннасын импорттадық. Дегенмен құс өсірушілердің өз уәжі бар. Отандық құс фабрикаларының әлеуеті жергілікті сұранысты қанағаттандырып қоймай, шетелге де ет тасымалдауға қауқарлы. Оның үстіне соңғы 10 жылда құс етін өндіру 3 есеге артқан. Мысалы, 2009 жылы 70 мың тонна ет шығарсақ, биылғы меже – 230-250 мың тонна. Мамандар халықтың ақ етті жиі тұтына бастағанын айтады. Сұраныс 300 мың тонна шамасында. Ендігі меже – ішкі нарықты сапасыз өнімдерден тазалау.

АҚШ еті Қытайға импортталуы мүмкін

Құс етін импорттау былай тұрсын, америкалық ірі ет өндіруші Қазақстан арқылы шетелге өнімдерін шығармақ. Арканзас штатындағы компания сиыр, шошқа, тауық еті мен жартылай пісірілген өнімдерді шығарумен танымал. Енді олар елімізге миллиардтаған қаржы құйып, өнімдерін Қытай нарығына шығаруды көздейді. Еске салайын, былтыр жазда аспан асты елі америкалық сиыр етін тасымалдауға 25 проценттік тариф енгізген. Бүгінде америкалық компанияның бір желісі Ресейде шоғырланған. Алайда оның қуаты айтарлықтай емес.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, бизнесті тексерулердің едәуір азаюы бір мезетте 600 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік берді. Осыдан 6 жыл бұрын тексерулер саны 183 000-ды құраса, қазір 81 000-ға азайған. Ал рұқсатнамалар 72%-ға төмендеді. Кәсіпкерлерге қойылатын талаптар қазір 13 мың, бұған дейін 30 мыңнан асқан. Нәтижесінде бизнес жыл сайын 5,5 млрд теңге үнемдей алады.

Түркияға лимоннан 266 миллион 959 мың доллар кіріс түсті. Елдегі цитрус экспорты былтырғымен салыстырғанда 15 процентке көбейіп, 563 мың 703 тоннаға жеткен. Өнімдер әсіресе, Ресей мен Иракта сұранысқа ие. Мұнда 142-143 мың тонна өнім экспортталды. Украина, Сауд Арабиясы мен Румынияға да көп тасымалданған. Лимон Кеңесі басқару алқасының төрағасы Кемал Качмаздың айтуынша, ендігі меже – Қытай халық республикасы.

Ал Қазақстан қор биржасында доллардың орташа бағамы бойынша 1 доллар 379 теңге 36 тиынды құрайды.

Хабар 24 телеарнасы